Енді Самарқанд асып, Бұқараға барудың қажеті жоқ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысына жұмыс сапары кезінде Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың отбасымен кездесті. Батырдың үйіне ат басын бұрған Президентке ерлікпен қаза тапқан ердің фотосуреттері, медальдары мен жеке заттары көрсетілді. Қаһарманның жұбайы мен ұлдарымен тілдесу барысында Қасым-Жомарт Кемелұлы Ғазиз Байтасов өте жауапты әрі қиын сәтте өз ісіне адал болғанын, оның ерлігі ешқашан ұмытылмайтындығын айтты.
Облыстағы жұмыс сапары барысында Президент «Көне-Тараз» археологиялық саябағын да аралап көрді. Онда Мемлекет басшысына «Көне Тараз» тарихи-археологиялық саябағының аумағында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған экспонаттар таныстырылды.
Аталған орталықта 20 гектар алқапта шолу мұнарасы, Достық үйі мен конгресс-холлы бар мәдени орталық, «Тараз саздары» стеласы, «Мыңбұлақ» саябағы, қазба жұмыстары барысында табылған экспонаттар қойылған музей нысаны орналасқан. Табылған көне заттардың бәрі нақышына келтіріліп салынған және ою-өрнекке бай, әрі қолдан жасалған.Мәселен алтын және күміс тиындар, қыш ыдыс-аяқтар, қыш құбыр жүйелері мен өзге ортағасырлық жәдігерлерді атауға болады. Бұл дүниелердің құндылығы мен тарихи байлығына отандық мамандар ғана емес, көрші ресейлік сарапшылар да жоғары баға беруде.
«Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығы Қазақ хандығының 550-жылдығына орай ашылып, қаланың маңызды орындарының бірі айналып отыр. Мұнда қала тұрғындары мен қонақтары көне шаһардың өткенімен таныса алады.
Айта кету керек, аталған орталыққа өткен жылы 145 мыңнан астам турист келген. Ал ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында 16 мың адам ат басын тіреп, тарихи жәдігерлермен танысқан.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев орталыққа таяу «Шахристан» тарихи-мәдени кешенінде бой көтеретін нысандардың эскиздерімен де танысты. Шахристан кешені аумағында алдағы уақытта көркем сурет галереясы, өлкентану музейі, көрме және руханият орталығы, арбат, қолөнер шеберханасы, амфитеатр және көлемді сағат стелласы сияқты бірнеше нысандар бой көтермек. Олардың құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың 25 мамырынан басталып кеткен.
Кешен құрылысы толығымен аяқталып, пайдалануға берілгенде тараздықтар үшін тамаша тарту болғалы тұр. Онда бас сұққан адам бейне бір көне қалашықтардың біріне тап болғандай таңғажайып күй кешеді деп күтілуде. Демек, Тараз тұрғындары мен қала қонақтары енді орта ғасырлық сәулет үлгісін көргісі келсе, Самарқанд асып, Бұқараға бармай-ақ, «Шахристан» тарихи-мәдени кешеніне ат басын бұрса да жеткілікті болмақ. Неге десеңіз, аталмыш кешенде бой көтеретін барлық ғимараттар мен нысандардың қас беттері бірыңғай тарихи нақышта әрленбек. Бағаналардың бой көтеріп, қабырғалардың қалануы да тарихи шаһардың көне келбетін айшықтап тұруға, орта ғасырлық сәулет үлгісінің болмысын сезіндіруге бағытталуда. Ол үшін салынатын жобалардың құрылысына «Самарқанд» технологиясындағы арнайы қыш кірпіштер қолданылмақ. Бүгінде мұндай кірпіштерді өндіру еліміз бойынша алғаш рет Жамбыл облысында қолға алынған.
– Көне Тараздың тарихы әлі де зерттеле береді. Бұл жұмыстарға тұрақты қолдау көрсетіледі. Аталмыш салада халықаралық деңгейдегі мамандар көп. Бізге университеттерде туризм бизнесі бойынша мамандар әзірлеуді қолға алу керек, – деді жобалармен жіті танысқан Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Төлен Дедек