Өзгенің өмірін өксітпейікші, қыздар!

Бүгінде қоғамда статистика бойынша ажырасқан отбасылардың көрсеткіші қырық бір пайызға жеткен. Масқара! Қоғамда айрандай ұйыған отбасының бұзылуына әртүрлі себептер болып жатады. Ер мен әйелдің бірін-бірі некеге дейін немесе некеден кейін де ұнатпауы, түсінбеуі, яғни сезімнің жоқтығы деп жатамыз. Дегенмен отбасындағы әлеуметтік жағдайлар, ішімдікке я есірткіге құмарлық, ер мен әйелдің арасындағы ортақ құндылық, яғни балалы болмау және көзге шөп салу, күйеуі не әйелі жұмыссыз, жұбайлардың өмірге деген көзқарастары сәйкес келмеуі сынды ірі-ірі себептерді санамалап айтуға болады. Бірақ, бүгінгі тақырыбымызға тұздық болған кейіпкерлердің отбасылық жағдайына бұл жәйттар басты себепші емес…

 

Бүгінде шаңырағы шайқалған Айбол мен Кәмилә күні кеше талайлар таңдай қаққан, қызығы да, қызғана қарайтын жарасымды жұптар еді. Екеуі бір-бірін бір күнде емес, талай уақытта таныған, өмірлік жар болуға лайық деп таңдаған, сезіммен табысқан жұптар еді. Сол сезімнің арқасында үш баланың ата-анасы атанды, мынандай алмағайып қымбатшылық заманда дүмбірлеген баспана салды. Әрине, осының барлығы ғашықтардың бір-біріне деген сезімі, сенімі, ортадағы балалардың болашағына деген алаңдаушылықтан жеткен жетістіктері еді. Бірақ бір қиыны осы үй салынғалы бұл жұптарға сыртқы факторлардың сөздері, ағайын-туыс, дос-жаранның әңгімесі әсер ете бастады. Өтірік-шыны аралас, дөп айтылған, болмаса бұрмаланған әңгімелер жас жұбайлардың арасына жік түсіріп, араңдатушылар көбейді. Алыстағы жамағаттың айтқанын құлаққа ілмей, қағыс естіп жүре беруге болады ғой. Алайда басқа емес бірге туған бауырлардың түсініспеушіліктен, бәлкім қызғаныштан туған әңгімелері Айболды алаңдатпай қоймады. Бөлек тұрса да, тұрмыс құрмаған әпкесі мен қарындасы Айбол мен Кәмиләнің арасына түсіп, от жағып, болған нәрсені де, болмағанды да бұрмаламай жеткізіп, араларын суытты. Жалпы бұл екі қыз жас жұбайлардың алғаш отау құрған кезінен-ақ, араларына астыртын түссе, кейін ашықтан-ашық ұрыстыра бастады. Әрине бір үйде тұрғасын бірде болмаса бірде кикілжің, түсініспеушілік, ұрыс-керіс жиіленді. Қыздармен арадағы көбейген кикілжіңнің салдарынан жас жұбайлар бөлек кетіп, қарызданып болса да екі бөлмелі баспана тұрғызып алды. Сөйтіп осы жаңа баспаналарында балалы болып, бастарына бас қосылды. Жалпы жағдайы асып-таспаса да, ел қатарлы күндері өте берді. Әрине несиеге алынған ақшаны қайтарғанша, көптеген қаржылық жетіспеушіліктер де болғаны жасырын емес. Оның үстіне Кәмилә да бала күтімімен үйде отырғаны бар, әрі бала санының артқаны бар, үйдегі жалғыз табыс көзі Айбол ғана болғандықтан да, көптеген қиыншылықтар болды. Күндіз-түні жұмыс істеп шаршағандықтан бұрын-соңды бір-біріне дауыс көтеріп көрмеген бұл жұптарда түсініспеушілік, ыдыс-аяқ сылдыры болғаны да жасырын емес. Алайда ұрсысу мен ренжісусіз қарым-қатынас болмайды емес пе. Әрбір адамдар ұрсысады, ренжіседі, бірақ нағыз батыл шешімді адамдар бірге қалады. Міне, Айбол мен Кәмилә да бір-бірінен ажыраспады, керісінше күн өте қарым-қатынастары нығайып, алдарынан кезіккен қандай тосқауылға да қарсы бетпе-бет жүзуді үйренді. Қарыз-құрыздан құтылып, бітпей тұрған баспаналарын аяқтады, қатарынан қалмай тіршілік жасады. Жалпы айтқанда отыз жастағы екеу орда бұзарлық әрекет істеді. Жаңа біткен үйдің ақ дастарханына ақ баталарын алу үшін ағайын-туыстың басын қосты. Бірақ бұл ақ баталы дастарханнан кейін Айболдың туыстарының арасында гу-гу әңгіме, саналы, санасыз сараптаулар болғанын айттық. Бірі — Айболдың осындай жетістікке жетуіне қайын-жұрты көмектесті, күшік күйеу десті. Бірі — қара шаңыраққа ие болмай, әйелдің соңынан кетті десті. Бұл жарқыраған жаңа үйде Айболдың рөлі ойнамайды, әйелінің және қайын жұртының рөлі басымырақ екенін айтқан.
Айболдың қарындасы Айжан еді. Осылай ақ баталы дастархан жас отбасын жайқалтпады, керісінше араға сызат түсіріп, отбасында түсініспеушіліктер өрби түсті. Ағайынның әңгімесін жеткізген, ұрыс-керіс жасаған қайын сіңліге жеңгенің өкпесі қарақазандай болып, теріс айналды. Жарының қарындасы екеніне қарамастан бас тартты, араларын алшақтатты. Осылай арадағы қатынастар бұзылып, екі жастың ара жігі ажырай бастады.
Қандай ниетпен айтылса да, мүмкін пендешілік болар, мүмкін расында да тіреп тұрған тірегі жоқ болса да жас Айболдың осындай жетістігінің сырын іздеп сөз қылған болар, айтылар нәрсе айтылды. Олай болуы заңдылықта, жалпы біз біреу құласа да, біреу құлшынса да сөз ететін халықпыз ғой. Ал араға сөз тасып, аға мен жеңгенің арасына сызат салу қай бауырдың, қай қарындастың қолынан келеді? Он екіде бір гүлі ашылмаған, әлі тұрмыс құрыпта үлгермеген оң босағада отырған қазақ қызына тән қасиет пе осы? Керісінше, айталған сөз атылған оқ екенін айтып, естісе де естімеген кейіпте жүре алмаған Айжанның көксегені не өзі? Ағасы Айболға деген қарындастық қамқорлығы ма? Әлде ағасы артынан кеткен жеңгеге деген өшпенділігі ме? Бәле іздеген адамға болмашы нәрседен сылтау табылады, отбасындағы түймедей нәрседен түйедей дүниелерді түйіндеп, үлкен дауға ұластыруға болады. Бірақ ағасының отбасы тас-талқан болып, балаларының болашағына балта шабылғаннан қарындасқа я ағайын-туысқа келер пайда не? Керісінше, ешкімге ештеңесін бөліп бермесе де, ешкімнен ештеңе алмаса да, өздерімен өздері өмір сүріп, өз тіршіліктерін жасап жатқан аға-жеңгенің жақсылығын асырып, жамандығын жасырып, ортада дәнекер болатын осы қыздар емес пе?! Бірақ өзі отбасылы болып, ана атанбаған қыздардың санасында отбасының құндылығын, бала үшін ата-ананың рөлі деген түсінік қайдан болсын?

