Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері «ҚазТрансОйл» АҚ-ның кәсіпорындарында ақылы өндірістік тәжірибеден өтеді  

С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті ректорының м.а. Мейрам Бегентаев пен «ҚазТрансОйл» АҚ бас директорының орынбасары Орал Ыдырысов өзара түсіністік пен серіктестік жөніндегі меморандумға қол қойды. Атап өту керек, еліміздің Білім және ғылым министрлігі мен «ҚазТрансОйл» АҚ-ы мұнай саласы үшін инженерлік-техникалық кадрларды даярлау жөніндегі ортақ жоба әзірлеген еді.

— Ақылы кәсіби тәжірибеден өту аса маңызды, себебі, бұл жұмысшы кадрлардың арасындағы ұрпақтар сабақтастығын сақтауға көмектеседі, — деді Орал Ыдырысов. — Өндіріс ошақтарының ұжымдарын жас студенттермен толықтыру керек. Жас мамандардың әлеуетін дұрыс қолдану екі жаққа бірдей тиімді. Тәжірибеден өтетін студенттерді ашық әрі жариялы түрде іріктейміз. Бұл тұрғыда меритократия қағидаты жұмыс істеу керек. Бүгінде еліміздің он екі аймағында кәсіпорындарымыз бар. Акционерлік қоғам өңірлердегі 11 жоғарғы оқу орны мен 10 аймақтық колледжбен мамандарды даярлау және тәжірибеден өткізу бойынша келісім жсадық.

Меморандумның шеңберінде «Мұнайгаз ісі» мамандығы бойынша білім алып жатқан университет пен колледждің 400-ден астам студенті мұнай тасымалы кәсіпорындарында ақылы өндірістік тәжірибеден өте алады. Олар үшін 70 мың теңгеден 80 мың теңгеге дейінгі көлемде ақы қарастырылған.

Болашақ мамандар өндірістік құрылымдардың базаларында мұнай құбыры көлігінің қызметі, саланың ерекшеліктерімен жақыннан таныса алады. Сонымен қатар, мұнай айдау станцияларының операторлары, мұнайхимия сараптамасының зертханашылары, электромонтер, құбыр таратушы, телекоммуникациялар және автоматты басқару жүйелерінің мамандары, мұнай құбырларына техникалық қызмет көрсету және қолданысқа енгізу жөніндегі мамандардың жұмысын меңгере алады.

Айта кету керек, тәжірибе қорытындысында жақсы нәтиже көрсеткен жастар компаниялардағы бос орындарға орналаса алады. Бәсекеге қабілетті инженерлік-техникалық кадрларды даярлау бағдарламасы бес жылға жоспарланып отыр.

 

Әлихан Рахметоллаұлы