«Меркі-Бурылбайтал» автожолы жаңғыруда
Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында халықтың жағдайын барынша жақсартуды тапсырғаны белгілі. Ал бүгінгі қоғамда тасжол жолаушылар мен тауар тасымалының негізгі қайнар көзі болып табылады. Сондай-ақ, асфальт жол өңірлер мен мелекеттер арасындағы негізгі байланыс пен қарым-қатыс орнатудың негізгі траншы екені де анық. Осыған орай, Жамбыл облысында жол сапасын жақсарту жұмыстарына жіті көңіл бөлінуде.
Иә, «Жол қадірін жүрген біледі» дейді қазақ даналығы. Расында жолдың жайы болмаса, астыңдағы тұлпарың қанша мықты болса да, жүрісің өнбесі анық. Бұл жағдай бүгінде жамбылдық жүргізушілерге жақсы таныс. Әсіресе, «Меркі-Бурылбайтал» тас жолының мүшкіл күйі талай жылдан бері темір тұлпар тізгіндегендердің жанына батып келеді. Міне, осыны ескерген ел билігі биыл ұзындығы 262 шақырымды құрайтын «Меркі-Бурылбайтал» автожолын қайта жаңғырту жұмыстарын қолға алды.
Жалпы аталмыш тас жолының бойындағы құрылыс 4 учаскеге бөлінген. Оның ішінде Меркі кентінен Шу қаласына дейінгі жол құрылысы 86 шақырымды құрайды. Және асфальт жабынды төрт жолақты қозғалысқа арналып төселмек. Ал Шу қаласынан Бурылбайталға дейінгі жол 176 шақырымды қамтымақ. Мұнда екі жолақты ІІ-ші техникалық санаттағы жол салынады.
Толығымен жаңартылған автомобиль жолы Тәтті, Шу, Бірлік елді мекендері арқылы өтеді деп күтілуде. Қайта құру жобасы аясында күре жолдың бойында 6 көпір, 3 теміржол өткелі, 11 жарықтандырылған көлік айрығы, 276 су өткізу құбырлары, демалыс алаңдары және автопавильон салынады. Және ерекше айта кетерлігі, «Меркі-Бурылбайтал» автожолының құрылысына төзімділігі жоғары қиыршық тас-мастикалық асфальбетон пайдаланылмақ. Жобаны толықтай аяқтау 2022 жылдың маусым айына жоспарланып отыр.
Бұл сөз жоқ, бас бармақпен бағалауға тұрарлық . Себебі аталмыш автожол бүгінде елді мекендер арасын байланыстырып ғана қоймай, өңіраралық қатынаста да айрықша рөл атқаруда. Әрі бұл жоба көптің тілеуі қабыл болғанын көрсетіп тұр. Ендеше құрылысы қарқын алған мегажобаның жемісін көретін күнге жеткізсін деп тілейік.
Төлен Дедек