Кәсіп пен нәсіп Құс өсірсең  тауық өсір, пайдасы оның көл-көсір!  

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту ол – кез келген ел экономикасының негізі. Бұл бағытта Елбасының тапсырмасымен біраз жылдан бері ауқымды бастамалар көтеріліп келеді. Өңірімізде де «өз ісімді бастасам»  дегендерге көрсетіліп жатқан қолдау мен демеу аз емес. Өз кезегінде жастар да жасқанбай, бизнес жоспарларын ұсынып,  білгендерімен бөлісуде. Міне, сондай меркілік жас —  Расул Мамабаев Жастар жылына орай көпке қолжетімді, әрі тиімді «бизнес бастау»  ұсынып отыр.

     Жалпы Расул инкубатор арқылы балапан өсіру  кәсібін 2015 жылы қолға алған. Бастапқыда  еш тәжірибесі жоқ жас жүрексінгенімен, кейін келе кәсіптің қыр-сырына қаныға  бастайды.

  — Алғаш жұмыртқадан балапан жарып шыққанда қуанышымда шек болмады. Алайда салада тәжірибем  аз болғандықтан көп ұзамай  балапандарымды  өлтіріп алдым. Бірақ сағымды сындырмай өзге өңірлердегі құс шаруашылығымен айналысып жүрген   адамдармен байланыс орнатып, тәжірибе жанақтай бастадым. Сондағы бір білгенім солтүстік жақтағы орыстардың білмейтіні жоқ екен. Олай дейтінім, Петропавл жақта мықты құс маманы бар дегенді естіп, арнайы іздеп бардым. Сөйтсем, ескі жапа тамда тұрып жатқан бір қария  болып шықты. Оның әрекетін аңдысам, инкубатордан жаңадан шыққан балапандардың аяғын  кезек-кезек ыдыстағы суға  батырып алып, жіберіп жатыр. Мұнысы несі деп бастапқыда түсінбедім. Кейін білгенім ыдыстағы су емес, таза 90 градустық спирт екен. Міне, жұмыртқаны жаңа  жарып шыққан балапандардың аяғын спиртке салу арқылы,оның  тез ет жинап, ширай түсетініне көз жеткіздім. Байқап тұрсаңыз адам санасына сыймайтын нәрсе. Алайда мұндай  әдістің барын кім білген?, — дейді Расул.

Шынында таңғалатын нәрсе. Базардан сатып алған инкубатор балапандарының дені екі  күн өтпей жатып, қырылып қалатынын кезінде  көбіңіз көрген шығарсыздар. Сонда олардың аяқтарын спиртке салу керектігі  кімнің ойына келді дейсіз…

Қазір Расул Юсуфұлы осы білгенімен меркілік жастармен бөлісуде. Меркі аудандық жастар ресурстық орталығының директоры қызметіне арнайы шақыртумен келген жалынды жас қазір айналасына кәсіп ашуға ниетті жандарды жинап, бизнес тренингтер өткізуде.

Негізі құс өсіру шаруашылығымен айналысу көп қаржыны қажет етпейді. Бір инкубатор сатып алу үшін бар-жоғы 40 мың теңге қажет. Мен өз кәсібімді солай бастағанмын. Ал бір инкубаторға 104 жұмыртқаға дейін сыйады. Құрылғы 21 күн жұмыртқаны шайқағаннан кейін кемі 90 балапан өніп шығады. Ол әрине ең бірінші инкубаторға салған жұмыртқаңызға байланысты. Егер жұмыртқа тоңазытқышта тұрған болса немесе бір жерінде жарығы болса, онда  ол  балапан болмайды. Және ең қауіптісі осындай жұмыртқаны аңғармай инкубаторға салып қоятын болсаңыз, көп уақыт өтпей ол жарылып, одан кейін қалған жұмыртқаларды да жарамсыз етіп тастайды. Алғаш инкубаторға жұмыртқа салғанымда осындай жағдайға тап болып, ол маған үлкен  сабақ болған.

   Тағы бір айтатындығы, инкубатор тәулік бойы электр жарығына қосылып тұруы керек. Егер жарық бір сағатқа сөніп қалатын  болса, онда ондағы жұмыртқа жарамсыз болып  кетуі мүмкін. Сол себепті мен өз инкубаторымды көлік аккумуляторына жалғап қойғанмын. Осылайша жарық мәселесін шешіп отырмын.

   Жалпы бұл кәсіптің түрі өте шыдамдылықты қажет етеді. Әлгіндей балапан өнбей қалу сияқты кедергілер тап келсе, қолды бір сілтеп, тастап кетуге болмайды. Мен осыны қазір меркілік жастарға түсіндірудемін.

   Тренинг сабақтарымды тегін ұйымдастырып, құс шаруашылығына қызығушылық танытқандармен жеке жұмыста жүргізудемін. Мұндағы мақсатым – жастар жұмыссыз жүрмей, «екі қолға бір күрек тапса» деген ниет. Еңбегім жеміссіз емес сияқты. Бірінші сабағымнан кейін-ақ бес жас  инкубатор сатып алуға  ниет  танытты. Оның екеуі мектеп оқушылары. Әрине, тәуекелі көп тірлік болғаннан кейін, жастардың да ойын түсініп, Алматы қаласындағы таныстарым арқылы бір инкубаторды 25 мың теңгеге сатып алуға келістім. Осылайша бизнес ашамын дегендерге барынша қолайлы жағдай туғызудамын, — дейді Расул.

