Төрт мүгедекті асырап отырған жігітке көмек керек!
ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ДАМУ МИНИСТРЛІГІНІҢ НАЗАРЫНА
Данияр Маратұлы 1985 жылы туылған. Отызда орда бұзар шағында Данияр басына кенеттен мұндай сынақ туады деп мүлдем ойламаған да болар. Бүгінгі халі — мүгедектік қамытын киген отбасын — анасын, інісін, екі қарындасын күтіп, бағып, асырап отыр. Тағдырдың ісіне не шара!
Алматы қаласында 2 шағынауданында тұрып жатқан Даниярды үйіне арнайы іздеп бардым. Есіктің алдында жарты сағаттай күте тұруымды өтінді. «Қарындастарымның астын тазалап, жуындырып, киімін ауыстырып жатыр едім», — деді. Күткен жарты сағат жарты жылға созылғандай боп көрінді. Үйіне кіргеннен-ақ мүлдем басқа әлемге енгендей болдым. Аяқ киімімді шешпеуімді өтінді. Қолқаны қабатын ауыр сасық иіс, үймелеген шыбын, үйіліп жатқан лас заттар, күңгірт-қараңғылау бөлме… Бөлменің ортасында 3 төсек тұр. Жоғары жағындағы төсекте ауру анасы Гүлжан. Гүлжанның төсегінің жанында тамақтың лас ыдыстары, плитка пеш және бір қапшық макарон. Одан төменде оң жақта Динараның төсегі. Динара басын дуалға тіреп, тұңғиыққа батып кеткен. Сол жақта Дананың төсегі. Ыңырсып, ары-бері аунауда. Інісі Дамир асханада ұйықтайды екен.
Гүлжан
Анасын ауру меңдеген. Бауыр циррозы, қант диабеті, т.б. Өздігінен жүре алмайды. Дәретханаға әупірімдеп, сүйемелдеп барып қайтқанының өзі тауқымет. Анық ойлай алмайды, дұрыс сөйлей алмайды. Есіне түскен бірдеңелерді тоқтамай айта береді. Баласы Даниярды қайта-қайта іздей береді. Көзінен бір мезетке таса болса, атын қайталап айтып, шақыра береді. Баласы алдына келісімен есіне түскен бір қылығы үшін ұрса жөнеледі. «Еден жуғышты неге лақтырып тастайсың?» «Мама, ол екі жыл бұрын болған нәрсе. Еден жуғышың сынып, мүлдем жарамай қалған соң, лақтырдым». Осылай жалғаса береді. Анасының жағдайы тым нашарламас үшін қымбат дәрілер сатып әкеліп ішкізеді.
Дана мен Динара
1-топтағы мүгедектер. Екеуі де жүре алмайды. Дана 26-да, Динара 21-де. Екеуінің де денесі өспей, шап-шағын болып қалған. Әбден арып, құр сүйегі қалған. Екі қыз көп сөйлемейді. Үн-түнсіз. Психикалары шаршаған. Ыңырсып ауырсынады. Екеуі де бәрін, не болып жатқанын түсінеді. Терезеге қарап телміріп отырады. Екі қыз да мүгедектерге арналған арбамен жүреді.
Дамир
Дамирдің басы ауырады. Бірнеше рет өз-өзінің күре тамырын кеспекші болыпты. Онысынан ештеңе шықпаған соң, көпірден секіріп, өзіне қол жұмсайды. Алайда аяғын сындырып, жаны аман қалады. Қазір көп жүре алмайды. Даниярға тамақ істеуге көмектесіп тұрады екен. «Дамирге байқамай ауыр сөйлеп қоюдан қорқамын. Өзіне тағы қол жұмсап қояр ма деп қауіптенемін», — дейді Данияр.
Мейірімсіз ақ халаттылар
Екі қыз — Динара мен Дана арнайы емдеу мекемесінде (медбикелік жәрдем) жатып шыққан екен. «Неге сол жақта қала бермеді? Не үшін шығарып алдың?» — деп сұрадым. «Топ-томпақ қарындасым арнайы емдеу мекемесінде жатқан шағында бірте-бірте арықтап, құр сүлдері қалды. Денесін жара басып кетті. Өзім зиярат жасаған сайын, дәрігерлердің өз бөлмелерінен шықпайтынын, науқастардың күтімсіз қалып қоятынын өз көзіммен көріп жүрдім. Тіпті таза ауаға шығарып, серуендетпейді де. Қарындасымның көз алдымда сөніп бара жатқанын көріп, әзірге бойда қуатым барда өзім қараймын деп шештім», — деп жауап берді.
Бүгінде оларға арнайы дәрігерлер келіп, жағдайларын біліп тұруға тиісті екен. Алайда, Даниярдың айтуынша, олар мұнда келуге жиіркенеді екен. «Қоймай шақырғанда ғана келеді, ал көбіне келмеуге тырысады», — дейді Данияр.
