ҚОҒАМ «ҚАЙНАП» ЖАТЫР, БІРАҚ ДІН ӨКІЛДЕРІ НЕГЕ ҮНСІЗ?
Көпшілік ағайын соңғы жылдары дін адамдарының қоғамдағы өзгерістерге үн қоспайтынына, биліктегі ауыс-түйіске бас қатырып жатпайтынына реніш білдіріп жүр. «Биліктің кейбір өкілдері халықтың қазынасын оңды-солды шашуда. Парақорлық дендеп тұр. Тіл мен ділдің халі мүшкіл, т.б. келеңсіздіктер толып жатыр… Халықтың тұрмысы төмендеп барады. Бірақ осының бәрін көріп отырған дін өкілдері неге үнсіз?» деген сауал күн тәртібінде әлі тұр. Әлеуметтік желіні ашып қалсаң, ащы-ащы айтылған сыни пікірлер өте көп. Бұл үшін дін саласында жүрген имамдар мен молдаларды кінәлауға болмас. Олардың айтар уәжі де тас түйін. «Көктен түскен төрт кітапта да бүлік шығару — үлкен күнәға жатады. Ғайбат та Алла Тағала сүймейтін істер қатарында.
Патшаға мойынсұну — мұсылмандарға парыз саналады». Ол аз десеңіз, дін мен мемлекет бөлек деген ұстаным да дін адамдарының үнсіздігіне себеп болуы мүмкін. Ата заңымызға көз жүгіртсек, Қазақстан Республикасы өзін зайырлы мемлекет деп мәлімдейді, онда діни мекемелер мен діни наным одан бөлек, мемлекеттік немесе міндетті дін жоқ, діни негізде партиялар құруға тыйым салынған. Осыдан-ақ мемлекет пен дін бірінің ісіне бірі қол сұқпайтыны анық аңғарылады. Бірақ шынтуайтына келгенде тап осындай заң нормалары қаққан қазықтай орындалып жатыр дегенге сенгің келмейді.
Елді бірлікке шақыратын, адамгершілікке бастап уағыз айтатын мешіт имамдарынан билікке қатысты, қоғамдағы өзгерістер туралы сұхбат алу былай тұрсын, пікір жинау мүмкін емес. Халық ашықтықты жақсы көреді. Имамдардан да соны күтеді. Әйтсе де ашылып сөйлейтіндер қарасы тым аз. Көбі жоғарыға жалтақтайды. Кейбіреуі «бәледен машайық қашыпты» дегенді берік ұстанады. Сондықтан оған тоқталмай-ақ қоялық…
Халықтың гүрілдеген ашу-ызасын көріп, «шерулеткендердің» шерменде халіне күйініп және дін өкілдеріне қарата айтылған сыни-пікірге жауап ретінде Мұхамеджан Тазабеков әлеуметтік желіде жазба қалдырды. Астындағы коменттерге қарап отырып, «Елді сабырға шақырған» Тазабековке түрлі көзқарастағы адамдардың пікірлері қарша борады. Артынша көп өтпей белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбай әлеуметтік желіге қоғамдағы өзгерісті сөз етіп, өз көзқарасын ашық жазды. Қарап отырсақ, екі азаматтың негізгі ойлары тамырлас болғанымен ұстанымдары екі бөлек. Сол себепті екі азаматтың ой-пікірлерін алаламай, оқырман қауымның талқысына салғанды жөн көрдік.
АТҚА МІНСЕ АТАСЫН
ТАНЫМАЙ КЕТЕТІН ХАЛЫҚҚА АЛАҢҒА ТОПТАСУ АБЫРОЙ ӘПЕРМЕЙДІ
«Асыл арна» директоры Мұхамеджан Тазабеков (Ықшамдалып берілді):
«Шеруге шығу жайлы. Бірден айтайын, қарсымын. Қорыққандықтан емес, қор болғым келмегендіктен…
…Ал біз секілді арыз жазу мен өтініш айтуды әлі ажырата алмай жүрген, түсінікте өмір сүру мен кісілікте ғұмыр кешуді шатастырып ала беретін, сыртқа шықса іші пысып, үйге кірсе тек әңгіме айтқысы келетін, тойдағы төбелесін немерелеріне дейін мақтанышпен айтатын, атқа мінсе атасын танымай кететін қызуқанды, қызыл сөзді батыр xалыққа алаңға топтасу, жер теуіп, наразылық білдіру абырой әкелетін шаруа емес.
