Медиация – мектеп қабырғасынан түсіндірілуде
Елбасы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауын сот үстемдігін арттырумен қатар, дау жанжалдарды мәміле түрінде шешуді баса тапсырғаны белгілі. Осыған орай, бүгінде еліміздегі сот процестерінде медиация жүйесі кең қолданылуда. Бұл бағытта «Қоғамдық келісім» мекемелері де елеулі істер атқарып келеді.
Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесі өскелең ұрпақ арасында шексіз ортаны дамыту мақсатында өңірдің мектептері мен колледждерінде бірқатар іс-шаралар ұйымдастыруда. Даулар мен жанжалдарды шешуге медиативтік тәсілді қолдану туралы құқықтық түсіндіру жұмысын облыстық Ассамблея медиаторлары және Аналар кеңестерінің өкілдері жүргізуде.
Облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен ынтымақтастық туралы меморандумын іс жүзінде жүзеге асыру мақсатында медиация кабинеті судьялармен бірлесе №10 С. Нұрмағанбетов атындағы орта мектепте тәлімдік шара өткізді. Онда даулар барысында туындаған әлеуметтік-психологиялық мәселелерді шешу алгоритмі таңдалды.
«Мектеп медиациясы» кабинетінде 11 сынып оқушыларына арналған «Медиация негіздері» атты алғашқы кеңестік — әдістемелік сабақ өтті. Дәрісте медиация кабинетінің меңгерушісі Н.Досыбиева қатысушыларды медиация процедурасымен, оның қағидаттарымен, құралдарымен және қолдану саласымен таныстырды. Өз сөзінде ол жанжал, даулы жағдайлар әр адамның өмірінде болатындықтан, алайда орын алған шиеліністен шыға білу маңызды екеніне тоқталды.
ҚХА медиаторлар кеңесінің төрағасы Л.Сафонова болса, қатысушыларды медиацияны өмірде қолданудың практикасы негізінде өз тәжірибесінен мысал келтіре отырып түсіндірді. Оқыту барысында шағын-дәрістер, практикалық жаттығулар, рөлдік ойындар, миға шабуыл, дискуссиялар және жеке байланысы бар имитациялық медиация қолданылды. Бұдан бөлек, 11 сынып оқушыларына даулы жағдайлар және оны шешу кезінде медиацияны қолдану шарттары қойылды. Оқушылар ұсынылған жағдайды делдалдық және келіссөздер арқылы сәтті шешті.
Мектеп оқушыларына арналған мұндай оқу сабақтары алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Себебі дәрістер медиация институтын мектеп қабырғасынан бастап мақсатты түрде дамытып, өскелең ұрпақты дауды немесе жанжалды шешуге медиативтік көзқараспен қарауға үйретеді.
Төлен Дедек