Алматы қаласы Білім басқармасының бас маманы Қарлығаш Әбдіманапова: 12 жылдық мектеп үздіксіз білім алуға жетелейді

76-қадам. ЭЫДҰ елдері стандарттарының негізінде адам капиталының сапасын көтеру, 12 ЖЫЛДЫҚ БІЛІМ БЕРУДІ  кезең-кезеңімен ЕНГІЗУ, функциялық сауаттылықты дамыту үшін мектептегі оқыту стандарттарын жаңарту. Жоғары сыныптарда жанбасылық қаржыландыруды енгізу, табысты мектептерді ынталандыру жүйесін құру.

Ұлт жоспары — Н.Назарбаевтың бес институционалдық

реформасын жүзеге асырудың 100 қадамы

— Отандық білім жүйесінде бүгінгі күні үлкен реформа жүргізіліп жатыр. Соның бірі — 12 жылдық білім беру. Мұндай тың бастамаға бет бұруымыздың басты себебін нақтылап айтып берсеңіз…

— Қазір көпшіліктің көкейінде «12 жылдық білімге көшуге не түрткі болды екен?» деген сауал жатыр. Бұл жайындағы ақпараттан әсіресе қарапайым халық шала таныс. Сондықтан қысқа әрі нұсқа баяндап өтейін. 

Ең негізгісін айтсам, Елбасы Н.Назарбаев көшбасшы елдер қатарына қосылуға үлкен міндеттер жүктеп отыр. Бұл жерде мен Қазақстанның Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше болуға күш салып жатқанымызды айтып отырмын. Міне сол, ЭЫДҰ сарапшылары біздің қолданыстағы білім жүйесінің «оқушыларға функционалдық және математикалық сауаттылықтың қажетті деңгейіне жетуге мүмкіндік бермейтіндігін» нақты дәлелдермен тізіп шыққан болатын, оқушының тапсырманы жетік түсінбей, жаттап алуға қалыптастырып жіберген және қазақстандық оқушылар математика, жаратылыстану пәндерінен көп артта қалып қойған. Міне, осындай кемшілікті жою үшін бізге «Болон» процесін қабылдауға тура келді. Ал «Болон» процесіне мүше болуды біз алдымен 12 жылдық біліммен бастауға тиіспіз. Талап сондай.

оқушы

 «Болон» процесі дегеніміз не? Еуропа елдерімен жоғары білім берудің біртұтас Еуропа кеңістігін (ЕПВО) құру процесі «болондық» деп аталады. Оның бастауы 1999 жылы Италияның Болонья қаласында Болон декларациясына қол қойылуымен ашылды, онда Еуропа елдерінің жоғары білім жүйелерін дамытудың негізгі бағыт-бағдары түзілді. «Болон» декларациясының негізгі мақсаты — Еуропадағы жоғары білім беру үлгісін әлемге стандарттау. «Болон» үдерісі өзіне мүше елдердегі ЖОО-лардың Ұлы Хартияға қол қоюымен жүзеге аспақ. Қазіргі уақытта «Болон» үдерісі 47 елді біріктіреді. «Болон» процесі — еуропалық үлгі,  яғни еуропалық білім кеңістігін қалыптастыруға бағытталған жаһандану үрдіс.

«Болон» процесін қабылдау кезінде қоғамды өткір пікірталас туған-ды. Дегенмен де қолдаушылар саны басым болды.  Кейбір мамандар «біз бұл процеске ұлттық құндылықтарымызды сақтай отырып енген жөн. Этникалық ерекшеліктерімізге еш нұқсан келмеуі тиіс» деген еді. Әлбетте солай. Бұл Хартияға қол қойған елдерге тек Еуропаның ғана емес, әр елдің өзінің ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып, оны дамытуда ортақ міндеттеме жүктелген.  Жоғары білімнің қоғамдағы орны айрықша. Соңғы кездері әлемдегі елдердің білім жүйелері әр тарапқа бағыт алып кетті.  Ал мына жаһанданған заманда алыс-беріс, халықаралық ынтымақтастық артты. Қазақстанда түбегейлі өзгерістер орын алды, ол әлі де жалғасуда, тоқтап қалмайды да. Әлеуметтік-экономикалық саланың дамуы нарық заңдарына тәуелденіп, жаңа өндірістік қатынастардың куәсі болып отырмыз. Міне, осындай жағдайда әлемде ортақ білім жүйесі болмаса, қиын. Ұтарымыз — кеңестік дәуірдің білім жүйесінің мақсаты жуас орта тәрбиелеуге негізделсе, енді керісінше болмақ, яғни әрбір оқушының жетекші болуына ықпал етеді, екіншіден, теорияға емес, тәжірибеге басымдық беріліп, оқушыларымызға білім мен ілімнің тың жаңалықтарымен танысып отыруына қолайлы жағдай жасалмақ, үшіншіден, патриотизммен азаматтыққа баулиды және үздіксіз білім алуға қызығушылықты арттыра түседі.