Иә, жалынды жастың  бастамасы көпке  үлгі екені даусыз. Қазіргі таңда білгенімен бөлісіп, арзан бағаға арнайы қондырғы тауып бермек түгілі, дұрыс жол сілтеуді қиын көретіндер аз емес екені шындық. Ал Расул Жастар жылына орай меркілік жастарға осындай тың кәсіп түрін ұсынып  отыр.

   — Негізі инкубатор шаруашылығын қолға алғаннан кейін ең бірінші туатын мәселе – қандай құс өсіремін деген таңдау. Көп жағдайда адамдар көп жұмыртқа әкелетін тауық өсіргісі келеді. Ол дұрыс. Бір тауық екі күнде бір жұмыртқа туады. Ал 100  тауық, он күнде  500   жұмыртқа шығарады.1 айда 1500 жұмыртқа болады.  Енді осы жұмыртқаның бір түйірін  30 теңгеден сататын болсаңыз, 45 000 теңге олжа табасыз. Сонда сіз бір инкубаторға кеткен шығынды  бір айда 3 есе қылып ақтай аласыз. Ал бір жылға жуық туған тауықты кейін ет мақсатында да сатып, пайдаға кенелуіңізге болады.

    Әрине, бәрі бірден болып кетпейтіні анық.  Инкубатордан балапан шығармас бұрын, оған тауық қора салу керек. Ол қора үлкен болудың қажеті жоқ. Бастапқыда балапандар сыйатындай ықшамды етсеңіздер  жеткілікті. Одан кейін балапандарды темір торға отырғызуға болмайды. Себебі аз қозғалған балапан тез семіріп кетеді. Ал семіз тауық жұмыртқа аз туатыны белгілі.  Және бір торға инкубатордан бір кезеңде шыққан құстарды отырғызбағаныңыз абзал. Өйткені олар бір-бірімен шоқысып, жарақаттап,  тіпті өлтіріп қоюы мүмкін.

  Екі ай қорада тұрған балапандарды жайып, жем шашуға болады. Оларды күніне екі-үш рет жемдеу керек. Егер 20 тауыққа 300 келі жем алсаңыз, ол оларға бес айға азыққа жарайды.

  Әрине, «шығыс шықпай, кіріс болмайтыны» белгілі. Сондықтан бұл кәсіпті сүйіп істесеңіз, ертең сізді мол қазынаға кенелтеді, — дейді кәсіпкер.

Жоғарыда Расул айтып өткендей небәрі 25 мың теңгеге  сатып алынған инкубаторға 104 жұмыртқаны бірден салуға болады. Және 1 жылда 12 рет балапан шығарсаңыз да өз еркіңіз. Тек оларды күтіп ұстауға кетер шығынды есепке алсаңыз болғаны. Немесе  балапандарды базарға шығарып сатсаңыз да,  мол  табыс.

Тағы бір айта кетерлігі, Расул ұсынып жатқан инкубаторларға тауықтан бөлек, түйеқұс, қаз, үйрек, бөденің  де жұмыртқасын бастыруға   болады. Ал қазіргі таңда бір түйеқұстың жұмыртқасының өзінің нарықтағы бағысы 500 теңге екенін ескерсек, бұл да үлкен бизнес екенін аңғару қиын емес.

Расулдың айтуынша, қазір Меркі ауданының жұмыртқа өніміне деген ішкі сұранысы  айына  40 мың түйірді құрайды екен. Жалынды жастың ендігі арманы осы сұранысты толықтай өтей алатын ауылдардан құс шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің санын көбейту. Бұл жүзеге аспайтын жоба емес. Себебі қазірдің өзінде 5 жас инкубатор құрылғысына тапсырыс беріп, бүгін-ертең өз бизнесін бастағалы отыр.

Негізі өткен аптада ғана облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өңірдегі құс шаруашылығын дамытуға қатысты жиын өткен болатын.  Сонда  облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев аймақта  жылына 615,3 тонна құс еті мен  131 099,2  мың дана жұмыртқа өндірілгенімен, бұл  тұрғындардың  ішкі қажеттілігін  өтей  алмай отырғанын ашып айтқан еді. Сондай-ақ басқосуда тек тауық қана емес, бөдене, үйрек, қаз, күркетауық секілді құс шаруашылықтарын да қолға алу мәселесі көтерілген. Демек,  өңір  саясатының да бұл бағыттағы жоспары мен көзқарасы  айқын.  Бәлкім, Русландай жастардың жобасына облыс әкімдігі тарапынан қолдау жасалып, несиелендіру, қайтарымсыз грант бөлу сынды көмек көрсетіліп жатса, бір ғана меркіліктер құс шаруашылығын дамытуға өлшеусіз үлесін қосар ма еді? Бұл Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбековтің де назарында болады деп сенеміз.

 

Төлен Дедек