Жастар жылына жағымды жаңалық

Жастар жылына жағымды жаңалық. Жастар саясаты мемлекеттік тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында Жамбыл облысында «Болашаққа бағдар» көшпелі автокеруені жолға шықты. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімдігі Жастар саясаты мәселелері бақармасының басшысы Мәди Мәтен баян етті.

Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, «Болашаққа бағдар»  жобасы аясында  облыстың әрбір ауыл, елді мекендеріндегі 14-29 жас аралығындағы жұмыссыз, мүмкіндігі шектеулі, жеке кәсібін ашатын немесе кәсібін дамытушылар, әлеуметтік және құқықтық көмек қажет ететіндер, жоғары және арнаулы орта оқу орнын бітірген студенттер және мектеп түлектері қамтылмақ екен.

Сондай-ақ, оларға қатысты мәселелерді жергілікті жерлерде кең ауқымды түсіндіру және нақты нәтижеге бағытталған мәселелерін шешу жұмыстарын жүргізу, облыс тұрғындарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық үлгісін одан әрі дамыту мен жемқорлық мәселесін мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру арқылы шешу жолдарын ұғындыру мен  мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын айқындауға басымдық берілмек.

    — Керуен әр ауданда 2 күннен астам уақыт болып, жалпы 44 елді  мекенде жұмыс жүргізеді. Алаң жұмысына 300-ге жуық  ауыл  жастарын қамту көзделуде. Топ құрамындағы салалық мекеме өкілдері тек кеңес берумен шектелмей, көтерілген мәселелерді нақты шешуге ұмтыла отырып, өз саласы бойынша сол аудандағы жастар ахуалына талдау жасайды. Ал Дін істері басқармасы өз тарапынан ата-аналардың, ұстаздардың, жастардың қатысуымен арнайы кездесулер ұйымдастырса, жұмыспен қамту басқармасы аудан әкімдерімен бірлесіп, бос жұмыс орындары жәрмеңкесін

Өткізеді.

    Пробация қызметі әр ауданда жергілікті сала өкілдерімен бірге  пробация есебінде тұрған жастармен жүздесіп,  мемлекеттік қолдаулар, еңбекпен қамту сияқты мәселелер бойынша түсіндір жұмыстарын жүргізеді, — дейді Мәди Мәтен.

Иә, сөз жоқ, бұл бас бармақпен бағалауға тұрарлық бастама. Себебі жоғарыда айтылған жастар жұмыссыздығы, жас кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсету, пробация мен жастар қылмысы сынды мәселелер бүгінде өз өзектілігін жоймауда. Сондықтан жастар басқармасының мұрындық болуымен жанданып отырған жобаға өңірдің барлық жастары мен жергілікті билік қолдау білдіргені абзал.

Айта кетейік, аталмыш жоба үстіміздегі жылдың мамыр-маусым айларында өз жұмысын бастап, барлық аудандарды қамтып шығады.

Ендеше, «Болашаққа бағдар» салған жобаны асыға күт ауылдағы ағайын.

Бөрі Сұлтан