«Отырар кітапханасы» Ұлт-азаттық көтерілісін еске алды
Маусымның 23 жұлдызында ЕҰУ-ның жанындағы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығында, 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісіне 100 жыл толуына орай «Ер қазақ ежелден- еркіндік аңсаған» атты көрме ашылды. Студенттер көп келетін кіре беріс залға қойылған сөрелерге Ұлт-азаттық көтерілісіне қатысты мұрағат құжаттар мен суреттер, қазірге дейін жарыққа шыққан зерттеу еңбектері, 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісі туралы жазылған ақын-жазушылардың шығармалары, сондай-ақ «Отырар кітапханасы» ғылыми оралығының директоры, Алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың жетекшілігімен дайындалған 3 томдық еңбектің қолжазбасы қойылды. Көрменің ашылу рәсімінде сөз алған Тұрсын Құдакелдіұлы осынау тарихи оқиғаның қазақ таяу заман тарихындағы маңызды орны туралы кеңінен баяндай келіп, бұл саладағы зерттеулердің алда тіпті де тереңдей түсетінін айтты.
«Биыл ұлт-азаттық көтерілісіне 100 толып отыр. Тарихымызда айырықша орын алатын айтулы оқиға туралы қазірге дейін көптеген зерттеулер мен әдеби шығармалар жарық көрді. Тұтас тарихымыздағы азаттық, теңдік, дербестік жолында орын алған қарулы қақтығыстармен, саяси оқиғаларды қамтитын «Қазақ ұлт-азаттық көтерілісі» атты көп томдық зерттеулер жинағының баспадан шыққанын білесіздер. Осы еңбектің бірнеше томы 1916 жылғы көтеріліс туралы сыр шертеді. Аталмыш жинақтың 7, 12, 13, 14 томдары «Отырар кітапханасы» ғылыми-зерттеу оралығының ғалымдары жағынан дайындалды. Ал осның ішіндегі 1916 жыл орын алған халықтық толқулар мен айқастар туралы зерттеулер алдағы уақытта жалғасын табады деп сенеміз. Өткен ғасырдың басындағы Ұлт-азаттық көтерілісі дегенде Жетісу мен Торғайдағы көтерілісті ғана еске алатын адамдар көп. Патша үкіметінің қазаққа жасаған түрлі зорлық-зомбылығы халықтың ашу-ызасын ең жоғары шекке жеткізген болатын. Осындай сын сағатта ел басына нәубет хабаршысындай болып естілген «Бұратана халықтарды әскер жұмысына тарту» туралы патша жарлығы халықтты жер-жерде жаппай көтеріліске алып келді. Алдымыздағы 25 маусымда түп-тура 100 жыл толатын «Июнь жарлығы» қазақ тарихына осылай келді. Бұл туралы айтылар әңгіме, зерттелетін түйіндер, архив құжаттары өте көп»-деген Алаш танушы ғалым осы арада көңіліндегі базынасын да жасырған жоқ. – «Осындай тарихи датаны еске алып, ұлт өмірінде өзіндік өрнегімен қалатын маңызды оқиғаның мемлекеттік деңгейде аталып өтілмей жатқаны мені қатты қынжылтады. Биылғы келіп жатқан Ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығын тиісті деңгейде атап өтпесек, келесі жылы «Алаш орданың 100 жылдығын» қалай тойламақпыз? Мемлекеттік мекемелердің қазақ тарихына, мәдениетіне қатысты істерге келгенде «ұмытшақ» болып қалатынына ақылым жетпейді?»- деді ғалым ағамыз ренішін жасыра алмай. Тәуелсіздік жолында оянған ұлттық сана, сол жолдағы даңықты жорықтармен қанды қасыреттен сыр шертетін, бүгінгі еркін елдің ұландарына егемендіктің қадырын сездіретіндей мәні бар көрме, аталмыш орталықта апта бойына жалғаспақ. Ал тарихи дата алдағы уақытта еліміздің жер-жерінде өз деңгейінде тойланады деген үміттеміз.
Ерқазы Сейтқали