Павлодар облысында сайлау заңнамасындағы өзгерістер бойынша семинар өтті
Павлодар облысының әкімдігінде ҚР ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров пен ҚР Президенттігіне үміткер тұлғалардың штабтарының жетекшілерінің қатысуымен семинар-жиналыс өтті. Семинар барысында аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелері сайлау заңнамасындағы өзгерістермен танысып, «Сайлау күні» оқу-әдістемелік кешенінің апробациясына қатысты.
Облыс әкімінің аппарат басшысы Ағыбай Әмірин Орталық сайлау комиссиясының өкілін өңірдегі сайлау кампаниясының барысымен таныстырды.
— Облыста 543 сайлау учаскесі құрылды, — деді Ағыбай Әмірин. – Барлық учаскелер қажетті техникамен жабдықталып, телефон байланысы мен Интернет желісіне қосылған. Жүріп-тұруы қиын азаматтар өтініш жазу арқылы, өздерінің үйлеріне комиссия өкілдерін шақырып, дауыс бере алады.
Павлодар облысындағы сайлаушылардың жалпы саны 551 214 адамды құрайды. 2015 жылғы Президент сайлауы кезінде сайлаушылардың сайлау учаскесіне келуінің үлес пайызы 96,35 %ы құрады.
ҚР ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров қатысушыларға «ҚР сайлау туралы» Конституциялық заңына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды таныстырды. Өзгерістер маслихаттарды сайлаудың пропорционалды жүйесінің негізінде қалыптастыруға қатысты болды.
— Бұл жаңалық биліктің өкілдік органдарын қалыптастыруға қатысты, — деді Константин Петров. – Еліміздің өңірлеріндегі маслихаттардың құрамы сайлаушылардың дауыстарының пропорционалды үлесіне сәйкес саяси партиялар ұсынған тізімдер бойынша құрылады.
Атап өту керек, пропорционалды жүйе Норвегия, Финляндия, Дания, Болгария және Литва секілді елдердегі сайлау кезінде қолданылады.
Сайлаушылар туралы деректер «Заңды тұлғалар туралы» мемлекеттік деректер базасының негізінде құрылады. Бұл норма «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасымен байланыстырылып, сайлаушылар туралы деректерді қалыптастыру барысында өзге ақпараттық жүйелерді пайдалнуға жол бермейді.
Үстіміздегі жылдың 9 маусымы күні өтетін кезектен тыс Президент сайлауын өткізуге 61 күн белгіленді, олардың ішінде 32 күн кандидаттарды ұсынуға, ал, 28 күн сайлауалды насихатқа, Үнсіздік күні мен сайлауды өткізуге бір күннен берілді. Қалған жеті күн сайлаудың нәтижелерін қорытындылауға берілді. Осылайша, егер, сайлаудың екінші туры өткізілмесе, 16 маусымнан кейін сайлау кампаниясы толықтай мәресіне жетеді.
Әлихан Рахметоллаұлы