Павлодарда ТМД-дағы ең ірі ыстықтай мырышпен қаптау зауыты салынады

Бұл туралы аталмыш жобаның инвесторы — RossDorcomKz компаниясының директоры Надежда Ростоцкая «Павлодар» АЭА-да облыс әкімінің қатысуымен өткен көшпелі жиында мәлім етті. Инвестордың айтуынша, болашақ кәсіпорынның қуаттылығы жылына 60 мың тонна өнім жасап шығаруға мүмкіндік береді.

Еске сала кетйік, бұрындары компания бұл жобаны 2018 жылдың жазында аяқтап, 2019 жылы толық қуатына қосуды уәде еткен болатын. Қазіргі уақытта болашақ өндіріс орыны бос тұр. Мырышпен қаптау – бұл қара металды тоттанудан қорғау технологиясы. Бұл технология бойынша  металл бұйымдар шамамен 450 градус температурада балқытылған мырышпен қапталады. Осылайша, өнімнің қызмет ету мерзімі бірнеше онжылдықтарға  ұзарады.

Компанияның директоры ыстық мырышпен қаптау технологиясының қоршаған ортаға мүлдем зиян келтірмейтінін айтты.

— Барлық процесс автоматтандырылған, — дейді Надежда Ростоцкая. – Қызметкерлер ол жерге кіре алмайды. Сәйкесінше, атмосфераға улы заттар  шығарылмайды. Капсуланың ішінде барлық зиянды заттар бейтараптандырылып, өздігімен тазартылып, қайта өндіріске жіберіледі. Ешқандай қалдық болмайды. Қазіргі уақытта Павлодарға ең жақын орналасқан мырышпен қаптау зауыты Омбыда орналасқан.

Айта кетейік, жобаны дайындап, оны іске асырғанға дейін теңгенің долларға және еуроға шаққандағы бағамы төмендеп жатыр. Егер бастапқыда өндіріс құрылысының құны 4 миллиард теңге болса, қазір оның бағасы 8 миллиардқа дейін өскен.

 

 

Әлихан Рахметоллаұлы