«Бақыт гормоны» қай кезде бөлінеді?
«Шымкент шоу» әзіл-ысқақ театрының бір қойылымында Берік Тұрсынбеков көп күлмеу керектігін, себебі бетке әжім түсетіндігін әжуалаған еді. Бірақ медицина мамандары мұндай тұжырымға қарама-қарсы пікір айтады екен. Мәселен, күлкі көңіл-күйді жақсартып қана қоймай, денсаулықты нығайтуға септеседі. Сондай-ақ, иммунитетті нығайтып, қандағы қант деңгейін төмендетеді. «Күлген кезде ағзаға күш түседі. Ал кейін дене бұлшық еттері босайды. Осының арқасында адамның эмоциялық күйзелісі азаяды», — дейді мамандар. Олардың айтуынша, күлген кезде ағза «бақыт гормонын» бөледі. Ол көңілді көтеріп, ашуды басады.
«Адам жымиған кезде ағза бірден эндорфин гормонын бөле бастайды. Сондықтан көңіл-күй түскенде күлкілі бағдарлама немесе видео көру керек. Бастан өткен қызықты сәтті еске түсіруге де болады» — дейді дәрігерлер. Күлкінің пайдасы мұнымен бітпейді. Ол тыныс жолдары ауруларынан емделу кезінде де таптырмас әдіс бола алады. Күлген адам ұзақ тыныс алып, тез дем шығарады. Сондықтан оның тыныс жолдары тазарады. Сондай-ақ, жүрек қағысы біраз бәсеңдеп, күретамыр кеңейе түседі. Осының арқасында ағзаны ісіктен қорғайтын гамма-интерферонның белсенділігі артады. Иммунитет нығая түседі екен. Бастысы, адамның көтеріңкі көңіл-күйі сырт келбетіне де жақсы әсер етеді. Күлімдеп жүретін адамдардың бетіндегі бұлшықеті жиі қимылдайды. Сондықтан өзгелерден жас көрінеді.
Кәмшат Айдарханова