ЕШКІ СҮТІНІҢ ЕМДІК ҚАСИЕТІН ҮКІМЕТ ҚАШАН СЕЗІНЕДІ?

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «NUR OTAN» партиясы фракциясының мүшелері атынан Майра Айсина Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ж.М.Қасымбекке депутаттық сауал жолдаған болатын. Бұл сауал өзектілігімен ерекшеленді.

— Майра ханым, Сіз, «Нұр Отандық» әріптестеріңізбен бірге Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ж.М.Қасымбекке депутаттық сауал жолдадыңыз? Сауалдың ерекшелігі ешкі малын көптеп өсіріп, оның құнарлы сүтін емдік салада пайдалануға жол ашу ма?
— Иә, біз Премьер-Министрдің орынбасары Жеңіс Махмұдұлына депутаттық сауал жолдадық. Дәрігерлер ХХ ғасырды жүрек-қан тамыры ауруларының ғасыры деп атаған болса, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы бойынша, қазіргі ғасыр аллергия ғасыры болып табылады, себебі статистика бойынша бүгінде жер бетіндегі әрбір бесінші адам аурудың осы түрінен зардап шегуде және жыл сайын ол ауру орта есеппен 15-20%-ға өсіп отыр. Осындай жағдайда аллергияға тосқауыл қоятын ешкі сүті болып табылады.
— Ешкі өсіруге әлем жұрты ынты-азарлық танытып отыр ма?
— Иә. Қазіргі таңда әлемде өнеркәсіптік ешкі шаруашылығын дамыту үрдісі байқалуда. Ешкі сүті мен оны өңдеу өнімдерінің кең таралуы оның бала тағамдарын алмастырғыш ретінде, тіпті ана сүтінің орнына пайдаланылуына, сондай-ақ өндіріс өнімділігі мен экономикалық рентабельділігінің жоғары болуына да байланысты.
— Қазақстан нарығында бұл саланы дамытуға қолайлы жағдай бар ма?
— Бар. Алайда өкінішке қарай, ешкі шаруашылығы мемлекеттік және салалық бағдарламалар әзірлеу кезінде негізсіз назардан тыс қалып жүргенін, тіпті ұзақ уақыт бойы оған мүлде мемлекеттік қолдау көрсетілмегенін айтқымыз келеді. Субсидия беру тұрғысында байқалған оң үрдіс соңғы кезде жағымды нәтиже көрсетпеді, оның себебі субсидия берілетін жануарлардың жасы 6-12 айдың орнына 12-16 ай болып өзгертілді, жалпы әлемдік практикада 4-6 айлық жануарды сатудың нақты құны — 2000 евро болғандықтан, 12-16 айлық әрбір жануарға бөлінетін 80-100 евро мөлшеріндегі салыстырмалы түрдегі төмен субсидия мұны өтемейді.
— Елімізде бұл шаруашылықты дамытуға не кедергі?
— Бұл ретте ешкі сүтін алудың нақты технологиясы және нарық ерекшілігі ескерілмеуде. Себебі қазіргі кезде көлемі үлкен зауыттарға ғана субсидия беріледі. Ал елімізде ешкі сүті өнімдерін пайдалану мәдениеті өсіп келе жатқан кезде маңызы ерекше зор болып отырған шағын және орта шаруашылықтардың өнімді өңдеуге мүмкіндігі жоқ болғандықтан олар дамымай отыр. Бұған қоса, кадрлар іріктеуде қиыншылықтар бар, себебі елімізде ешкі өсіру және ешкі сүтінен өнім өндіру технологиясын оқытып-үйрету жолға қойылмаған. Ешкі шаруашылығы бүкіл әлемде және посткеңестік кеңістікте өте тиімді агробизнес болып табылады. Мысалы, Ресей Федерациясында бұл салада көптеген жобалар жүзеге асырылуда, ірі шаруашылықтармен қатар орта және шағын кәсіпорындар белсенді түрде дамуда, бұл осы саланы қолдауда дұрыс шаралар қабылдануына байланысты. Мәселен, Ресейде ешкі сүті өндірісіне, ірімшік жасау кәсіпорындарына, ешкі сүтін қабылдау орындарына қолдау көрсетіледі, асыл тұқымды ешкі өсіруге дотация және гранттар бөлінеді.
— Ал біздің елде ше?
— Өкінішке қарай, бізде ешкі шаруа-шылығына мұндай қолдау көрсетілмейді, соның салдарынан бізде Атырау, Түркістан және Ақмола облыстарында ғана бар-жоғы 3 ешкі өсіру кәсіпорыны бар. Атырау облысындағы ешкі фермасы ешкі сүтінен 20-дан астам өнім түрін шығарады.
— Айтып жатқан уәжіңіз орынды-ақ. Ешкі сүті көптеген ауруларға шипа. Осы орайда Үкіметке қандай ұсыныс, талап-тілек айтпақсыздар?
— Ешкі сүтінің және одан жасалатын өнімдердің халық денсаулығына пайдалы екендігін, ауылдық жерде аз шығын жұмсап, көп жұмыс орнын ашу, сондай-ақ ауылда тиімді бизнес құру мүмкіндігін ескеріп, ешкі шаруашылығына мемлекеттік қолдау көрсетуде нақты шаралар қабылдануын, оның ішінде:
1) әлемдік практиканы ескере отырып, мал (ешкі) сатып алуға бөлінетін субсидияның мөлшерін қайта қарауды;
2) ауыл шаруашылығы саласына дотациялар мен гранттар бөлу кезінде асыл тұқымды ешкі өсіру шаруашылықтарын, ешкі сүті мен одан жасалатын өнім өндірушілерді, оның ішінде ірімшік қайнату өндірісін қолдауды;
3) ешкі сүтінің өндірісі саласындағы логистиканы дамыту жөнінде шаралар қабылдауды;
4) мемлекеттік тапсырыс шеңберінде ауыл шаруашылығының осы саласы үшін техникалық және кәсіптік, жоғары білімі бар кадрлар даярлау көздеуді сұраймыз.
— Сұхбатыңызға рақмет.

 

Нағашыбай Қабылбек