«Жасыл ел» қатарында көпбалалы отбасыдан шыққан 200 бала жұмыс істеп жүр

 

«Студенттік құрылыс және «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары» жобасының аясында осы жазда Нұр-Сұлтанда жұмыссыз, студент және мектеп жастары арасынан 975 жас жұмысқа орналастырылады. Маусым айында олардың саны 500 адамды құрады, оның ішінде көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан 200 бала бар, деп қала әкімдігінің ресми сайты хабарлады. Елбасының тапсырмасымен 2005 жылдан бері елордада және еліміздің барлық өңірінде «Жасыл ел» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Он төрт жыл бойы елордалық «Жасыл ел» штабы қаланы көгалдандыру мен жастарды әлеуметтендіруге, жазғы маусымда 14-29 жас аралығындағы студенттер мен жастарды жұмыспен қамтамасыз етуге елеулі үлес қосуда. Бүгінде жазғы маусымда жастарды жұмыспен қамтамасыз ету бойынша келісімге 50-ден аса мекеме қол қойды. Олардың арасында «Астана орманы» ЖШС, «Астана зеленстрой» АҚ, «Астана тазалық» АҚ, «Базис А» құрылыс компаниясы, «Строй Групп Инжиниринг», «Капстро 2017» және қаланың бірқатар білім мекемесі бар. Айта кету керек, мамыр айында «Жасыл ел» жасақтарының қатарында 100 адам еңбек етті. Маусым айында олардың саны 500 адамды құрады, оның 200-і көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасынан шыққан. 18 жастан асқан жасылелдіктердің орташа жалақысы 80 мың теңгені құрайды.  Ерасыл Мұсатаев «Жасыл ел» қатарына биыл жазда кірді. Оның отбасында 7 бала бар. Мамыр айында №63 мектептің 10 сыныбын бітірген ол жазда отбасына көмектесу үшін жұмыс істеуге бел байлады. — Мектеп оқушылары мен студенттерге сабағынан қалмай, оқуынан тыс уақытта өз еңбегімен, адал терімен қосымша жұмыс істеп, табыс табуға мүмкіндік беріп отырған игілігі мол бағдарламаға алғыс айтқым келеді. Бұл бағдарламаның арқасында отбасыма көмектесіп қана қоймай, өзіммен қатар жастармен танысып, жаңа достар таптым. Ал табысыма өзіме және іні-қарындастарыма алдағы оқу жылында мектепке қажет заттар алғым келеді, — деді Ерасыл Мұсатаев. Бұдан басқа, жұмыс нәтижелері бойынша бағдарламаның барлық қатысушысына 35 394 теңгені құрайтын 2 базалық лауазымдық жалақы мөлшерінде ақшалай сыйақы (жұмыс берушінің қызметкерлеріне еңбекақыға қосымша ақы) төленеді.

astana.gov.kz