ӘТІРКҮЛ МЕН ҚОЙШЫБАЙ…
Ауылда Әтіркүл есімді әпкем бар. Ес білгелі ауылдан аттап еш жерге шыққан емес. Қарапайым даланың адамы. Жуырда елге жол түсіп бара қалсам, әркез қазан-ошақтың қасынан табылатын, әрі әңгімесі де содан ары асып бара бермейтін әпкем әлеуметтік желінің әлеміне еніп кетіпті. Бұрнағы кезі қолынан баласы түспеген болса, қазір ұялы телефонның тор пернесімен алысып әлек. Және бұған дейін өсекті есіктің төңірегінде айтса, ғаламторға қолы жеткелі араласпайтын жері қалмаған. Біреудің байы бір жерде жүрсе де, артық біреу күлсе де, тіпті көрші ауылдың қойкезегі кешігіп, есегі ерте келсе де бәрін-бәрін жеке парақшасына жазатын болған. Одан қалса астындағы пікірлерді сауаптай санап, сын айтқандармен ашық айқасқа да көшкен. Ол аз десеңіз, соңғы кездері әлеуметтік желіден түспейтін, түрлі әңгімені өзі іздейтін Әтіркүлдің артынан әрқилы әңгіме де ере бастаған. Біреулер ауылдың болысымен басын қосып қойса, енді екіншілер ел алдында жүрген ағалармен «атастырып» тастаған. Бұған әпкем аса арланбайтындай…Керісінше лай шашқандарға лайк басып, сөзбен сабағандарға смайлик жіберіп мәз….
Ауылда Қойшыбай есімді көкем де бар. Әжептеуір қызметте. Алайда ол да жуырда әлеуметтік желіге жіпсіз байланыпты. Және бір түнде бес мың «потписчик» жинап, оны жарты әлемге жарнамалап тастаған. Омен қоймай, көрші ауылдың қыздарымен таңды атыра тілдесіп, желі арқылы жүздесудің де жолын жасаған. Ал жасы елуді еңсерген Қойшыбаймен жас қыздар да сөйлесуге қитар емес. Көрінбей қалса із салып іздеп, түрлі өсекке де өздері ерік берген. Ал бұдан көкем көңілді. Үйді ұмытып, жүрісінен тайып жүр, қыздардың қырындауын өз қолымен жайып жүр.
Негізі бұл екі кейіпкер де ойдан шығарылған. Егер біреу-міреуге ұқсап кетсе, жай сәйкестік деп қабылдаңыз….