Шымкентте «Shymkent Bus» автобус паркі ашылды
Бүгін 19 маусым қала күніне орай Шымкентте жаңа «Shymkent Bus» автобус паркі ашылды. Мұнда жанармай бекеті, сервистік орталық, автожуу қызметінен бөлек, қызметкерлер үшін жатақхана, медпункт және жүргізушілерге арналған асхана да қарастырылған.
Барлық талаптарға жауап беретін заманауи жаңа автобус паркінің ашылуына қатысқан қала әкімі Ғ.Әбдірахымов бұл жоба қоғамдық көліктердің кедергісіз және сапалы жұмысын қамтамасыз ететінін атап өтті.
Жобаның операторы болып «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ анықталып, ал әріптестері болып «БРК-Лизинг» АҚ мен «СарыарқаАвтоПром» АҚ белгіленді. Сондай-ақ жоба аясында жол ақысын төлеудің «Оңай» электрондық жүйесін орнату жоспарлануда.
Қаладағы автобустарды жаңалау үшін аталған парк жыл соңына дейін жаңа 1000 автобуспен толықтырлады. Бүгінгі күні жоспарланған 300 жаңа автобустың 160-ы жеткізілсе, қалған 140 автобус шілде айында алып келінетін болады.
Қазақстанда құрастырылған жаңа автобустар салқындатқыштармен, пандустармен, бейнекамералармен, жолаушылар ағынының датчиктерімен, GPS-трекерлермен жабдықталған. Автобустың жалпы сыйымдылығы 56 адам.