*************

Дерек пен дәйек: ЭЫДҰ-ға мүше елдердің 24-і — 12 жылдық, 8-і — 13 жылдық, ал екеуі тіпті 14 жылдық білім беру бағдарламасын қабылдаған.

************

— Реформаның тағы бір маңызды тұсы — мектептеріміз саты-сатымен бес күндік білім беруге көше бастайды. Одан не ұтамыз?

— Білім және ғылым министрлігіне мектептерді бес күндікке көшірумен айналысуды мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Парламенттің VI шақырылымының бірінші сессиясының ашылуына арналған ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында тапсырған еді.

 — Барша дамыған елдердегі мектептерде бес күндік оқу аптасы енгізілген. Балаға өзін қалпына келтіруге, педагогқа демалып, алдағы сабақтарға дайындалуға мүмкіндік беріледі. Оқыту аптасы қысқарған кезде білім берудің нәтижелілігі артатынын ғалымдар ғылыми түрде дәлелдеді. Бізге де осы тәжірибені енгізу керек. Осы тұрғыдағы шараларды Білім және ғылым министрлігі бастауыш сыныптардан бастауы қажет, — деген болатын Президент. Бұл аяқ астынан, аз уақыт ішінде шешіле салған мәселе емес. Көп зерттеліп барып, жақсы-жаманы сарапқа түскен реформа. 

оқушы2Естеріңізде болса, британдық «The Times» газеті әлемдегі әр елдің білім беру жүйесіне талдау жасап, үздік «жиырманы» анықтаған болатын.  Оған енгендер — Финляндия, Оңтүстік Корея, Гонконг, Жапония, Сингапур, Ұлыбритания, Нидерланды, Жаңа Зеландия, Швейцария, Канада, Ирландия, Дания, Австралия, Польша, Германия, Бельгия, АҚШ, Венгрия, Словакия, Ресей. Арасында біз жоқпыз. Ал осы елдердің басым бөлігінің бес күндік білім беру жүйесіне көшкендеріне көп болды және өміршеңдігін дәлелдеген. Қысқасы, бес күндік білім жүйесі оқушылардың білім сапасын жақсартуға айтарлықтай әсер етеді екен. Сондықтан да, бізге мұндай жаңашылдыққа үрке қарамаған жөн сияқты. Кейбір ата-ана бұған қарсы. Әрине, оларды түсінеміз. Кез келген реформа әуелде үлкен пікірталас тудырады.

 оқушы3Менің ойымша, мұндай  жүйе оқу жүктемесін азайтып қана қоймайды, сондай-ақ, баланың еркін әрі белсенді әрекет етуіне жағдай туғызады. Бұл оқушыға да, ұстазға да тиімді. Егжей-тегжейлі түсіндіре кетейін, биылғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап, елімізде жалпы білім беретін мектептердегі 1-сыныптар 5 күндік оқу аптасынан көшетін болды. Сондай-ақ, мектеп табалдырығын алғаш аттаған балғындар 1 қыркүйектен бастап 1 маусымға дейін оқиды. Ал 2017 жылы 2, 5, 7, 9-сынып оқушылары 5 күндік оқу аптасына көшеді. 2018 жылдан бастап барлық басқа сынып оқушылары жаңа жүйемен білім алады.

