Білім бәсекесінде 1-ші!
Биыл Айша бибі атындағы мектеп-интернаттың түлектері 8 «Алтын белгімен» облыста көш бастады. Білім бәсекесінде бүгінде өзіндік орны бар оқу орындары аз емес. Десе де, әрбір білім ошағының алған бағыты мен оқыту жүйесі бір бөлек. Міне, сондай оқу орнының бірі — Жамбыл облысы Тараз қаласындағы Айша бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған қазақ-түрік мектеп-интернаты.
Кірпіші сонау 1994 жылы қаланған мектеп-интернат биыл тіпті ҰБТ қорытындысы бойынша облыста көш бастады. Жалпы қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілінде білім беретін оқу орны ең алғашқы жылы 50 оқушыны қабылдаған болса, қазірге дейін бұл білім ордасын 688 түлек тамамдап отыр. Ал биылғы тестілеуде оқушылары 8 «Алтын белгі» жеңіп алып, облыс бойынша бірінші орынға шықты. Сондай-ақ, 9 мектеп түлегі «Үздік куәлік» иегері атанып, білімгерлердің ҰБТ-дағы орташа ұпайы 108 балды құраған. Мектеп-интернаттың директоры Мереке Божкеновтың айтуынша, бұл оқу орнының екінші мәрте жетіп отырған биігі екен. — 2013-2014 оқу жылында да мектебіміздің жастары ҰБТ-да өзгелерден оқ бойы оза шауып, облыс бойынша бірінші орыннан көрінген болатын. Және еліміздегі «100 үздік мектеп» қатарына енген. Міне, биыл осы жетістігімізді қайталап отырмыз. Ал алдыңғы жылғы көрсеткіштерге тоқталсақ, білім ордасынан жалпы 65 «Алтын белгі» иегері шығып,113 түлек «Үздік аттестатқа» қол жеткізді. Сондайақ, облыстық пән олимпиадаларында 271 білімгер жеңімпаз атанса, ғылыми жоба жарыстарында — 95, халықаралық олимпиадада —12 және республикалық пән олимпиадасында 20 оқушы үздік атанды. Осылайша соңғы үш жылдың ішінде білім сапасын 79,1 пайызға көтеріп отырмыз.
Тағы бір ерекше айта кетерлігі, қазір «Болашақ» бағдарламасы бойынша мектепинтернатымыздың 20 түлегі Қытай, Түркия, АҚШ, Англия, Шотландия, Ирландия, Германия, Корея, Чехия, Ұлыбритания, Сингапур, Канада, Ресей мемлекеттерінде білімдерін жетілдіруде. Сонымен қатар, 13 мектеп бітірушіміз «Назарбаев университетінде» білім алып жатса, «Жарқын болашақ» республикалық қазақ тілі олимпиадасында интернат «Ең үздік мектеп» және «Ең үздік облыс» номинациясын жеңіп алды. Сондай-ақ, 2013 жылы «Үздік олимпиада мектебі» аталымына қол жеткіздік. Бұның барлығы мектеп ұстаздары мен оқу базамыздың мықтылығының арқасы, — дейді Мереке Шерниязұлы. Бұдан бөлек, мектеп-интернаттың оқушылары халықаралық ғылыми жарыстардан да шет қалмай келеді. Мәселен, «КАTEV» Халықаралық қоғамдық қорының ұйымдастыруымен қазақ-түрік мектептері арасындағы «Жас жасампаздар жоба жарысында» мектеп білімгерлері үздіктер қатарынан көрінсе, Индияның Дели қаласында Халықаралық математика мен физикадан өткен «AMITY» олимпиадасында мектеп оқушылары қола жүлдегер, ал Байқоңыр қаласында өткен «Ғылым әлемін ашамыз» атты Халықаралық ғылыми жоба байқауында күміс жүлдегер атанған.
Сондай-ақ, өткен жылдан бастап интернат білім беру жүйесіне «Робототехника» курсын енгізуде. Бұл пән бойынша қазір «CISCO» академиясынан білімін шыңдаған информатика пәнінің мұғалімі Асет Дюсенбаев дәріс оқып, ғаламтор әлемімен байланысты тың дүниелерді үйретуде. Ал бұл бағдарлама бойынша білім алған түлектерге арнайы сертификат тапсырылатын болады.
Міне, осындай бастамаларының арқасында қазір білім ордасы Англиядағы Оксфорд, Кембридж университетімен, Оңтүстік Кореядағы UNIST және КAIST университетімен, АҚШ-тағы Солтүстік Америка университетімен, Түркиядағы Фатих университетімен, СISCO академиясымен және Аpple компаниясымен байланыс орнатқан. Мектеп-интернаттың тағы бір инновациялық жұмысы — «Жас жасампаздар» жобасы. Бұл жоба арқылы білімгерлердің функционалдық қабілетін дамыту мақсатында АҚШ, Финляндия, Жа
пония мемлекеттерінің білім саласындағы моделі қолданылуда. Яғни оқушылар өз білімі мен біліктілігін «Болашақтың энергиясы», «Робототехника», «Тұрақты энергия көздерін дайындау инженериясы» және «Әлеуметтік ғылымдар» сынды бағыттар бойынша дәлелдеуі қажет. Бүгінге дейін интернаттың бір жобасы жеңіске жетіп, арнайы сыйақыға ие болса, биыл да мектептің 7-10 сынып оқушылары «Робототехника» саласымен байланысты Lego Mirdstorm EV 3 және Mini Sumo Robot бойынша жұмыстарын ұсынуда. Міне, осындай тың бастамалар мен жаңа жобаларды жандандырып отырған мектепинтернатының жеткен жетістігі жетерлік.
Сондай-ақ, мектеп оқушыларын жатын орын мен тегін тамақпен қамтамасыз етіп отырған білім ордасында білімгерлердің бос уақытын тиімді пайдалану жағы да назардан тыс қалмаған. Мәселен, қазір мұнда дебат, қолөнер, домбыра, ақпараттық байланыс, волейбол және жас тілші сынды үйірмелер жұмыс жасауда. Бұл бағытта да білім ошағының жастары талай аламанға қатысып, топ жарып келеді. Осылайша бүгінгі білім бәсекесінде өз орнын нық айқындаған оқу орны келешекте де талай биікті бағындыруға ниетті. Біз де өз тарапымыздан аталмыш білім ордасының болашағы баянды болсын деп тілейміз!
Саятхан Сатылғанов,
Жамбыл облысы