Бастама бағдары   Биыл шаруалардың тірлігі шалқымақ

  Жамбыл облысындағы су шаруашылығы нысандарының басым бөлігі Кеңес дәуірінде салынған. Олардың ішінде көптен жөндеу көрмегендіктен, ескіріп, тозып кеткені аз емес. Басым дені қайта жаңғыртуды қажет етеді. Соңғы жылдары осындай санаттағы арналар бақылауға алынып, ақаулы тұстарын жөндеу, қайта жаңғырту жұмыстары жандана бастады.

«Қазсушар» РМК Жамбыл филиалы директорының орынбасары Қазыбек Бедебаевтың айтуынша, суармалы егістік алқаптарының көлемін ұлғайту өңір экономикасының дамуына айрықша серпін береді. Бүгінгі таңда Жамбыл облысындағы суармалы алқаптар аумағы 229,7 мың гектарды құрайды. Өкінішке қарай, оның 88,842 мың гектары игерусіз қалып отыр.

«Осыған байланысты 2017-2021 жылдарға арналған арнайы өңірлік бағдарлама қабылданып, бекітілген болатын. Соған сәйкес жүйелі жұмыстар қолға алынып, арналар қалпына келтіріле бастады», – деді Қазыбек Бедебаев.

«Қазсушардың» жамбылдық филиалы су шаруашылығы нысандарын биылғы суару кезеңіне дайындау жұмыстарын наурыз айынан бастап кеткен екен. Бүгінде мекеме теңгеріміндегі барлық гидротехникалық құрылғыларды, оның ішінде арық жүлгелері мен бетонды каналдарды тазалау жұмыстары жүзеге асырылған. Сондай-ақ каналдар бойынан су реттегіш қақпалар мен су өлшегіш гидробекеттер салынып, жұмыс істеуде. Қысқасы, Жамбыл облысындағы су арналары алқаптарға ағын суды кедергісіз жеткізу әлеуетіне ие.

Мекеме директоры орынбасарының сөзіне қарағанда, өңірлік бағдарлама аясында Жамбыл ауданындағы Талас-Аса, Бошмойын, Бескемпір, Қапал және Меркі ауданындағы Аспара каналдары күрделі жөндеу жұмыстарымен қамтылуда. Филиалға қарасты су тораптары мен су қоймаларының жай-күйі де айрықша қадағалануда. Оларды көктемгі су тасқынына дайындау барысында бірқатар жөндеу жұмыстары жүргізілген.

«Жамбыл облысындағы су шаруашылығы нысандары суару кезеңіне толық дайын. Меркі, Қордай, Шу, Байзақ, Жуалы, Жамбыл және Талас аудандары аумағында филиалға қарасты 7 өндірістік бөлімше бұрыннан жұмыс істеп келген. Ал былтыр өндірістік қажеттілікке және каналдардың коммуналдықтан республикалық меншікке өтуіне байланысты Сарысу, Т.Рысқұлов және Мойынқұм аудандарында да осындай құрылымдар ашылды. Биыл бұл нысандар үлкен көмек болғалы тұр», – дейді Бедебаев.

Жауапты маман алдағы уақытта ауыл шаруашылығы дақылдарын егумен айналысатын агроқұрылымдарға су қажетті көлемде жеткізілетінін де айтты. Өңірдегі республикалық меншіктегі барлық су қоймаларына жеткілікті көлемде су жиналды. Қордай ауданындағы «Қақпатастан» басқа, «Тасөткел», «Теріс-Ащыбұлақ», «Ынталы» және «Қарақоңыз» қоймаларындағы судың жиналуы 88 бен 100% аралығын құрап отыр. Сондай-ақ, Қырғыз елінің аумағында орналасқан «Чон-Қақпа» (Киров) және «Орто Тоқай» су қоймаларында жиналған ылғал былтырғыдан көп. Сондықтан Талас пен Шу өзендері бойындағы аудандарда ешқандай су тапшылығы болмайды.

«Әдетте, жыл сайын суару кезеңі сәуір айында басталатын. Ал биыл көктем айлары жауын-шашынды болуына байланысты суару кезеңі кейінге шегерілген. Бұл да едәуір көлемде су үнемделуіне септесіп отыр. Облыс аумағындағы су шаруашылығы нысандары ағымдағы жылы суару маусымына толық дайын», – деп толықтырды сөзін «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалындағы өкілі.

 

Бөрі Сұлтан