«Мазар» салу біздің мақтанышымыз ба?!

Қазақта: «Көргеніңнен көрмегенің көп» деген бір аталы сөз бар. Ойлап отырсақ, шынымен де солай екендігіне көзің жетеді. Мен көзім ашық, көкірегім ояу ақсақалмын. Осы жасыма дейін көргендерім мен көңіліме түйгендерім де аз емес. Алайда, сол көргендерімнің ішінен дәл осындай астамшылықты, ысырапшылдықты көрген емеспін десем артық айтқандығым болмас. «Көрген көзде жазық жоқ» дегендей көргендеріме қайран қалып түңілгендіктен еріксіз қолыма қалам алып отырған жайым бар. Бұл мақаланың өзегі атүсті қараған адамға біреулердің байлығына іштарлық еткендей немесе біреулердің жеке басының жұмысына қол сұққандай әсерде көрінуі мүмкін. Алайда, шын мәнінде бұл біздің мұсылмандығымызға да, шариғаттық  қағидаларымызға да, ата салт-дәстүрімізге де аса қайшы келетін, әрі ғасырлар бойғы сақталып келген сол үрдістеріміздің жаңаша сипат алып түбегейлі өзгеріп сала беруіне жол ашатын үлкен қауіп-қатерлі әрект деуге болар еді. Қазақ халқы, яғни сіздер мен біз бәріміз де саналы, текті бабалардың ұрпағымыз деуге хақымыз баршылық. Олай дейтінім, біздің бүгінге дейінгі ұрпақ жалғастығымыз санасыз болған болса, біз әлде қайда ел ретінде де, ұлт ретінде де осынау тарих сахнасынан жойылып кеткен болар едік. Ғасырдан ғасырларға жалғасып келген біздің тіліміз, дініміз, ата салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз, сондай-ақ бабаларымыздың аманаты біздің ұлттығымызды сақтап, бүгінгі тәуелсіз Қазақ елі болып қалыптасуымызға зор ықпал еткендігі айтпаса да белгілі.

Сонау сахараның көшпенді қазағы кезімізден бастап, бүгінгідей өркениетке жетсек те, қазақ халқы осынау ұстаным ғұрыптарын еш ұмытпаған. Біріншіден, бұған мұсылмандық, шариғаттық тұрғыдан ерекше көңіл бөлген болса, екіншіден, бұл үрдіске ата-бабаларымыздың заңы ретінде аса құрметпен қараған-ды. Сол үшін де осы ғұрыптарды мейлінше қастерлеп, оны әркімдердің өз бетінше бұрмалап өзгертулеріне жол бермеген!

