Ораза үстіндегі ой

СҰРАҚ

Кейде «Неге?», «Калай?», «Не үшін?» деген сұрақтар адамнан да бұрын жаратылған сияқты көрінеді. Осы сұрақ жаратылыстың құпиясын ұғынып, өзін, өзгені танығысы келген әр пенденің алдынан күніне жүз рет шығуы мүмкін. Тіпті, о баста Жаратушы ғаламды, адамды жаратар алдында да өзіне осы үш сұрақты қойған тәрізді. Оған Құран Кәрімдегі Аллаһтың он сегіз мың ғаламды, адамзатты барлық жанды-жансыз затты неге, қалай, не үшін жаратқаны туралы сүре аяттары дәлел. Осы сұрақтар бар жерде — құпиясын қойнына жасырған мына дүниенің сырларын ұғуға деген талпыныс та бар. Тіпті, ғылым дегеннің өзі әуелде осы сұрақтарға жауап іздеуден басталған болар. Әр сәби — ғалым, әр ғалым — сәби. Әр сәби тілі шыға салысымен, бізді «Неге?» «Қалай?» «Не үшін?» деген сұрақтың астына алады, әр нәрсені танып білгісі, сырын ұққысы келеді. Ғалым да солай. Екеуіне де өзіне түсініксіз әлдебір сұраққа жауап іздеу әрекеті ортақ. Бірақ, сәби дүниені танып-білгісі келіп, сансыз сауал тастағанда, өзіне атақ, данқ, байлық, билік іздемейді. Ал, ғалымның жаксы ісімен жаһанға аты мәлімі де, жақсылығы басынан аспайтын, іші тар, зәлімі де бар. Кейінгісінің жолы болғыш. Бірақ, билік пен байлық ықпалымен, айла-шарғымен, арамзалықпен жоғары атаққа жеткен ғалымның аты өзі өлген күні-ақ өзімен бірге бір шөкім топырақтың астында қалады. Жалған ғалым жаңа киімге салынған жамау тәрізді, оны бүкіл жұрт көріп тұрады, бірак, өзі байқамайды.
Бүгінгі адамдар ғылымға үш жолды діттеп келетін болды.
Біріншісі — «білім іздесем, өзімнің де, өзгенің де танымына талғажау, рухына азық болатын ғылыммен айналыссам, Жаратушы жасырған дүние сырларын ашсам» деп келеді. Өркениетті алға жетелейтін, ғылымды дамытатын да осылар.
Екіншісі — «Кімсің?» дегенде «Пәленмін!» деп күмпиіп тұратын дырдай ғылыми атақтарым болса, соны бетіме перде қылып, билікке, байлыққа жетсем» деп келеді. Мұндай өлермендердің біразы жоғарғы биліктің маңын жағалап, ұлықтар «сүйек тастайтын» күнді күтіп жүр. Ал, біразы жоғары оқу орындарында тамырын тереңге салып, жонып жеп, «жорға» мініп, жонданып алды. Ғылымның соры — осылар.
Үшінші топ — жоғары оқу орындарында ілініп-салынып, нан тауып жеп жүргендер. Олардың көбі «мынаның сырына үңілсем, айтар сөз, ашар жаңалығым бар, ғылымға үлес қосам» демейді. Ұсынған тақырыпты қақшып алып, «ләпбай, тақсыр!» деп жоқтан бар жасап, өйтіп-бүйтіп гылыми дәреже алады. Бұлар ғалым емес. Өз жандарын өздері қинаушы. Ғылымның, елдің болашағына қауіпті топтың бірі де осы. Өйткені, білім іздеп келген өскіндерге өзі білмей жатып «ілім үйрететін» де осы шала-жансар «ғұламалар».
Осының бәрі ғылымды күнкөріс көзіне айналдырған кейінгі екі топтың ішкі таза- лығының жоктығының дәлелі. Ішкі тазалық — жүрегінде ары, адамгершілігі, ғылымға адалдығы һәм иманы бар адамға тән. Яки, ғалым бар дүниенің сырын ұққан ғұлама, оқымысты, заманауи білімді меңгерген адам болуымен қатар иманды болуы, адамзатты сүюі ләзім. Өйткені жан дүниесі, рухы таза, иманды ғалым — нағыз ғалым. Олардың өзгелерден айырмашылығы да осында. Ол туралы хадисте: «Қарапайым мұсылманнан ғалымның артықшылығы — Айдың басқа жұлдыздардан айырмашылығындай. Әлбетте, ғұламалар — Пайғамбарлардың мұрагерлері, Пайғамбарлар мұраға динар немесе дирхам қалдырған жоқ, ғылымды мұраға қалдырды» деген.
Кей ғалым өзін мына жер бетіндегі ең кемеңгер, жарты құдайдай сезінеді. Бірақ, Аллаһ оған иненің жасуындай ғана құпиясын ашуға нәсіп етіп тұрғанын түсінбейді. Төрткүл дүниеге аты мәшһүр ғалымдар дін мен ғылымды бөліп қарамаған. Өткен ғасырдың ғалымдарының бірі, ұлыбританиялық Луи Пастер: «Иман, яғни Жаратушының барлығына деген сенім, ешқашан адамзаттың алға басу процесіне тосқауыл болмайды. Өйткені, прогрестің әрбір сатысы Алланың жаратқан таңғажайып нәрселерін анықтап көрсетіп берді» депті. Бірақ, біздің ғалымдардың көбі ғылым мен дінді қабыстыра қарастырудан қашады. Мүйізі қарағайдай академиктеріміз бен докторларымыздың 80-90 пайызы атеист. Әлдебір құбылысты дінмен, Алланың құдіретімен байланыстыра қарауды өздеріне ұят санайды. Дінге сенуді надандық деп бағалау санасына сіңіп қалған. Ал, сол ғалымдар үнемі алға тартып, үлгі алуға тырысатын Америка ақшасына дейін «Біз құдайға сенеміз» деп жазып қойған. Ал, біздің ел тұлға санайтын кей ғалымдарымыз, «Мен Құдайға сенемін» деп ашык айтуға өздерінше намыстанады. Өзінің имансыздығына намыстанбайды. Тіпті, кейбір академиктеріміз әлі де болса: «Дін — догма. Ол өркениеттің, ғылымның дамуына кедергі келтіреді» деген пікірде. Бұл туралы тарихшы Фебер: «Әрбір дәуірдің өз ерекшелігі болады. Біздің дәуірдің ерекшелігі — Жаратушыға деген сенімсіздік. Менің Жаратушыға деген сенімімді тартып алғаннан гөрі терімді сыдырып алса, соған разы болар едім, — депті.
…Ғылым біткеннің анасы — сұрақ па деймін. Кейде «Неге?», «Қалай?», «Не үшін?» деген сұрақтар адамнан да бұрын жаратылған сияқты көрінеді.

Әділбек ҚАБА