2025 жылға дейін Жаңаөзен қаласын дамытуға 230,3 млрд.теңге жұмсалады

Қазақстан Республикасының үкіметі Жаңаөзен қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарын бекітті

Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Жаңаөзен қаласының әкімі Әділбек Дауылбаев мәлімдеді.

Алдағы уақытта Жаңаөзен қаласы аумағында жүзеге асатын 67 жобаны іске асыруға барлығы – 230 млрд.теңге қарастырылып отыр. Кешенді жоспарға сай биыл жасалатын жұмыстарға 19,6 млрд қаржы жұмсалатын болады. Оның ішінде, РБ – 3,7 млрд.теңге (жалдамалы пәтерлер сатып алу, 18.2 шақырым автомобиль жолдарын салу); ЖБ – 273,4 млн.теңге (бизнес негіздеріне оқыту, автомобиль жолдарын салу, апатты тұрғын үйлердің тұрғындарына пәтерлер сатып алу); «ҚазМұнайГаз» АҚ, «ӨзенМұнайГаз» АҚ – 8,8 млрд.теңге (жатақхана шығындарын субсидиялау, басқа өңірлерге қоныс аудару шығындарын субсидиялау, ҚазГӨЗ жаңғырту, «Өзенинвест» МКК-нан 350 жаңа жұмыс орындарын құру.)  сынды жобалар бар.

Жаңаөзен қаласын дамытудың кешенді жоспары аясында биыл 26 көп қабатты үй жөндеуден өтеді

Қалада 40 апатты жағдайда үй бар, 500-ге жуық тұрғын кезең-кезеңімен жаңа үйлерге көшірілетін болады.

Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Жаңаөзен қаласының әкімі Әділбек Дауылбаев мәлімдеді.

«Бұл жұмыс биыл басталады. Апатты деп танылған «Шаңырақ» ш/а №43 үйдің тұрғындарын пәтермен қамтамасыз ету мақсатында қалған 10 пәтер сатып алуға «ӨМГ» АҚ-ң әлеуметтік міндеттемелер қаражаты есебінен – 145,0 млн.теңге бөлу жоспарланып отыр. Сондай-ақ тозығы жеткен 52 көп қабатты үйдің 26-ына биыл жөндеу жұмыстары басталады »,- деді  Жаңаөзен қаласының әкімі Әділбек Құлынтайұлы .

Жаңаөзен қаласының мұқтаж азаматтары үшін Ақтау қаласынан жалға берілетін пәтерлер сатып алуға «ӨзенМұнайГаз» АҚ-ы және РБ қаражаты есебінен қаражат бөлу жоспарланып отыр. Жалға берілетін пәтерлер Жаңаөзен қаласының жұмыссыздық тізімінде тіркеуде тұрғандарға және ҚР аймағында соңғы 5 жыл ішінде атында пәтерлері жоқ азаматтарға беріледі. Бұдан басқа Жаңаөзен қаласының жастары ішінен Ақтау қаласының жатақханасына орналасуға ниет білдірген азаматтардың тізімі жасақталып (141 адам), облыстық әкімдікке жолданды. Жатақханаларда тұрғаны үшін жалға алу төлемақысын субсидиялау бойынша «ӨМГ» АҚ-ы қаражаты есебінен – 236,3 млн.теңге қарастырылды.

Республикамыздың өзге өңірлеріне көшу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 38 адамнан тұратын 10 отбасы көшуге ниет білдірді. Көшіп баратын өңірлерге  қоныс аудару  шығыстарын субсидиялау бойынша «ӨМГ» АҚ-ы қаражаты есебінен – 20,0 млн.теңге қарастырылған.

Жаңаөзен қаласындағы 50 кереуеттік стационары бар медициналық орталықтың құрылысын аяқтау бойынша кешенді жоспарда «ӨМГ» АҚ-ы қаражаты есебінен – 1,8 млрд.теңге, жеке инвестициялар арқылы – 1,2 млрд.теңге бөлінеді деп күтілуде. Бұл бағытта жұмыстар жалғасын табуда, нысанды 2020 жылдың 1 жартыжылдығында пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Қалаiшiлік, Мерей шағын ауданының, Бостандық, Мұнайлы шағын аудандарының және Рахат ауылының Ақсу, Мерей шағынаудандарының автомобиль жолдарын салу бойынша 4 жобаны іске асыруға РБ-809,8 млн.теңге, ЖБ-40,0 млн.теңге бөлініп, 2 жоба бойынша конкурстар өткізіліп, мердігер мекемемен келісім-шарт жасақталған.