 Сондай-ақ, білім беру үрдісінің сапасы мен тәртібіне кедергі келтірмеу үшін оқушылардың жазғы демалыс мерзімі шамамен 2 аптаға кейін жылжытылмақ. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев БАҚ-тарға берген мәлімдемесінде:

— Бұл бізге өте қажет, егер бес күндік оқу жүйесіне көшетін болсақ, оқушылар тағы 36 күн демалады. Осы 36 күннің орнын толтыру керек. Сол себепті бізге мектепте оқу уақытын жазда ұзартуға тура келеді, — деген болатын. Алты күн бойы оқудан бас алмайтын балаларымыз

оған қосымша мектептегі үйірмелерге қатысып, шаршап қалатын. Бастауыш сыныптың оқушыларына бір күн демалыс аз, олар сол бір жексенбіде толық тынығып үлгермей, қайтып партаға отырады.

 Жалпы, алты күндік оқу аптасына кеңестік жүйеден бастап бейімделдік қой. Өйткені сол заманда жаз мезгілінде оқушыларды жаппай егіс алқаптарындағы жұмысқа тарту белең алған еді. Мұның заң тұрғысынан дұрыс емес екендігі енді ғана айтылып жатыр ғой.

********************

Біздің қосарымыз

Заң талаптарына сәйкес, балалардың оқу аптасы 30 сағаттан аспауы тиіс екен. Егер мектептегі сабаққа оқушылардың  үй тапсырмасын орындайтынын қоссақ,  аптасына 50 сағаттан асып кетеді. Тағы бір түйінді мәселе — қыс айлары кезінде еліміздің солтүстігінде мектеп оқушылары сабаққа апталап бармай қалады. Амал жоқ, бағдарламаны қуып жету үшін тапсырма еселене түседі.  Осындай тұстарды ескерсек, бес күндік оқу аптасы дұрыс сияқты.

*******************

— Еңбек демекші,  Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаев  оқушыларды жазғы демалыста жұмысқа араластыруды ұсынды. Осы дұрыс па, бұрыс па?

— Әрине, қолдаймын. Бірақ жоғарыда айтып өттік қой, КСРО кезіндегідей «шаш ал десе, бас алмай», баланың мүмкіндігін ескеруіміз керек. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мәлімдегендей, «Жұмыспен қамту туралы» Заңға сәйкес бұдан былай, 14-16 жастан бастап оқушылар мен студенттер қоғамдық жұмыстарға араласып, пайда таппақ.  Бұл қалай жүзеге асады: жұмыс істеуге ниетті баланың ата-анасымен келісімшарт жасалады. Ал олардың жалақысы Еңбек кодексіне сәйкес  төленеді. Шынымен де,  оқушылар, соның ішінде, жоғары сынып оқушылары еңбек отрядтарында, шаруа қожалықтарында жұмыс істеп, шынықса, өздеріне жақсы. Тұрғылықты  жерлерін көгалдандыруға атсалысса, тіптен тамаша.

Жаз айларында көпшілік бала күн ұзақ компьютерде отырып, бір жағы миына ауыр жүк салса, екінші жағы сағаттап қимылсыз отырып денсаулығын құртып жатады. Осы ретте балаларды шамасына қарай жұмыспен қамтуға айрықша мән берген дұрыс сияқты. Еңбектің бала тәрбиесіне де оң әсер ететіні белгілі. Еңбек — тәрбие құралы. Адамгершілікке, мейірімділікке жетелейді. Сондай-ақ, баланың кәсібін дұрыс таңдауға септігін тигізетіні анық.

********

Әл-Фараби: «Ақылдылық пен адамгершілік үлгілі тәрбиеге байланысты, оның негізі таза еңбекте, еңбек өз кезегінде тәрбиенің негізінен туындайды».

«Ақыл мен түсінік» атты еңбегінен алынған.

********

— Оқушылар арасында, яғни қыз балалар арасында мектеп қабырғасында жүріп жүкті болып қалу фактілері жалпы еліміз бойынша көбейіп кетті. Алматы қаласында осындай келеңсіздіктерге жол бермеу мақсатында қандай шаралар жүзеге асып жатыр?

