ШЕТЕЛДІК ЖУРНАЛИСТПЕН СҰХБАТ ХАЛЫҚТЫҢ КӨҢІЛІНЕН ШЫҚТЫ

Өткен аптаның ең басты жаңалығы-ның бірі деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Euronews-ке берген эксклюзивті сұхбатын айтуға болады. Еркін тақырыпта еркін көсілген президент шетелдік журналистің алымды да, шалымды сұрақтарына нақты жауап беруімен есте қалды.
Енді сол сұхбаттың ел мен жер үшін маңызды тұстарын, саяси-экономикалық бағытына шолу жасап көрелік.
Президент журналистің сауалына орай, өз қызметіне кіріскеннен кейін екі аптадан соң неге Ресейге барғанын былайша түсіндірді. «Өзімнің алғашқы шетелдік сапарымды Ресейден бастауым орынды деп ойлаймын. Мұнда мені Ресей президенті шақырған болатын. Бізді құрлық бойынша әлемдегі ең ұзын шекара байланыстырып әрі бөліп тұр. Мәскеуде ел үшін маңызды келіссөздер жүргізілді. Біз бірлескен мәлімдемеге қол қойдық. Сіз айтқандай қандай да бір кепілдікке байланысты Ресей президенті тарапынан талап қойылған жоқ. Өйткені әріптестікті нығайтудың ортақ түсінігі бар. Мен Қазақстан үшін Ресей маңызды серіктес деп ойлаймын. Өйткені үлкен мемлекет, біздің көршіміз, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі. Алайда Ресей де өздерін Қазақстансыз көзге елестете алмайды деп ойлаймын», — деді.
Журналистің елдегі шерулер жайлы сұрағы да жауапсыз қалмады. Қазақстан Президенті елде саяси өзгеріске қалай қол жеткізуге болатынын Еуроодақ мүшелерімен кеңескенін мәлім етті. «Саяси мақсатым — жастарды билікке тарту, мемлекеттік маңызды мәселелерді шешуге көмектесу. Шеру жасаған қозғалыстардың өкілдерін келіссөз жүргізуге дөңгелек үстелге шақыру. Мәселелер көшеде тәртіпсіздік пен аласапыран атмосферада емес, осылай шешілуі керек деп ойлаймын» — деді Президент.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда рұқсат берілген митингілерге шығуға мүмкіндік жасайтын заң қабылданатынын ашық айтты. «Әрине, заңсыз болғанның бәрі тоқтатылады. Бас прокуратура көшедегі осындай митингілердің заңсыз екенін бірнеше рет ескертті, себебі олар оған қатысқысы келмейтін халыққа кедергі жасайды. Сондықтан, жаңа заң қабылданады, енді демонстрацияға шығып, өз пікірін білдіргісі келген халық тиісті органға жүгінеді, оларға өз пікірін білдіру үшін арнайы жер беріледі», — деді сөз арасында.
Сонымен қатар, Тоқаев ЕҚЫҰ-ның соңғы президенттік сайлау жайлы баяндамасында айтылған сынға қатысты пікірін білдірді: «Ашық сайлау өткізу үшін барлық жағдай жасалды. Кей учаскелерде заң бұзушылықтар болуы мүмкін. Әрине, толыққанды сараптама жасаймыз, егер заң бұзылғаны анықталса, қажетті шаралар қолданылады» деп бұл мәселенің де жіті назарда екенін аңғартты.
Шетелдік журналист халықтың митингіге шығуына не себеп болғанын білгісі келетінін күлбілтелемей турасынан қойды. Бұл сұраққа президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «адамдардың кедейліктен көшеге шыққанын» айтып қалды. Сондай-ақ, қазір митингіге қатысқандардың талаптары қаралып жатқанын да мәлімдеді. «Шеруге қатысқандарға тоқталсақ, олар шынымен де наразылық танытып, көшелерге шықты. Қазір митингіге қатысқандардың талаптары қаралып жатыр. Негізінде, бұл әлеуметтік сипаттағы талаптар. Мұндай мәселелердің бар екенін жоққа шығармаймын. Олардың дені адамдардың кедейшілікте өмір сүруінен. Олар үкіметтен әлеуметтік-экономикалық проблемаларының шешілгенін талап етуде», — деп қысқа қайырды Тоқаев.
Ашықтықты ұнататын шетелдік журналист «шеруге шығып қамалғандарға алаңдап» отырғанын жеткізген де, оған берілген жауап былай өрбіді. «Қоғамдық қауіпсіздікке аса зиян келтірмеген адамдар жуырда босатылады. Билік бәрін естіді. Енді жұмыс істейміз. Шерушілер арасында кездейсоқ тап болған адамдар барын естідім. Олардың алдында, әлбетте, кешірім сұрап, тез босатамыз. Бұл проблема шешімін табады», — деп уәде берді.
Сонымен қатар журналистің «сайлау әділ өтпеді деп» қамалғандардың тағдырына қатысты қойған сауалы да ескерусіз қалмады. Мемлекет басшысы сайлаудың әділ өтпегенін айтқандардың да босатылатынын атап өтті. «Олар да босатылады. Себебі олар солай санайды. Олай ойлауға хақылары да бар. Ал өз басым, сайлау әділ өтті деген пікірдемін», — деді.

Нағашыбай Қабылбек