«Тұлпар-Тальго» зауыты – Елорда экономикасының қайнар көзі
Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тұлпар-Тальго» ЖШС-ның жолаушылар вагонын шығаратын зауытында болды деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты. Ол зауыттың индустриялық паркі жұмысымен танысты, сондай-ақ жолаушылар вагонының бірін көрді.
Қазақстан Президентіне теміржол машиналарын жасау саласының өсім қарқыны мен жүрдек қозғалысты дамыту бағдарламасы туралы баяндалды.
БАҚ өкілдеріне арналған брифингте Мемлекет басшысы елдің көлік жүйесінің тиімділігін арттыру үшін өндірісті одан әрі ұлғайту қажеттігін айтты.
– Бүгін Астанада индустриялық даму бағдарламасын жүзеге асыру кезінде салынған бірқатар нысанда болдым. Құрылысы жөнінде Испания Королі Хуан Карлоспен көп жыл бұрын мен келіскен Тальго вагондарын шығару зауытының өнімдері елімізде кеңінен пайдаланыла бастады. Біз теміржол саласы үшін электровоздар мен тепловоздар ғана емес, заманауи жүк және жолаушылар вагондарын да жасаймыз. Қазір олар түрлі бағыттарда жолаушы таситын жүрдек пойыздар да пайдаланылады. Жалпы, Астананың индустриялық паркі қарқынды дамып келеді. Біз осы технологиялық паркке инвестиция тартып, жобаларды табысты жүзеге асыру үшін жағдай жасап жатырмыз. Соның арқасында қала экономикасы дамып, жыл сайын бюджет түсімдері ұлғайып келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
***
Кәсіпорынның өндірістік орынжайларының жалпы аумағы – 31 мың шаршы метр, өндірістік қуаты – жылына 150 вагон. Еуропалық сапа стандарттарына сай озық технологиялар мен материалдарды қолдану пойыздың сағатына 200 шақырымға дейінгі жылдамдықпен жүруін қамтамасыз етеді. Вагондардың пайдаланылу мерзімі – 40 жыл.
2012-2015 жылдар аралығында «Жолаушылар тасымалы» АҚ үшін 436 вагон жасалып, жеткізілді. 2015 жылы шанағының ені кеңейтілген вагондар өндірісі қолға алынды. 2020 жылға дейін осындай сериялы 603 вагон шығару жоспарланған.
«ЕлАна»