Ислам дінінің рухани және этикалық құндылықтары

Мақаламды мына бір ғибратты оқиғадан бастауды жөн көріп отырмын.

Бірде мұсылмандар әміршісі болған Хазірет Әли құрма бақшасында кешке дейін жұмыс істеп, кешкісін түйесіне бір қап жеміс теңдеген күйі үйіне қайтты. Түйенің тізгіні көмекшісі Қамбардың қолында, ал өзі болса алда келе жатты. Мәдинаға кіре-берісте жол шетінен бір дауыс естілді. «Алла разылығы үшін» деп өткен-кеткенге алақан жайған қайыршының күйі аянышты-ақ еді.

Дәл осы сәт Әли мен түйе жетектеп келе жатқан Қамбардың арасында мынадай бір әңгіме өрбіді.

– Әй, Қамбар! Мына байғұс не сұрап тұр?
– Құрма сұрап тұр.
– Берсеңші, ендеше!
– Құрма қапта ғой…
– Қабымен бер, ендеше!
– Қап түйенің үстінде ғой..
– Түйесімен бер, ендеше!

Әлидің айтқанын бұлжытпай орындаған Қамбар: «Түйенің тізгіні менің қолымда деуге қорықтым, – дейді, – Әйтпесе, мені де қоса ойланбастан әлгі қайыршыға беріп жіберетін бе еді…».

Міне, өзгелер үшін өмір сүру дегеніміз осы. Иә, Ислам қандай дін? Ислам дінінің рухани және этикалық құндылықтары не нәрсеге негізделген? Ғұлама ғалымдар бұл сұраққа қысқаша былай деп жауап береді.

Бірінші: Иман (Аллаға, Оның періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына, ақырет күніне, тағдырға, жақсылық пен жамандық бір Алладан екеніне шынайы түрде сену).

Екінші: Салиқалы амал (иман келтірген соң Хақ Тағала біздерден талап еткен ғибадат пен іс-әрекеттерді ықыласпен, ізгі ниетпен орындау).
Міне, Ислам дінінің осы екі қағидасы көзқарас, өмір сүру және іс-әрекеттеріміздің тәртібін қамтамасыз ететін әдеміліктер тізбегін қалыптастырады. Ислам – сана-сезім, сөз және ізгі іс-әрекет арқылы адам баласын әдемілікпен әшекейлеп, кәмілдікке жеткізіп, қараңғылықтан нұрға шығарады.

Алла Тағала қасиетті кәламы Құран Кәрімде адам баласы Жаратушы Иенің алдында – өзінің адамгершілігімен, қайырымдылығымен, адалдығымен және әділеттігімен ардақты екенін айтқан. Имани құндылықтар – әр адамды бауырым деп сүюге баулитын асыл арқау, ел мен жерді ынтымаққа шақыратын ізгі қасиеттер. Ибн Омар (р.а.) жеткізген хадисте: «Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Мұсылман – мұсылманның бауыры. Нағыз мұсылман бауырына озбырлық жасамайды, оны сатпайды. Кімде-кім мұсылман бауырының қажетіне жараса, Алла Тағала да оның қажетін өтейді. Кімде-кім мұсылман бауырының қайғы-мұңын сейілтсе, Алла Тағала оны қиямет-қайымның бір қайғысынан құтқарады. Сондай-ақ, кімде-кім мұсылманның айыбын жасырса, Алла Тағала да қиямет күні оның айыбын жасырады», – деп айтты», – делінген.
Ислам – рухани құндылықтар негізі Ұлттың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтары дін қағидаларымен үндесіп жатыр. Дін дегеніміз тек сенім жүйесі емес, ол – өмір сүру мәнері, қарым-қатынас әдебі, моральдық нормалар жиынтығы, жақсы мен жаманды, адал мен арамды ажыратушы рухани қағидалар жүйесі. Сондықтан, дін мәселесі – руханият мәселесі. Қазіргі уақытта дінге тек қағидалар, қатаң талаптар жүйесі деп қана қарайтын түсінік қалыптасты. Бұл дұрыс емес. Дінді руханият негізі ретінде қарап, оның жасампаз құндылықтарын, рухани әлеуетін басты назарға алғанымыз жөн. Ұлты­мыздың ұлы тұлғалары Исламның осындай асыл құндылықтарынан нәр алып, әлемдік өркениетке өлшеусіз үлес қосқан болатын. Әсіресе, соңғы жүзжыл­дықтар қазақ ғылымы мен мәде­ниетін қарыштап дамытты. Ал тәуел­сіздіктен кейінгі кезең өрке­­ниетті дамуға даңғыл жол ашты. Бұл жетіс­тіктер ұлт дүниета­нымында орныққан рухани құндылықтар кешенімен сабақтасып, бүгінгі біздің дәстүрлі руханиятымызды қалыптастырды.
«Мүмін болсаң, әуелі иманды бол»

Адам құндылықтардың ең жоғары дәрежесіне таза жүрек арқылы жетеді. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Адамның денесінде бір бөлшек ет бар, егер ол ет таза, жақсы болса, ол адамның амалдары да жақсы, егер ол ет лас болса, оның амалдары да жаман болады. Ол – жүрек», – деген екен. Демек, адам имандылық арқылы рухани адамгершілік қасиеттерін ашады.

