Ресейдің «Өлмес полкінің» «Алашқа тағзым»  шеруінен несі артық?

«Ақ жол» неге шеру  өткізбек болды?

 

Елімізде 31 мамыр — саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленген. Осы орайда «Ақ жол» демократиялық партиясы биыл 31 мамыр күні Нұр-Cұлтан қаласында тоталитаризм жылдары репрессияға ұшыраған және аштықта құрбан болған боздақтар мен «Алаш» қайраткерлерінің портреттерін көтеріп, «Алашқа тағзым» еске алу шеруін өткізуге рұқсат беру жөнінде 17 сәуірде қала әкімі Бақыт Сұлтановқа хат жазған болатын.
Алайда Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі «Ақ жол» партиясының «Алашқа тағзым» шеруін өткізуге рұқсат берген жоқ.
«Ақ жол» демократиялық партиясы, Орталық кеңес хатшысы, журналист Арман Сқабылұлы: «Тоғызыншы мамырда “Өлмес полк” дегенді сылтауратып алаңға адамзаттың “қанішері” — Сталиннің суретін көтеріп шыққандар сол тиранның қолынан қаза тапқан, азапталған, айдалған ата-бабаларының аруағын қорлағандар деп есептеймін. Қазақ деген халықтың қаймақтарын құртқан да сол жауыз!
“Ақ жол” партиясы 31 мамыр қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні Нұр-Сұлтан қаласындағы Жоқтау қабырғасына, Ақмола облысындағы “АЛЖИР” мемориалына, қуғын-сүргін құрбандары болған бабаларымыздың, Алаш арыстарының портреттерін көтеріп баруды жоспарлап отыр. Бұл ешқандай шеру, митинг емес! Бұл — ТАҒЗЫМ!
Есіл ерлердің аруағын сыйлайтын әр қазақ баласы жасауы тиіс — ТАҒЗЫМ!» — деп жазған болатын.
Есіл ерлерді еске алып, шеру өткізуге әкімдік тыйым салды. Бірақ 9 мамырда басқа басқа дәл Сталиннің портретін көтеріп, алаңға шығу, шеру өткізу заңды саналғанда, Алашқа тағзым етудің не сөкеттігі барына әкімдіктің түсінік беруі міндетті емес. Неге? Өйткені түсінік беру туралы сұрақ қоюдың өзі бүгінгі билік үшін абсурд, яғни ақылға сыймайтын әрекет.

 

«Безсмертный полк» шеруі кімге керек?

Елімізде 9 мамырда көзі қарақты көптің қарсылығына (қарсы жазбалар) қарамастан, «Өлмес полк» шеруі өтті. Оған биыл ұзын саны 180 мың адам қатысып, екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан ерлердің рухын риза қылу мақсатында, қолдарына соғыс жауынгерлерінің портреттерін көтеріп шыққан.
Мұндай шеру алғаш 2011 жылы Ресейдің Томск қаласында ұйымдастырылыпты. Бұл қозғалыс Қазақстанда 2013 жылдан бастап пайда болған.
Саясаттанушы Әзімбай Ғали: «Мұндай шараны ұйымдастыру Ресейді қолдау, Путиннің саясатын қолдау. Ресей агрессор мемлекет. Ол жерде сепаратистік ленталар (георгий лентасы) тағылады. КСРО-ның қызыл туымен көшеге шығады. Қызыл ту отарлаушы елдің мемлекеттік рәмізі болды ғой. Бұл жерде отаршылдық насихатталады» (juldyz.kz), — дейді. Ал Нұргелді Әбдіғаниұлы «Қазақстан «ұлыдержавалық шовинизм шоуының» сахнасына айналды» деп отыр.

 

«Ақ жол» партиясы 31 мамырда «Алашқа тағзым» етеді

 

««Алашқа тағзым» шеруіне рұқсат берілмеді. Алдағы мамырдың 31-і саяси қуғын- сүргін құрбандарын еске алу күніне орай қандай жоспарларыңыз бар?» деп «Ақ жол» демократиялық партиясына сұрау салған едік. Орталық кеңес хатшысы, журналист Арман Сқабылұлы: «Ақ жол» партиясының сайтында Нұр-Cұлтан қаласының әкімдігіне жазған хаттың толық мәтіні тұр. Әкімдіктен келген жауаптың да толық нұсқасы бар. Қалалық әкімдік жауапты адамдардың фамилиялары көрсетілмеген деген сияқты сылтаулар айтып, жауап жазды. Негізінен біз жазған өтініште барлығы нақты көрсетілген. Жауапты адамдар да, өтетін орыны да нақты жазылып тұр. Сондықтан қалалық әкімдік неге рұқсат бермеді? Түсініксіз! Бұл ешқандай митинг емес, басқа емес 31 күні өзіміздің қуғын-сүргін, ашаршылықта құрбан болған ата-бабаларымыздың, алаш арыстарының портреттерін көтеріп, сол кісілерге тағзым жасауды ойлағанбыз.
Менің жеке пікірім, 9 мамыр күні «безсмертный полк» дей ме соған рұқсат берді. Олар Сталиннің портретін көтеріп, көшеде тайраңдап өткенде соған рұқсат берген әкімшілік неге Алаш арыстарының портретін көтеріп, аз ғана үнсіздік жариялап, Ақмола облысындағы АЛЖИР-де, Жоқтау қабырғасында, Қарағандыдағы КарЛаг-та, Алматыдағы арыстарымыздың атылған жерінде, біз, неге портрет көтеріп тұра алмаймыз еске алып…
Біз жыл сайын партия мүшелері, басшылық бар барлығымыз Ақмола облысындағы АЛЖИР-ге барып, гүл шоқтарын қойып, тағзым етіп қайтамыз. Ал биыл ешқандай митинг ештеңе емес, өзіміз 10-15 шақты адам портреттерді ұстап, алдымен Нұр-Cұлтан қаласындағы жоқтау қабырғасына, сосын АЛЖИР-ге барып, еске алып, құран бағыштап қайтамыз. Оған рұқсат болатын шығар», — деді.

 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