 

Жаңаөзен қаласында ашылатын қант зауыты, мұнай қалдықтарын тапсыру мен мұнай қалдықтарын тазалау пункті жүздеген жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді

 

Жаңаөзен қаласын дамытудың кешенді жоспарында 2019-2025 жылдар аралығындағы қарастырылған іс-шаралардың, инвестициялық жобалардың іске асырылуының нәтижесінде 5 606 жаңа жұмыс орыны құрылып, қаланың жұмыссыздық мәселесі шешілетін болады. Бұл жұмыс орындары орталық мұнай тапсыру пунктін салу, қант зауытын салу, электр энергиясын өндіретін кәсіпорын салу, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу комбинатының өндірісін  кеңейту, «коворкинг» орталығын құру арқылы жүзеге асатын болады.

Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Жаңаөзен қаласының әкімі Әділбек Дауылбаев мәлімдеді.

Құмшекер өндіретін зауыт салу бойынша жеке инвесторлар – 86,6 млн.теңге бөліп отыр. Нәтижесінде 48 адам тұрақты жұмысқа орналасады. Аталған жоба жылдың аяғына дейін іске асады деп күтілуде.

Орталық мұнай тапсыру пунктін салу бойынша «Тенге ойл газ» ЖШС тарапынан жұмыстар жүргізілуде, құрылыстың 1 кезеңі  аяқталуға жақын. Жоба 2020 жылдың аяғына дейін аяқталмақ. Негізгі құрылатын жұмыс орнына 45 адамды тарту жоспарланған.

Мазутталған топырақты биологиялық тазарту бойынша «ӨМГ» АҚ қаражаты есебінен 995,0 млн.теңге қарастырылған. «Таза су» ЖШС тарапынан жұмыстар басталып, нәтижесінде 54 азамат жұмысқа жолданды.

Қазақ газ өңдеу зауытын жаңғырту бойынша «ҚМГ» АҚ-ы қаражатынан

барлығы 107,2 млрд.теңге жоспарланды, оның ішінде 2019 жылға – 2,7 млрд.теңге қарастырылды. Нәтижесінде қала тұрғындары үздіксіз тұрақты түрде газбен қамтамасыз етілетін болады.

Жаңаөзен қаласындағы қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу комбинатының өндірісін кеңейту бағытында инвесторлармен 130,0 млн.теңгені құрайтын келіссөздер жүргізіліп, осы жылдың аяғында іске асыру көзделіп отыр.

Жаңаөзен халқының әл-ауқатын жақсарта отырып, мұнай-газ саласы кәсіпорындарының тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге 693 жұмыс орны құрылады. Сондай-ақ,  Жаңаөзен қаласында 350 жаңа жұмыс орындары ашылып, жұмыссыздық есебінде тұрған азаматтар еңбекпен қамтылды. Және де бизнес негіздері бойынша жыл басынан бері 46 адам оқытылып, сертификаттарын алды. Осы мақсатта ЖБ-38,5 млн.теңге бөлу жоспарланып отыр. Жаңаөзен қаласының өндірістік алаңын шағын және орта бизнес жобаларымен толтыруды қамтамасыз ету бойынша мүліктік нысанды «Каспий» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына беру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда бұл бағытта 37 кәсіпкерден ұсыныс түскен.

Құқықтық тәртіпті, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында көшелерде 68 бұрылмалы бейнебақылау камерасын орнату жұмыстары басталып, бағаналар орнатылуда. Бұл мақсатта ЖБ-271,0 млн.теңге бөлінді. Сонымен қатар, тұрғындарды сапалы үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Жаңаөзен қаласындағы су тазарту ғимаратының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.