Қадір түніне 10 дайындық
1. ҚАДІР ТҮНІНІҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ ЖАЙЛЫ МӘЛІМЕТТЕРДІ ОҚЫП-БІЛУ: егер сіз қадір түнінің артықшылықтары, ерекшеліктері жайлы білсеңіз, құлшылықтарды құлшыныспен атқарасыз, шаршап-шалдығу дегенді ұмытасыз;
2. НИЕТТІ ШЫҢДАУ: осы түндерде ниетіңіз ықыласты болса, құлшылықтарыңыздың саны да, сапасы да өте жақсы болады;
3. ҚАДІР ТҮНІН ТИІМДІ ӨТКІЗУДІ ЖОСПАРЛАУ: егер осы соңғы он түнге арнайы жоспарыңыз болса, сіз әр нәрсеге алаңдап, уақытыңызды жоғалтпайсыз. Жоспардағы нақті құлшылықтарды жүзеге асыру арқылы әр сәтіңізді тиімді өткізесіз;
4. ҚАДІР ТҮНІНДЕ КЕРЕК БОЛАТЫН ЗАТТАРДЫ ӘЗІРЛЕУ: оқитын Құраныңызды, діни журнал, кітабыңызды, дұға жинақтарын, мисуагыңызды тіпті ұялы телефоныңыздың қуаттандырғышын, құрма, су, киімдеріңізді т.б. әзірлеп қойсаңыз, құлшылықтан басқа нәрсеге көңіліңіз бөлінбейді;
5. ОТБАСЫ МҮШЕЛЕРІНЕ ҚАДІР ТҮНІНІҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ ЖАЙЛЫ АЙТУ: егер отбасыңыздағылар Қадір түнінің қасиеті жайлы білсе, сізбен бірге қарсы алады немесе құлшылық жасап жатқанда мазаңызды алмайды;
6. ШАРУАЛАРДЫ КЕШКЕ ҚАЛДЫРМАЙ КҮНДІЗ ШЕШІП ҚОЮ: кешке мазалап қалуы мүмкін-ау деген жұмыстарды күндіз қамданып, хабарласып реттеп қойсаңыз, құлшылық уақытында ешкім мазаламайтын болады;
7. ТҮНДЕ ҰЙҚЫ ҚЫСПАУЫ ҮШІН КҮНДІЗ ТЫНЫҒЫП АЛУ: күндіз тынығып алсаңыз, түнде ұйқы қысып, мазаңыз кетпейді. Құлшылықтарыңызды сергек күйде сапалы жүзеге асырасыз;
8. ТҮНДЕ СЕРГЕК БОЛУ ҮШІН КЕШКІ АСТЫ АЗ ЖЕУ: кешкі асты аз жесеңіз, ұйқы қыспайды, құлшылық атқару барысында қиналмайсыз әрі сыртқа шапқыламайсыз;
9. ОСЫ ТҮНІ ОҚИТЫН ДҰҒАЛАРДЫ ДАЙЫНДАП АЛУ: егер дұғаларды алдын ала қамдап қойсаңыз, Құранда айтылған, сүннетте келген ерекше дұғаларды жасауға мүмкіндік болады;
10. БАРЫНША ЖАМАҒАТПЕН БІРГЕ БОЛУ: жамағатпен болсаңыз, ұйықтап қалмайсыз, бір-біріңізге қолдау білдіріп, Алланы бірге отырып еске аласыз.
Ернар НҰРТАЙҰЛЫ