Жүректердің ғұмырын жалғаған
Адам баласы үшін ардақты жандардың бірі — ақ халатты дәрігерлер. Әсіресе Алла берген ғұмырыңа ғұмыр сыйлайтын нағыз мамандардың қызметін қалай дәріптесек те, артық емес. Көпшіліктің алғысын арқалап келе жатқан Дмитрий Лобковты Тобыл өңірі білікті дәрігер ғана емес, кең жүректі азамат ретінде жақсы біледі. Табиғатында өзінің мамандығына ерекше берілген ол бір салада он жеті жылға жуық еңбек етіп келеді.
Қарағанды мемлекеттік медициналық академиясын 1998 жылы үздік аяқтаған ол, туған өлкесі Қостанай қаласында еңбек жолын бастады. Қалалық емханада, одан кейін қалалық ауруханада терапевт маманы болып жұмыс істеп келді.
2004 жылдан бастап Қостанай қалалық ауруханасының кардиология бөліміне жетекшілік етіп келген Дмитрий Лобков, 2008 жылдан бері облыстық аурухананың кардиохирургия бөлімін басқарады. Қазір өңіріміздің бас кардиологы әрі кардиологтар қоғамының төрағасы. Бас кардиолог әлемнің үздік клиникаларымен үнемі тәжірибе алмасып, қысқа мерзімді оқуға барып-келіп тұрады. Қазіргі жетістігіне өздігінен ізденгендігі де үлкен әсер етуде. Оған талай мысалдар келтіруге болады. Аймағымызда алғаш Д.Лобковтың жетекшілігімен күретамырдың жіңішкеруіне коронарографиялық әдіс қолданылып, заманауи электр-кардиостимулятор, имплантациялау жүргізілді. Және Қостанай облысында бұрын-соңды болмаған тағы бір ота — қолқаны тұйықтау да Лобков келгелі алғаш жасалды. Міне, осындай оталардың арқасында жүрек-қан тамырларынан зардап тартатындар саны мен одан келетін өлім-жітім де азайып отыр.
2007 жылы облыстық ауруханадағы кардиохирургия бөлімінің ота жасау, зертханалық, талдау жүргізу қондырғылары мен құрал-жабдықтары жаңартылды. Соның арқасында мамандар жүрек-қан тамырлары науқастарына шалдыққандарды емдеуге үлкен мүмкіндік алып отыр. Қазір диагностикалық және емдеу шараларын жүргізуге жағдай жеткілікті. Дегенмен бүгінгі күні жас демей, кәрі демей, жүрек-қан тамырлары сырқаттарына шалдығып жатқаны жасырын емес. Дмитрий Лобков тәжірибелі маман ретінде бұған қатысты төмендегі ақыл-кеңесін береді:
— Үнемі майлы ас ішіп, қозғалыссыз бір орында отыру, темекі шегу, алкоголь тұтыну, басқа да денсаулыққа зиянды әрекеттер жүрек-қан тамырлары ауруларына әкеп соғары сөзсіз. Сол себепті, адамдар жас күнінен бастап ас мәзіріне, уақтылы ұйқыға, ширақ қимылға, спортқа ден қойғаны абзал. «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген тәмсіл бекер айтылмаса керек.
Бас кардиолог өңірдің аудандары мен қалаларына жиі шығып, тұрғындарға қатерлі дертке шалдықпай, оның алдын алу туралы дәрістер оқып, дәрігерлерге бар білгенін үйретумен келеді. Ал өңірдегі кардиологтар қоғамының президенті ретінде барлық мамандардың басын қосып, жүрек ауруларын емдеудің заманауи тәсілдерін жиі талқылауды дәстүрге айналдырған. Аймағымызда Дмитрий Лобков мыңнан астам адамның жүрегіне ота жасап, оларды өлім аузынан аман алып қалған білікті маман. Соған қарамастан, ол үнемі қайырымдылық пен жақсылық жасауды ұмытқан емес. Ересектер мен балалар арасында ұдайы акциялар ұйымдастырып, сыйлықтар үлестірумен келеді. Әр жанның өмірге деген құштарлығын арттырып, өз ортасында зор беделге ие болған жан. Ол өзінен кейін талай шәкірт тәрбиелеп келеді. Кейіпкеріміздің өзі қазақ тілін жетік білмесе де, барынша үйренуге талпынып жүр. Орыс тіліндегі сөздерді шамасы келгенше, сөздіктерден қарап отырып, қазақ тіліне тәржімалаймын дейді. Дмитрий Лобковтың ең басты ұстанымы — кәсібіне адал болып, Отанына мінсіз қызмет ету. Осындай қызметі үшін «Денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгісіне ие болды.
Қыдырбек Қиысханұлы