Шымкент «Ашық әкімдік» форматында жұмыс істей бастады
Шымкент қаласы әкімдігі халыққа қолайлы мемлекеттік қызмет түрлерін ұсыну мақсатында «Ашық әкімдік» форматында жұмыс істеуді қолға алды. Бұл жоба — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жергілікті атқарушы органдардың халықпен тығыз байланыс орнатудың жаңа форматына көшу туралы тапсырмасы аясында қала әкімі Ғ.Әбдірахымовтың бастамасымен жүзеге асып отыр.
Әкімдік ғимаратының бірінші қабатынан ашылған «Халықпен қызмет» орталығында тұрғындар үшін арнайы электронды кезек залы қызмет ете бастады. Онда мамандар келушілерге жер, тұрғын үй, әлеуметтік салалар мен құрылыс, жол сынды мәселелері бойынша кеңес беріп, қызмет көрсететін болады. Келушілер үшін күту залы, тегін wi-fi мен банкоматтар және төлем терминалдары, арнайы e-gov порталына қосылған терминалдар орнатылған.
Сонымен қатар, мұнда қала әкімі мен орынбасарлары тұрғындармен «Ашық диалог» форматында жұмыс жасау үшін open space залдары құрылды. Онда қала әкімінен бөлек, оның әрбір орынбасарлары өз салалары бойынша апта сайын азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдайтын болады.
Н.Назарбаев даңғылы 10, мекен-жайында орналасқан аталған орталық арқылы мемлекеттік қызмет саласын уақыт талабына сай жетілдіріп, басқару жүйесінің тиімділігін арттыру болып табылады.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі