ТАНЫМАЛ ЖУРНАЛИСТЕР ТҮРКІСТАННЫҢ МЕКТЕПТЕРІН АРАЛАДЫ
Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен өткізіліп жатқан «JAS TÚRKISTAN — 2019» respýblıkalyq balalar shyǵarmashylyq MARAFONY шарасына республикадағы белді басылымдар басшылары, журналистер, ақын-жазушылар, драматургтер, анимация саласының мамандары қатысуда. Таңертең балалар басылымдары мен көркем әдебиетінің, анимация саласының көрмесімен ашылған «JAS TÚRKISTAN — 2019» respýblıkalyq balalar shyǵarmashylyq MARAFONY қалалық мәдениет үйіндегі пленарлық отырыспен жалғасты.
Жас буынның тәлім-тәрбиесіне, олардың бойына ұлттық құндылықты сіңіруге бір кісідей ат салысып жүрген елге белгілі азаматтар бүгінгі шараға жоғары дайындықпен келген.
Сондай-ақ шарада «Түркістан» анимациялық фильмінің тұсаукесерін тамашалаған қонақтар күннің екінші жартысында Түркістандағы №19 және М. Әбенова атындағы орта мектептерге арнайы барып, оқушылармен еркін форматта кездесу өткізді.
Кездесуде мектеп жасындағы жас ақындар өздерінің өлеңдерін оқып, өздерін толғандырған сауалдарын жолдады. Балалармен емен-жарқын әңгімелескен танымал журналистер олардың сауалдарына тұшымды жауап беріп, ағалық ақыл-кеңестерін айтты. Оларға «барлық білімнің бастауы – кітап» екенін түсіндірген балалар мен жасөспірімдер басылымдарының «Жас өркен» ЖШС бас директоры, жазушы Жүсіпбек Қорғасбек «Жақсы нәрсені армандаңдар, қорықпаңдар, талпыныңдар. Қандай мамандық болмасын, газет оқыңдар. Газет оқыған адамның тілі бай болады» деп атап өтті.
Әлімжеттік, әлсізге күш көрсету дегеннің нашар іс екенін айтқан ақын, «Айқын» газеті Бас редактордың бірінші орынбасары Серікбол Хасан жақсы тәрбие мен ізгілік, қайырымдылық кітапта екенін түсіндірді.
Сонымен қатар, ең үздік сауал қойған жас көрерменге Ұлттық аударма бюросының аудармашысы, жазушы Есей Жеңісұлы қолтаңбасымен кітап сыйлап, ақ тілегін білдірді.
Шараға жиналған балаларға «Балдырған», «Ұлан», «Ақ желкен», «Жас ғалым», «Алтынсарин әріптері», «Қуырмаш» секілді газет-журналдардан базарлық таратылды.
Түркістан облысы өңірлік коммуникация қызметі