Арты жақсы болмайды. “Арты жақсы болмайтынын билік неге ойламайды, олар неге қорықпайды” дерсіз… Билік деген — күш. Бір қолында тәртіп, бір қолында мейірім бар. Айбыны болмаса, бізді басқара алмайды. Мейірімі болмаса ел жайбарақат өмір сүре алмайды. Кей ұлықтың ниеті бұзылса, қорқытпақ түгілі өзін төрден таппай қаласың. Аяғың да, амалың да жетпейтін жерге қарасын батырады. Айғай-шу, шашылған шаңырақта тағы да сен қаласың. Елде төңкеріс болмай, береке қашпағаны әуелі бізге керек, қарапайым елге керек. Қаны басқа да, қамы басқа да, қасыңда қалмайды. Көзі бозарып, көште қалатын, қирағанды түзетіп, қалған қоқысқа қанағат дейтін де сіз бен біз. Қарапайым xалық. Сондықтан да алаңға қарап, алаңдай берген жалғыз шығар жол емес… Одан бөлек, ия, «xалық жетіскеннен шығып жатыр ма», «полиция неге суық қарсы алады», «біз соғысты қалап жатқан жоқпыз ғой» деген пікірлерді де жазып жатырсыздар.
Рас айтасыз, қоғамда проблема бар. Болған, бола береді. Бірақ бізді алаңға шығарғысы кеп жатқан проблеманың өзі емес, айтылып жатқан ақпараттың дүмпуі. Қаншама дәлелденбеген өтірік ақпарат тарқап жатыр. Артынан шын ақпарат айтылғанмен, жұрттың көбі алдын естіген ақпардың тұтқынында қап кетуде…
«Әркімнің ауруы ойбайына қарай» дегендей, пенделердің де қолының тазалығы қоғамына қарай ғой. Мәселен ілуде біреу болмаса, біздің қоғамда коррупционер емес кісі жоқ. Елбасының өзі қайсы бір жиында «кез келгеніңді қолыңнан жетектеп түрмеге отырғызуға болады» дегені бекер емес. Ия, рас, балық басынан шіриді, бірақ құйрығынан бастап тазалайды. Қоғамның дерті әуелі биліктен бастап байқалады. Бірақ түзетем десең, ертең-ақ ержетіп мансапқа келетін ұл-қызыңды әділ қып тәрбиеле. Тендерді олжа, параны жалақы секілді көрмейтіндей адалдыққа баулы. Аз уақыттан кейін-ақ жолы болғандары жоғарыға өрлейді. Сонда қызығын сіз де көресіз, ел де көреді. Ал сіз ренжіп отырған біреулер, сіз сияқты біреулердің тәрбиелеген перзенттері. “Жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да, тартпай бір қоймас негізге.”
Кейбір әулие мен әпенділерді қоспағанда қауымды екіге бөлуге болады. Коррупция қолынан келмей қиналып жүргендер және ретін тауып, еппен еншісін түгендеп жүргендер. Үшінші топты көрмедім…
…Өткен өтті, кеткен кетті. Енді бүгінгі күнгі таңдау таразысы сізде. Тұлға тәрбиелеңіз. Алмайтын, бермейтін адал перзент өсіріңіз….
Қанша көсем, шешен болсаң да мемлекеттің барлық проблемасын алаң-ға алып шыға алмайсың. Қайта көп мә-селе ол жерде ушықпаса, шешілмейді.
Мемлекеттің бар проблемасын алаңда шешпек түгілі, өз үйіңдегі жатын бөлменің әңгімесін ас үйде, ас үйдегі әңгімені қонақ бөлмеде айта алмайсың…
Мемлекет — үлкен үй! Алла берекемізді қашырмасын!
ТОҚАЕВТАН БАТЫЛ ДА, ШҰҒЫЛ ТҮБЕГЕЙЛІ
РЕФОРМАНЫ ТАЛАП ЕТЕЙІК…
Қайрат Жолдыбайұлы, дінтанушы: «Кейбір тілмар әккі сәлафилер халыққа басу айтып, сабырлыққа шақырған болып жатыр… Сөздің де, мінездің де әділі болады. Әділдік тек сотқа ғана қатысты дүние емес. Өміріміздің әр сәті, ойымыздың әр түйіні, іс-әрекетіміздің бәрі әділдікті талап етеді. Құранда күнде қайталайтын тура жол дегеніміз осы, міне! Халықты сабырлылыққа шақырады екенсіздер, онда әділ болып, биліктің осы уақытқа дейін жасап келген былығын да, барлық саланы жайлаған жемқорлықты да қоса айтыңдар.
Талан-таражға түскен байлығымызды айтыңдар. Тоз-тоз болып кеткен ауылдағы, қаладағы қазақтың мүшкіл жағдайын айтыңдар. Сайлауда мұғалімдерді маймылға айналдырған әділетсіз жүйені айтыңдар! Жазықсыздан қамалғандардың босатылуын талап етіңдер! Шенеуніктер мен ығай-сығайлардың қазақ тіліне пысқырмай, жаппай орысша шүлдірлегенін айтыңдар. Күннен күнге орыстанып бара жатқанымызды, қытайдың ықпалына түсіп бара жатқанымызды айтыңдар.
