Ораза ұстаушылар кіретін жәннат есігі
Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың сәлемі болсын) хадис-шәріпiнде: «Жәннатта бiр есiк бар. Оның аты — Райан. Қиямет күнiнде ол есiктен тек ораза ұстағандар ғана кiредi. «Ораза ұстағандар кірсін», — дегенде, олар орындарынан тұрып осы есiктен кiргiзiледi. Соңынан есiк жабылады. Олардан кейiн ол есiктен ешкiм кiргiзiлмейдi», — деген.
Пайғамбарымыз хазірет Мұхаммед (Алланың сәлемі болсын): «Үш адамның дұғасын Алла тағала кері қайтармайды. Яғни, үш кісінің тілегі Алла құзырында қабыл болады. Ата-ананың перзенті үшін жасаған тілегі, дұғасы. Ораза ұстаған адамның тілегі. Жолаушының тілегі», — дейді.
Демек, Жаратқан тәңіріміз Алла тағала үшін ораза аса мәртебелі ғибадат. Сондықтан Алла тағала ораза ұстаушының тілеген тілегін береді. Ораза ұстаушыға берілетін сауаптардай сауаптар басқа ғибадаттарда жоқ. Оразаның сауабы басқа ғибадаттардың сауабынан артық. Оразаның ораза ұстаған адамға берері де мол. Ораза адам бойындағы ең жақсы қасиеттерді қалыптастырады. Сондай қасиеттердің бірі — тақуалық.
Мирас Кесебаев