Павлодарға Арыстан 300 бала демалуға келді

Түркістан облысының Арыс қаласынан келген балалардың алғашқы легі Павлодарға жетті. Арыстың 130 жас тұрғыны Баянауылдағы жазғы демалыс лагерьлерінде тынығып қайтады.

Арыс қаласының маңындағы оқ-дәрі сақталатын қоймаларда снарядтар жарылып, тұрғындары қиын жағдайға ұшыраған төтенше жағдайдан соң Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов Арыс қаласының 300 баласын Баянауылдағы лагерьлерде демалуға шақырды. Бүгін таңертең, Арыс қаласынан бортында 130 бала бар ұшақ келді. Балалар Баянауыл ауданына автобуспен жетіп, мұндағы лагерьлерде бір маусым демалып қайтады.

— Жақсы ұшып келдік, — дейді Арыс қаласының 15 жасар тұрғыны Ерлан Асқар. – Бүгін менің туған күнім. Туған күнімді жаңа жерде қарсы алу мен үшін күтпеген тосын сый болды.

Арыстан келетін тағы да 170 бала Павлодар облысындағы өзге сауықтыру лагерьлерінде демалып қайтады.

 

Әлихан Рахметолаұлы