Сонда сендердің сөздерің өтімді болады. Сонда әділ сөздерің үшін ел сабырға келіп, билік өз сабағын алар. Әйтпесе әр сөздеріңді тапсырыспен яки ұпай жинау үшін жазып, айтатындарыңды халық көріп тұр.
Өздеріңді ғана жексұрын етпей, діннің де қадірін кетірмеңдер. Дін ең әуелі шынайылық пен әділдікті бұйыратынын ұмытпаңдар! Ал бұлай сөздің әділін айта алмасаңдар, данышпансымай, қызыл тілге салып, тілмарланбай тыныш отырыңдар!
Қосановтың өзіне сенген халықты алдап кеткенін көрдік. Мен Қосановқа дауыс бермесем де халықпен бірге алданып қалғандай күйге түстім.
Халық оған кінәлі емес. Халық шынымен өзгерісті қалады. Қосановтың орнына басқа біреу болғанда, соған дауыс берер еді. Болар нәрсе болды. Енді көтеріліс жасап, өзі ұтылдым, жеңілдім деп тұрған адамды күштеп апарып таққа отырғызбайтынымыз да түсінікті. Халық қан төгісті емес, тыныштықты қалайды.
Кешегі жағдайдан кейін билік халықтың реніші мен талабын ұқты деп ойлаймын. Ары қарай Тоқаевтан батыл да, шұғыл түбегейлі реформаны талап етейік. Соны жазайық, соны айтайық. Соны жеткізейік. Сөзі өтетін атақты тұлғалар, әйгілі өнер адамдары сарайды мадақтағанды қойып, осы бағытта жұмыла жұмыс істеуі керек.
Тәуелсіздігімізді баянды ететін, ұлты-мыздың мерейін үстем ететін, халқымыздың әл-ауқытын жақсартатын реформа керек.
ТҮЙІН СӨЗ:
Қалай десек те, еліміздегі діни ахуал тұрақты. Дегенмен діннен хабары аз пенделердің шариғат талаптарына терең бойламай, дін өкілдерін қаралап «әділетсіздікке ара түспейді, шындыққа көз жұма қарайды» деп кінә артуы үдеп барады. Халық ала-құла болғандықтан, пікірлер де сан алуан. Соған орай осы мақала арқылы екі діндар азаматтың қоғамдағы серпіліске қатысты көзқарастарын ортаға тастап отырмыз…
Танымал саясаткер Досым Сәтбаев бір сұхбатында: «Діни алаң әзірге өзін ойыншы ретінде көрсете қоймаса да, кейін белгілі бір күшке айналады. Қырғызстан бізге географиялық тұрғыдан да, менталдық жағынан да жақын. Міне, сол Қырғызстанда жаңадан шыққан діни қайраткерлер үлкен рөлге ие. Арасында стадион толы халықты жинайтын қайраткерлер бар. Бұл қайраткерлер қазір саяси мансап туралы ойлана бастады. Меніңше, Қазақстанда да Назарбаев кеткен соң, дінге басымдық беретін көшбасшылар пайда болады», — депті. Бұл пікірге қосылу, яки қосылмау өз еркіңізде, ағайын!
БЕТ ҚАТТАЛЫП ЖАТҚАНДА:
Осы мақала баспаға кеткелі жатқанда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз Хабар 24 арнасына сұхбат берді. Ол сұхбатты kazislam.kz сайты оқырмандарына шақтап ұсынды. Сол сұхбатта Бас мүфти: Жақсы қоғам құрудың 4 жолы бар екенін ескертіп өтіпті. Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық даму жолына түскен мемлекет екенін айта келе, бейбітшілік пен тұрақтылық, тыныштық ұғымының мәні тереңде жатқанына ерекше тоқталыпты. «Ең бастысы, бүлікке ешқашан жол бермеуіміз керек. Бейбітшілік болмаса берекең қашады, тыныштық болмаса тұрақты даму да болмайды. Үйдің өзінде бір күн ұрыс болса, оның қырық күн кесірі бар» — деген ҚМДБ төрағасы ғұламалар айтқан жақсы қоғам құрудың төрт негізін атапты. «Бірінші – ғалымның білімі, екінші – патшаның кеңдігі мен әділдігі, үшінші – бай-дәулетті адамның жомарттығы, төртінші – бұқара халықтың дұға-тілегі. Демек, ғалым білімін қоғамға жайып, жастарды ғылымға үйретсе, патша халыққа кеңшілік жасап, қоғамда әділдік орнатса, бай кісі қолындағы байлығымен бөлісіп, жомарттық жасаса, ал халық дұғагөйлігін танытса, сонда ол қауымның берекесі артып, бірлігі жарасады. Осы құндылықтар үйлесімін тапқан кезде ғана жақсылықтардың есігі ашылады. Бұл төрт негіз – мығым төрт таған іспетті. Егер, бірі бұзылса, қалған үшеуі әлсірейді», – дейді С.Сатыбалдыұлы.
Нағашыбай Қабылбек