Сонда, кімдер нені бұрмалап өзгертіп жіберіпті деген сауал әркімнің көкейінде тұрғаны сөзсіз. Енді соған тоқталайын. Халық болған соң өлім-жітімсіз болмасы анық. Келмеске сапарлап бара жатқан адамға, оның денесі жер қойнауына тапсырылғанға дейінгі барлық рәсімдерді бәріміз де жақсы білеміз әрі бар мүмкіндігімізше сол рәсімдер бойынша тиесілі жұмыстарды атқарамыз да. Осы тұрғыда біз мойындауға тиіс бір ақиқат бар. Ол қазақтың діні мен тінінде (рухы, болмысы) әркез әруақ сыйлау ғұрпы сақталып келгендігі. Жалпы, осы жерде «Әруақ» ұғымы өлілер үшін емес, тірілер үшін қажет. Әркімнің әруақ алдындағы қарызын өтеп, жан-дүниесі тыныштық табуы әрі ар алдында таза болуы да, сол өлінің артында қалған тірілер үшін өте маңызды мәселенің бірі болмақ. Өліге бағыштап Құран оқытып, садақа берудің, марқұмның игі жақсы істерін еске алып, оның соңында қалғандарға қайырым-көмек жасаудың бәрінде де адамның адами кісілігі көпшіліктің сын таразысына түседі. Адамдардың бауыр мен бауырды, туыс пен туысты жақындататын, парыз бен қарыз сезімі де дәл осынау сәттерде  артығырақ сезілетіндігі сөзсіз. Сондықтан да біз әруақ сыйлаудың осындай берекетін естен шығармауымыз керек. Алайда, мәселе мұнда емес, одан кейінгі әрекетімізде болып отыр. Қазір, қайсы қаланың қай зиратына барсаң да, төбесі көк тіреген, зәулім-зәулім мазарларды көріп еріксіз таң қаласың! Тіпті, не бір қымбат мрамор тастармен қашалып хан сарайындай соғылған жеке адамдардың бейітін көріп жағаңды ұстамасқа амалың жоқ! «Өлі разы болмай тірі жарымас» дегендей, біз өлілерімізге құрмет көрсетуіміз, әрине, дұрыс. Бірақ, елімізде соңғы жылдарда жоғарыда айтқанымдай қабір басына күмбездеп үй салу, оны мейлінше әшекейлеп қоршау, сурет салып, тіпті мүсінін жасатып қою деген сияқты әрекеттер бақталастыққа айналды. Бұл мүлдем дұрыс емес! Ислам діні бойынша дүниеден өткен адамның денесі топыраққа жерленетіндігі, адам баласының негізі топырақтан жаралғандығында. Сол үшін де о дүниелік болған адамға киелі жеріміздің топырағы оның бақилықтағы отаны болып саналмақ. Шариғат бойынша, мұсылманның қабірі жеті қадам шетке шығып қарағанда оның төмпештігі байқалмауы керек делінген. Алайда, қазіргі жағдай мүлдем басқаша. Тіпті кейбір ерекше архитектуралық жобалармен салынған зираттар бұрындары бірен-саран ғана болушы еді. Ал, бүгіндері сол архитектуралық жобалармен салынып, күмбезі көк тіреген мазарларға қарап, қалталы азаматтарымыздың өлімге құрметтерінен гөрі байлықтарымен бәсекелестігін аңғару қиын еместі. Бұл тұрғыда «Қайдан құлақ шығарса да қазаншының өз еркі» демекші, қалталы азаматтарымыздың өздерінің ойлағанындай өлілеріне көрсетіп жатқан бұл құрметтеріне ешкімнің таласы да жоқ әрі заңдық тұрғыда оған ешкімнің де тиым сала алмасы анық. Алайда, мазар тұрғызу мәселесі мұсылмандыққа сай болуы шарт. Мазар дегеніміз қаза болған адамның қабіріне тұрғызылатын сəулет ескерткіші екенін баршамыз білеміз. Қазақ жерінде мазар тұрғызу дəстүрі ежелгі көшпелілер дəуірінен бастау алғаны белгілі. Алайда, Имам Мәліктің шәкірті Ибн Әбдулхакәм: «Қабір басына мазар тұрғызуды өсиет еткен адамның өсиеті жүрмейді», -деген. Ал, қабір — бұл дүниеден өткен марқұмдардың уақытша мекені. Ханафи мазһабы бойынша, қабір үстіне белгі (тас, ағаш) қойып, өлген адамның аты-жөні, туылған, дүниеден өткен жылы жазылса жеткілікті. Ай белгісін қоюға немесе Құран аятын жазуға шариғат қарсы емес делінген. Имам Абу Ханифа негізін қалаған ханафи мазхабы ғалымдарының пәтуасы бойынша қабірді кіндіктен жоғары етіп қоршауға, белгі қойып, жазу жазуға рұқсат етіледі. Ал күмбезді құрылыс салуға ханафи ғалымдары тыйым салмаған, бірақ оны «тахриман (харамға жақын) мәкруһ» санатына қосқан.

Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан мазар мәдениетіне көз салсақ, айтылған қағидалардан алшақ кетпегенін, шариғатқа шалыс емес, салт-санаға тиімді тұстарын екшеп пайдаланғанын  байқаймыз. Дін дүниесінде даңқы шыққан рухани ұстаздарының қабіріне ғана еңселі ғимарат орнатқан ата-бабларымыз, тіпті ел бастаған көсемі мен сөз бастаған шешенінің зиратын да сән-салтанатсыз қоңырқай ғана күмбезбен қоршаған. Көпшілік қабірлер аяқ асты болмау үшін төбесі ашық төрт құлақ бейіт ретінде соғылған. Қазір де ел ішіндегі есті азаматтар бақилық болған жақындарына төрт құлақ бейіт тұрғызумен шектелуді жөн санайды. Шариғатта: «Өлген адамға құрмет қыл, ол үшін мал мен жан-жануар кірмейтіндей етіп қоршап қой» деген. Ол дегеніңіз сарай тұрғызу емес, адамның беліне жетпейтіндей жеңіл қоршау тұрғызу. Ал бейіттің басына өскен шөпті жұлып, өртеп алысуға болмайды. Ол өзі қурап кетуі тиіс. Қайтыс болған адамға бұдан еш сауап жоқ. Одан да басына құран оқып, сол кісінің атынан садақа берсе, міне содан артық сауап жоқ. Мына тай-таласып мазар салатындардың ісін пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ысырапқа теңеді. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқан, «Өлген адамның артынан тек үш-ақ нәрсе барады. Ол елге жасаған жақсылығы (көпір, мектеп, аурухана салу), екінші — халқына ілім мен білімді тегін үйретсе, үшінші — жақсы тәрбиелі ұрпақ қалдырып, солар артынан дұға жасаса», -деген екен. Ал, осы тұрғыда белгілі дінтанушы Хасан Ташайұлы былай дейді:

— Жалпы бұл даурықтыратындай дауасыз дерт емес, ауыл ақсақалдарының ақыл-кеңесімен, имамдарымыздың уағыз-насихатымен орны толатын олқылық. Ислам жайындағы үстірт түсініктерге, жат мәдениет ықпалына көзсіз еруге, жат идеологияның жетегінде кетуге қарсы тұра алатын бірден-бір күш, ол біздің қазақы мұсылмандығымыз. Біз ең алдымен мың жылдық мұсылмандық тәжірибемізді орнымен игеріп алуға тиіспіз. Халықтың ғасырлар бойы жинаған рухани құндылықтарын жинақтап, жаңғыртып, бүгінгі қоғам игілігіне жаратуымыз қажет. Жан тазалығына, ар тазалығына негізделген, сыртқы көріністегі емес, жүректегі иманды қасиет тұтқан ұлттық рухани құндылықтарымызға оралу, оларды кеңінен насихаттау арқылы жат идеологияға тосқауыл қоюға болады. Осы бағыттағы насихат жұмыстары мемлекеттік дін саясатының негізгі бағыттарының біріне айналуға тиіс. Мазарларды бүгінгідей ескерткішке айналдырып, сол арқылы өзінің марқұм болған жақындарын ел алдында асқақтату, олардың өлі мүрдесін жоғары көтерудің тіріге де, марқұмға да пайдасы жоқ. Керісінше, осындай мазар құрылыстарына жұмсалған қаржы қаражатты түрлі қайырымды шараларға: кембағал, міскін адамдарға көмек беруге, жетім-жесірлерге, мүгедектерге, кедей оқушылар мен студенттерге жәрдемақы есебінде беретін болса, өліге сауабы, тіріге шарапаты тиер еді, — дейді. Міне, қандай тамаша пікір. Шынымен де солай екендігін адамдар ой саналарында таразылап, өздерінің білместіктен қате қадамдарға барып жатқандығын білсе екен дейміз. Есті адам мұндай күнәлі істі біле тұра жасамасы анық. Ал, мән-жәйды тереңірек түсініп білген соң, тәубаға келуі керекті деп ойлаймын.

БАҒДАЛ АҚЫНҰЛЫ

ҚР Журналистер одағының мүшесі