 екіқабат— Алматы қаласы Білім басқармасы білім беру мекемелерінде құқықбұзушылық, нашақорлық пен суицид және ерте жыныстық қарым-қатынас сияқты келеңсіз жағдайлардың алдын алып отыру мақсатында осы жылы қалалық Прокуратура, Ішкі істер департаменті, Денсаулық сақтау басқармасы, сондай-ақ Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы мамандары бірігіп, білім ошақтарында ұдайы өткізіліп тұратын жиналыстар кестесін бекітті. Сол шара барысында оқушыларымызға  жоғарыда келтірілген жат қылықтардың зардабы мен одан сақтанып жүрудің жолдары айтылады. 7-8 және  9-11 сыныпта оқитын қыз балалар мен мамандар арасында арнайы басқосулар өткізу жолға қойылған. «12-13 жастағы қыздардың физиологиялық ерекшеліктері», «Етеккір кезіндегі гигиена», «Қыз бала — ұлттың ұяты, халықтың шырайы» тақырыптары төңірегінде тәрбие сағаттары өткізіліп, жанжақты ақпараттар қамтылады. Аудан көлемінде өмірдің сын сәттеріне тап болған оқушылар мен олардың отбасы үшін «Шұғыл байланыс» телефондары жұмыс істейді. Барлық мектептерге байланыс телефондары орнатылып, ата-аналар мен оқушылар керек кезде тиісті мамандармен хабарласа алатындай жан-жақты жағдай жасалған. Хабар түскен сәтте жедел көмек көрсететін бірнеше тәжірибелі мамандардан құралған арнайы топ та әркез дайын отырады. 

******************

Әттеген-ай!..

Қазақстандықтардың 64 пайызы жыныстық қатынасқа алғаш рет мектеп жасында түскен. Мұндай нәтиже еліміздегі БҰҰ жүргізген зерттеу нәтижесінде анықталған. Елімізде жылына шамамен 2 мыңнан астам мектеп жасындағы қыздар жасанды түсік жасатады екен.

******************

— Балаларды жазғы демалыс лагерьлеріне орналастыру мәселесі қалай шешілуде? Алматы қаласы дайын ба?

лагерь— ҚР Премьер-министрінің ағымдағы жылдың мамыр айында жарық көрген «Жазғы демалыс кезінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру туралы» Өкімін орындау мақсатында Алматы қаласы Білім басқармасының жоспары бекітіліп, соның негізінде оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру мықтап қолға алынуда. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, тұрмысы төмен отбасынан шыққан, мүгедек және даму мүмкіндігі шектеулі балалар мен экологиялық қолайсыз аймақтардан келгендер, сонымен қатар, үздік оқитын оқушыларды жазғы демалыс орындарына орналастыру мақсатында жергілікті бюджеттен 190 млн. теңге бөлініп,  3690 баланың тегін демалуына жағдай жасалып  Маусымның 1-нен басталған бастауыш сынып балғындарына арналған   мектеп жанындағы лагерьлер барлығы  27 134 баланы қамтуға дайын. Соның ішінде 166   мектеп    жанындағы лагерьде 13615 оқушы ыстық тамақпен қамтылса, 158 мектеп жанындағы лагерьде 13 519  оқушы ыстық тамақсыз демалады. Жалпыға міндетті оқу қорынан тегін мектеп жанындағы жазғы лагерьде әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларынан 1 479 оқушы тегін демалады.

 Сонымен қатар, республикалық «Балдәурен» оқыту-сауықтыру орталығына маусым, шілде және тамыз айларында демалуға 100 оқушыға тегін жолдама берілмек. Сол сияқты, Алматы қаласының көрікті жерлерін, мәдени ошақтарын 1000-ға жуық бала тегін араласа, 620 оқушы Астана қаласына саяхаттап барады деп күтілуде. Жаз бойы  31 600-ге жуық оқушы әртүрлі үйірмелер мен спорттық секцияларға қатысса, шығармашылық, интеллектуалдық және спорттық-туристік бағыттағы қалалық сайыстар мен байқауларда  22 600 оқушы бақ сынамақ.

— Әңгімеңізге көп рақмет!

*****************

Қысқасы

Биыл 2016 жылы жазғы демалыстың әр түрімен 178571 бала қамтылмақ. Бұл — балалардың 95,01 пайызы деген сөз.

Ләззат БИЛАН