 

Түйін:
Әрине, бұл факторлар бір қарағанда шаңырақты шайқайтындай, ауыз толтырып айтарлықтар дүние емес шығар бәлкім базбіреулер үшін. «Ит үреді, керуен көшеді» деп айтылған сөздерге мұрнының астымен қарайтындарға ондай араңдатушылықтардың әсері тимеуі де мүмкін. Бірақ біздің қоғамда Айбол сынды сөзге тез сынғыш әлсіз отағасыларға, араға сөз тасып, араңдатушы қаншама Айжандар бар? Міне, өмірде кездесетін осындай қарапайым жайттар бүтіндей бір отбасын шайқалтып жібереді
Әсіресе, мұндай жәйттар ұлдары үйленіп үйлі болып, қыздары оң босағада отырған отбасыларда көп кездеседі екен. «Қызы бар үйдің, бізі бар» демекші, өзге үйден келген қызды, яғни келінді қайын әпке, қайынсіңлі тарапынан қабылдау, тіл табысу, ортақ шешімге келу дүниелері өте қиын. Осыдан барып арадағы түсініспеушлік болып жатады.
Олар үшін ерлі-зайыптылық қарым-қатынас көшеде біреумен ұрсысып қалсаң, айтып-айтып, ұрсысып, тіпті төбелесіп, сосын бет көріспей кете беретін қатынаспен тең. Сондықтан өз өмірі мен қоса өзгенің өмірін өксітпейікші, отбасын құрмаған қыздар…

 

Кәмшат Айдарханова