Павлодар облысында жас кәсіпкер мемлекеттік гранттың  арқасында өз кәсібін ашты  

Павлодарлық жас әйел мемлекеттен грант алып, нәрестелерге арналған киім тігетін цех ашты. Бұл туралы Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Бизнестің жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде Павлодар облысында соңғы екі жылда жалпы сомасы 70 милллионнан астам қаржыны құрайтын 29 грант берілген. Бағдарламада көрсетілгендей өз кәсібін ашқысы келетін азаматқа берілетін гранттың көлемі 3 миллионнан аспауы керек.

— Грантты тағайындаудағы басты шарттар: кәсіпкердің жоба шығындарын гранттың 10 пайызы көлемінде өз қаражаты есебінен өтеуі және жаңа жұмыс орындарын құру болып табылады, — дейді кәсіпкерлік және сауда басқармасының бас маманы Алтыншаш Апсалямова. – Грантты шағын кәсіп иелері, бастаушы кәсіпкерлер, әйелдер, жасы елуден асқан азаматтардың да алуына болады.

Кез келген мемлекеттік бағдарлама сияқты грант ретінде берілетін қаражат үй-жай, жер учаскесін  сатып алуға, жалға төлеу үшін жұмсалмауы тиіс. Сондай-ақ, гранттар кәсібін қайта құрып жатқан, банкроттыққа ұшыраған, салық бойынша өтелмеген қарыздары бар және тұрғын үйлерді жалға берумен айналысатын кәсіпкерлерге берілмейді.

— 2017-2018 жылдары біз 29 жобаны мақұлдап, олардың авторларына грант бердік,- деді басқарманың өкілі. – Валерия Наркизова есімді азаматша ашқан нәрестелерге арналған киім тігу өндірісі – табысты жобалардың бірі. Төрт адам жұмыс істейтін цех ашқан ол еліміздің өзге өңірлерімен әріптестік байланыс орнатып, қазір өзінің тауарларын Алматы мен Семейге сатылымға шығарып жатыр.

Атап өту керек, шағын қалалар мен ауылдардың тұрғындары үшін жоғарыдағы шектеулер қойылмайды. Олар грант арқылы алған қаражатты негізгі құралдар мен материалдарды, материалдық емес активтерді,т ехнологияларды, франшщиза құқықтарын сатып алуға, зерттеу жұмыстарына жұмсай алады.

 

 

Әлихан Рахметоллаұлы