Күн шығыстағы күре жолдың жұмысы жайлы
Шығыс Қазақстан облысының республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын қайта жаңарту жұмыстары аясында «Қалбатау-Майқапшағай» дәлізінде құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде.
Аталмыш автожолдың жалпы ұзындығы 415 шақырымды құрайды. Қайта жаңарту жұмыстары 10 учаскеде жасалуда. Жобаның аясында айналма жол, 18 көпір, 5 автокөліктік жол айырығын салу қарастырылған.
Қайта жаңарту жұмыстары толық аяқталғаннан кейін жолдың ені 9 метрге кеңейіп, ІІІ-шіден ІІ-ші техникалық санаттағы жолға ауысады, қозғалыс жылдамдығы сағатына 120 км дейін рұқсат етіледі.
Қазіргі таңда «Қалбатау-Майқапшағай» автожолының 906-915 және 915-955 км учаскелерінде айналма жолдар салынды. Сондай-ақ, бірінші учаскеде 8 шақырым су өткізгіш құбырлар, жол табанының 7,4 шақырым жоғарғы және төменгі қабаты, жол жабынының 7,1 шақырым төменгі қабаты төселді.
Екінші учаскеде 12 бірлік жол-құрылыс техникасы мен 15 адам жұмылдырылған. Бүгінде жолшылар жолдың енін 5 метрге дейін кеңейту, байланыс желілерін ауыстыру, қарды тоқтатуға арналған бағандарды орнату бойынша жұмыстар атқаруда.