Павлодар облысында ауыл шаруашылығы саласының жобаларына 1,7 млрд теңге бөлінді
Өңірдің 900 тұрғыны «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан өтеді. Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте аймақтың аграрлық сала мамандары жаппай кәсіпкерлікті дамытуды қолдау және ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге қаржылай көмек көрсету шаралары туралы айтып берді.
2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті қолдау мемлекеттік бағдарламасыынң шеңберінде республикалық бюджеттен Павлодар облысына 1,7 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Бюджеттік қаражатты бөлу операторлары ретінде «Ауыл шаруашылықты қаржылай қолдау қоры» және «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамдарының облыстық филиалдары бекітілді.
— Шағын несиелер ауылдық жерлерде өз кәсібін ашқысы келетін тұрғындарға беріледі. Яғни, ірі және ұсақ мүйізді мал, жылқы, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алғысы келетін тұрғындарға шағын несие алуға өтініш бере алады, — деді ауыл шаруышылығы басқармасының ауыл шурашылығы кооперациясы бөлімінің басшысы Нұралы Қабиев. – Сонымен қатар, ауылдық жерде құрылыс материалдарын өндіріп, нан-тоқаш бұйымдарын жасап, қоғамдық тамақтану орындарын ұйымдастырып, жүк және жолаушылар көлігін сатып алғысы келетін тұлғалар шағын несие алуына болады.
Баяндамашы несие беру шарттары бұрынғыдай екенін атап өтті. Яғни, шағын несие беру мерзімі бес жылға дейін, ал, мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобаларды қаржыландыру мерзімі — 7 жылға дейін. Ауылдық жерде өз кәсібін бастағысы келетін кәсіпкерлер 2,5 мың АЕК көлеміндегі несиеге қол жеткізе алады, қазіргі таңда бұл сома – 6,3 миллион теңгені құрайды. Ал, зәкірлік кооперацияны дамытуға берілетін несие көлемі – 8 мың АЕК, яғни, 20,2 миллион теңге. Несиелер бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемесі 6 пайыздан аспайды.
Қазіргі таңда өңірдің шағын несие ұйымдары құны 141,5 млн. теңгені құрайтын 24 жобаны қаржыландырып үлгерді.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалының директоры Болат Аманжолов оларға бөлінген 714 миллион теңгеден жалпы құны 138,5 млн теңгені құрайтын 22 несие беріп үлгергендерін атап өтті. Олардың ішінде жалпы құны 56,9 млн теңгені құрайтын 4 несие кооперативтер құру үшін, 50 млн. теңгелік 1 старт-ап жоба қаржыландырылды.
— Жалпы құны 35,5 миллион теңгені құрайтын 4 несие әйел кәсіпкерлерге берілді, — деді Болат Аманжолов. – Сонымен қатар, құны 2 миллион теңге 1 несие жас кәсіпкерге берілді.
Болат Аманжолов аудандар мен Екібастұз, Ақсу қалаларының ауылдық аймақтарындағы несие серіктестіктерінің жұмысын атап өтті. Несие беру және бастаушы кәсіпкерлерді тарту бойынша Аққулы ауданының «Тамыр», Шарбақты ауданындағы «Рассвет», «Екібастұз» және «Баянауыл» несие серіктестіктері алдыңғы қаатардан көрініп келеді.
Әлихан Рахметуллаұлы