Мемлекеттің әлеуметтік, саяси, экономикалық тұрғыдан қуатты болуы сол елдің имани айнасына байланысты. Қазір біз мешіттерде уағыз айтқанда, әсіресе жастарға «Әрбір иманды адам имам болып кетуі міндет емес» деген ұстанымды жиі ескертіп отырамыз. Иманды мұғалім ізгі ұрпақ тәрбиелесе, иманды дәрігер науқасқа мейірімділік танытып, сырқатын емдесе, иманды басшы халыққа қалтқысыз қызмет етсе, иманды құрылысшы өз ісіне адал болса, міне, сол кезде ғана адамгершілік сапасы биік ұрпақ қалыптастырар едік. Өмірін дінмен байланыстыра білген ата-бабаларымыз әрбір адамды имандылыққа, ізгілікке, жоғары адамгершілік қасиеттерге жетелейтін өшпес өнеге қалдыра білді. Хәкім Абай әрбір адамның қадір-қасиетін, өмірде алатын орнын ішкі жан-дүниесінің тазалығымен өлшейді. Кемеңгер ақын атамыз бір өлеңінде:

«Мүмін болсаң, әуелі иманды бол,
Пендеге иман өзі ашады жол», – дейді.

Адамгершілік қасиеттерді ұдайы жетілдіріп отыруы немесе бүкіл адамгершілік қасиетінен жұрдай болуы сол кісінің имандылығына байланысты деген түйін жасайды. Имандылықтың ең басты көрінісі – мейірімді, кешірімді, өзгелерге жанашырлықпен қарай білу. Ислам дінінен нәр алып, ұлттық болмысымыздың тұтас жиынтығына айналған данышпан Абай әрбір адамға қажетті қанағат-ынсап, бауырмашылдық пен имандылық сезіміне ерекше мән беріп, нәпсіні тыя білу мұсылмандықтың басты шарттарының бірі екенін кейінгі ұрпаққа қайта-қайта ескертіп отырады.

Ислам діні – тілі мен ділі, дәстүрі мен танымы әртүрлі ұлттар мен ұлыстарды бөле жармай адами құндылықтар төңірегіне ұйыстырады. Бұл ретте хадис тағылымы былай дейді: «Мұсылмандар бір-біріне жанашырлығымен және рақымшылығымен бір дене секілді. Егер дененің бір жері ауырса, онда бүкіл дене онымен бірге ыстығы көтеріліп, ұйқысы қашып, мазасызданады».

Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) үмбеті, біздерді бір үйдің баласындай, тату өмір сүріп, бір-бірімізді қолдап, демеу көрсетуіміз керектігін еске салады. Қазір қоғамның көзі ашық, ғылыми-техникалық дамудың шарықтап тұрған кезеңі. Бірақ, бір нәрсе жетіспейді. Бүкіл адамзат соны іздеумен әлек. Ол – рухани азық. Бүгінгі таңда халқымыздың тарихи мұраларын оқып-білу, дін мен дәстүрімізді бүгініміз бен келешегіміздің нәрлі қайнарына айналдыру өмір қажеттілігінен туындап отыр. Еліміздегі 2500-ге жуық мешіттің ұйытқысына айналған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы мәселелерді басшылыққа ала отырып, 2014-2018 жылдарды «Дін мен дәстүр жылдары» деп жариялаған болатын. Осы бастама аясында еліміздің барлық өңірлерінде халықты бірлікке, елдікке, бауырмалдыққа шақыратын түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, дін мен дәстүріміз қатар насихатталуда.

Бірлік пен ынтымақ – адами құндылық.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ елінің үш маңызды құндылы­ғына былайша сипат береді: «Бабаларымыз ғасырлар бойы қорғаштап, сақтаған қасиетті туған жеріміз – бірінші құндылығымыз. Екінші құндылық – бұл Тәуелсіздігіміз бен азаттығымыз. Үшіншісі – бұл халық­тың бірлігі, туған Отанымызды өркендету жолындағы бейбітшілік пен келісім».

Қоғамды жақсылыққа бастайтын адами құндылықтың бірі – бірлік пен ынтымақ. Ауызбіршілік қашқан, алауыздық күшейген қоғамда адамгершілік құндылықтар жойылады. Ал, осы адамгершілік құндылықтар мен ынтымақ-бірліктің бастау бұлағы – асыл дініміз Ислам екені белгілі. Қазақ елі өз егемендігін жариялағалы халқымыздың руха­ни қазынасының та­ри­хи та­мыр­ла­ры­на, олардың ішінде жалпы адамдық құндылық – дінге деген қызығушылық, ын­та мен ықыласы артып келеді. Өйткені, дін адамның бойындағы адамгершілік, имандылық қасиеттердің қалыптасуын көздейді. Адамгершілік пен имандылықтың негізі ар-ождан дейтін болсақ, ал, мұндай асыл құндылықтарды адам мен Алла Тағаланың арасындағы байланыс болып табылатын хақиқи дін ғана шыңдай алады.

Жас ұрпақтың иманды, ибалы, тәрбиелі болуы мемлекеттің беріктігін, оның гүлденуін айқындайды. Сондықтан, бүгінгі-ертеңгі ұлт дидарының қандай болмағы әрқайсымыздың бүгінгі іс-әркетімізге байланысты. Қазіргі жастарға осыны жете түсіндіруіміз өте маңызды. Халқымыздың сан жағынан көбейіп, сапа жағынан тұрақтауы – міне, осы ақиқатқа тікелей тәуелді болмақ.

Талғат ОМАРОВ