«Қоқыстан нан тердім»
Даниярдың көзінің нұры семіп кеткен. Арғы жағында от жоқ. Тағдырдың осы сынағына көніп, сынып кеткендей. Ауру анасына, ауру інісіне, мүгедек екі қарындасына қандай қиын жағдайда болсын қарауға нық бекінген. Одан арыға жоспар құрмаған. Бір қайырымды кісі мұның жағдайын көріп, жұмысқа алыпты. «Қарындастарыңа көмекке баруға ара-арасында сұранып тұрсаң, жіберіп тұрамын» деген екен.
Төрт адамға тамаққа азық-түлік алып келу, 3 мезгіл тамақ дайындау, ыдысын жуу, екі қыздың үлкен-кіші дәретін тазалау, киімдерін ауыстыру, киімдерін жуу, төсектерін тазалап ауыстыру, шомылдыру. Осы істерді күн сайын істеумен уақыты өтеді.
«Мен күн сайын ойланамын, миым ашып кетеді. Екі қарындасымды ауруханаға, мемлекеттің қарауына өткізсем, тағы да дұрыс күтім жасамай қоя ма деп қорқамын. Бұлардың күтімі бар, анамның үздіксіз айқайы бар, кейде бәрін тастап кетіп қалғым келеді. Бірақ оларды тастап қайда барам?!» — деп қынжылды Данияр.
«Бәрі бізбен араласпай кетті. Достарымның өзі де менен қашады. Таныстарыма 500-1000 теңге қарыз болып, қайтара алмай қаламын. Қолыма 200 теңге түссе де үйге нан алуға тырысамын. Қатты қиналған кезімде үйдің жанындағы қоқыс жәшігін аударып, нан қалдықтарын тердім. Жұрттан ұялып, түнде жасадым. Нан пісіретін бір наубайхананың адамдары тегін нан беріп көмектесті», — деп, Данияр ауыр естеліктердің бір парасын есіне алды.
Қайырымсыз туыстар
Даниярдың туыстары баршылық. Бірақ бірде-біреуі көмек қолын созған емес. Өздері той жасаса, бұларды шақырмайды. «Басқа — басқа, бірақ қаны туыс ағайынның, жылу жинамай-ақ қойсын, жақсы сөзбен жәрдем бермеуі бәрінен жанға қатты батады. Түсінемін, олар көмектесуге міндетті емес шығар. Бірақ…» — деп, тағы да ауыр ойлардың астында езілді Данияр.
Пәтерлерін тартып алмақшы
Туыстары көмек бермек түгіл, зиянын тигізбек ниетте. Даниярдың тұрып жатқан пәтері анасының анасы, яғни нағашы әжесінің атында. Бір туыстары үйді өздерінің атына аударып алуды көздеп, Данияр үйде жоқ кезінде үйге келіп, анасына заңдық құжаттарға қол қойдыртып алыпты. Туыстарының көзіне бұл отбасы құритын отбасы болып көрінсе керек. Екі қызға төленетін жәрдемақыдан да бірнеше айға сол туыстарының кесірінен қағылыпты. Пайдасы түгілі зиянын тигізіп жүрген мұндай адамдарды Құдайдың әділдігіне қалдырдық.
Мемлекет тарапынан көмек керек
Иә, Даниярдың отбасына шұғыл көмек керек. Кешенді көмек. Әйтпесе бұл әлжуаз отбасы жойылып кетуі әбден мүмкін. Дана мен Динараны жақсы күтім жасайтын мемлекеттік сауықтыру мекемесіне не ауруханаға орналастыру керек. Дамирді медициналық тексертуден өткізіп, миында ауытқушылық бар-жоғын тексерту қажет. Анасы Гүлжанды ауруханаға жатқызып, ем-дом жасалуы керек. Себебі Данияр оларға ұзақ уақыт қарап жүре алмайды. Оның үстіне, ол дәрігер емес. Адам мұндай күйзеліске түсіретін жағдайдан бір күні шындап сынып кетуі де мүмкін. Отбасының барлық шаруасымен, құжаттарымен жүгіруге Данияр ешқашан үлгермес. Құзырлы органдардың жәрдемі, арнайы мамандардың көмегі, жанашыр азаматтардың материалдық және рухани демеуі қажет.
Мынау Рамазан айында сауапты істер жасауға құлшынатын адамдар үшін бұл таптырмас мүмкіндік. Қоғам деген біртұтас дене секілді. Бір мүшесі ауырса, барлық денесі сыздайды. Даниярдың ауыр жүгін көпшілік болып жеңілдетпесек, онда мұсылмандығымызға, адамдығымызға сын. Пайғамбарымыз айтқандай, «ең жақсы адам — өзгелерге пайдасын тигізетін адам» дәрежесіне жетуге ұмтылайық.
Анықтама:
Губайдуллин Данияр Маратович
22,11,1985
Казком карточка
KZ909 260 01P N02 007 091
Картаның нөмері: 4177 7900 2070 6508
Мекенжай: Алматы қаласы, 2 шағынаудан, Қуанышбаев 29/36, (Өтеген батыр көшесінің қиылысы), 29 үй, 36 пәтер.
Телефон нөмері: 87073916454
Әзірлеген Мирас КЕСЕБАЕВ,
«Қазақстан-ZAMAN» газеті