Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов «ERG» компаниялар тобының басшылығымен меморандумға қол қойды  

Павлодар облысы әкімдігінде аймақ басшысы Болат Бақауов «ERG» компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкеевичпен кездесті. Қос тарап мемлекеттік-жеке меншік серіктестік мәселелерін талқылады.

Облыс әкімі атап өткендей, «ERG» компаниялар тобы құрамына кіретін өңірдің жүйеқұраушы кәсіпорындары аймақтың өнеркәсіптік потенциалын дамытуда елеулі орын алады және облыстың 22,5 мың тұрғынын жұмыспен қамтиды.

— Бүгінде Сіздің компанияңыз әлеуметтік серіктестік институты мен кәсіпорын қызметкерлерінің өмір сүру сапасын жақсарту жолында қызмет атқаруда. Сондай-ақ, денсаулық сақтау мен біліктіліктті арттыруға аса мән береді, — деді Болат Бақауов.

Аймақ басшысы өз сөзінде 2012-2018 жылдары Еуразиялық топтың Павлодар облысына жасаған әлеуметтік инвестициясы 17 млрд-тан асатынын жеткізді.

Қаржылай қолдау аясында өткен жылы бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар іске асты. Соның қатарында 50 метрлік олимпиадалық типтегі жүзу бассейні, Мырзашоқыдағы арқан жол да бар. Бұдан бөлек, демеушілер тарапынан облыстың футбол мен волейбол командаларына қолдау көрсетіледі.

Білім саласында Ақсу қаласындағы қара металлургия колледжі мен Екібастұз қаласындағы аймақаралық кадрларды даярлау орталығы үшін 200 орындық екі жатақхананың құрылыс жүруде.

2019 жылғы меморандум аясында жалпы соммасы 3 млрд теңге қаржы бөлінді. Бұл қаражат құрылыс пен әлеуметтік маңызды нысандардың жөндеуіне жұмсалады. Сондай-ақ, облыс көлеміндегі жолдардың жөнделуі, Ақсу қаласындағы орталық жағалаудың қайта қалпына келтіру, көшелерге жарық шамдарын орнату жұмыстары қаржыланады. Жаңадан аулалардағы спорт алаңдары мен футбол манежін салу да жоспарда бар.

Болат Бақауов корпорация басшылығына облыстың дамуына қосып жатқан үлесі үшін алғысын білдірді.

Кезедсу соңында қос тарап өкілдері өзара ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойды.

 

Әлихан Рахметоллаұлы