«Қыршын» кеткен үйлер, жылаған тұрғындар обалы кімге?
Қазақстанда салынған, салынып жатқан тұрғын үйлердің сапасы сын көтермейтінін айта-айта жақ талып, тіліміз кезең болғаны қашан. Кейде біздегі құрылысшылар үйді қасақана сапасыз тұрғызатындай көрінетіні бар. Бәлкім, олар сол арқылы елдегі жұмыссыздықты ауыздықтап, көп адамның жұмыстан қағылмауын көздейтін болар, кім білсін. Әйтпесе, бүгін салған тұрғын үй кешені ертең сыр беріп, қабырғалары қақырап сөгіліп, іргетасы қисайып, төмен шөгіп, бара-бара төбелері құлап, сылақтары түсіп, жел соқса шатырлары ұшып, сатысы тайып, қабырғалары жарылып, ақыры опырылып құлап, шаңырағы ортасына түсетіні соңғы кездері бұлжымас дәстүрге айналып бара жатқаны жасырын емес.
Оған Қарағандыдағы Бесоба тұрғын үй кешенінің екі жылға жетпей «жантәсілім етіп», жермен жексен болғаны, жақында Алматы қаласының Алатау ауданына қарасты Алғабас-6 ықшам ауданында орын алған оқиғалар бұлтартпас дәлел. Еске салсақ, әлгі Алғабас ықшам ауданындағы 9 қабатты, екі подъезді үйдің қисайғанын байқаған тұрғындар түн ішінде ұлардай шулап далаға шыққан. Осыдан кейін билік тұрғын үйдің бірінен 200-ден астам тұрғынды түн ішінде көшіріп, қала әкімдігі келіскен қонақүйлерге орналастырған. Алғабастағы үйлердің дені мемлекеттік бағдарламамен баспанаға мұқтаж азаматтарға берілген. Тұрғындардың ішінде мүгедектер мен көп балалылар, ауыр науқастар да бар. Ондаған депутат, Ұлттық экономика министрлігі мен ұлттық компаниялар өкілдері қатысқан жиында депутат Артур Платонов осы Алғабас ықшам ауданында мемлекеттік бағдарламамен салынған үйдің қисайып, апатты жағдайға жеткенін сөз етіп: «Маусым-ның 1-і күні Алматыда болған жағдайдың қайталанбауына, азаматтардың мемлекеттік бағдарламалармен алған бас-паналарының сапалы болуына кепіл бар ма?
Салынған әр үй үшін сұрау салатын нақты жауапты адамдар бар ма? Құрылыс компаниялары қалай таңдалады? Әлдебір техникасы жоқ, ұжымында үш-ақ қызметкері бар компания тендер ұтып, қосалқы мердігер компания жалдап жататын кездер жиі ұшырасады. Сосын мұндай мердігерлер салған үйлер қалай сапалы болмақ?» — деп, сұрақты төтесінен қойған еді. Бұл сауалға Ұлттық экономика вице-министрі Роман Скляр: «Үйдің сапасыздығына бірінші кезекте тапсырыс беруші, техникалық бақылау, авторлық бақылау және мердігер жауап беруі тиіс», — деп, жауапкершілікті өздерінен алшақтатқанымен, ақыр соңында мұндай келеңсіздіктердің орын алатынын мойындап: «Қазіргі кезде техникалық, авторлық бақылау, тапсырыс беруші және жобалық ұйымдастыру талаптарын күшейтіп жатырмыз», — деп құтылған. Вице-министрдің айтуынша, «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес жалға берілетін баспана салу мен қаржыландыруға Қазақстан ипотекалық компаниясы бағыты бойынша ұлттық қордан 115 миллиард теңге, «Қолжетімді баспана — 2020» бағдарламасы арқылы баспана салуға 29 миллиард теңге бөлінген екен. Шүкір, бұл салаға аударылған қаржының есебі жоқ. Бірақ оның сапасы туралы не көп, дабыл көп. Салушының мұрты қисаймайды, ал алушы байғұстың қуанышы су сепкендей басылып, «аһ!» ұрып жатады.
Қала басшылығы арнайы комиссия құрылып, мәселенің мән-жайын анықтайтынын айтса, қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ғабит Садырбаев: «Кез келген жоба мемсараптамадан өтеді, сосын барып құрылысты салуға МСҚБ рұқсат алады. Комиссия құрылады, комиссия құрамына МСҚБ, ТЖ, әкімдік өкілдері және керек болып жатса біз де кіруіміз мүмкін. Төтенше жағдай кезінде ережелер осындай. Қарағандыда осындай жағдай орын алғанын білесіздер. Ондай жағдайлар Шымкентте болған. Онда топырақ шөккен. Болмаса жер астында жерасты сулары болып, олар арнасын ауыстыруы мүмкін. Құрылыс кезінде барлығы дұрыс болғанмен, 20 жылда бәрі өзгеріп, жер асты сулары «ойнақтауы» ғажап емес. Осылайша, бос кеңістік пайда болады да, су әлгі кеңістікті толтырады. Құмдардың шөгуін анықтау мүлдем мүмкін емес», — дейді. Алғабастағы үй құрылысының инженерлік-геологиялық зерттеу жұмыстарын «Геостройинвест» ЖШС және «КазГИИЗ» ЖШС атты екі мамандандырылған ұйым мамандары жасаған. Үйдің қисаюын зерттеп, тексеру барысында 12 метр тереңдікте жер асты суы пайда болғаны анықталған. Үйдің апатты жағдайға душар болуы жауапкершілігі жобаға қатысушылар: жобалаушы «Архспецстройпроект» ЖШС, мердігер — «Астана-Құрылыс» және техникалық қадағалаушы орган — «Стройинтеграция» ЖШС мойнына жүктеледі. Енді мердігер «Астана-Құрылыс» компаниясы өз ақша-сына дәл осы ауданда нақ осындай тоғыз қабатты тұрғын үй кешенін тұрғызып беруге міндеттенді. Осындайда биліктегілерге: «Мәселені осыншама ушықтырмай тұрып шешуге болмас па еді?» — деген сауал қойғың келеді. Олардан бұған мардымды жауап болмасы анық, өйткені ақша өз қалтасынан шығып жатпаған соң, мемлекет ақшасының қалай болса солай жұмсалып, босқа рәсуа болуы кімнің қабырғасына батар дейсің? Себебі құрылыс саласында орныққан бұлжымас қағидаға сәйкес, тендерді алу машақатына араласқан кез келген компания қажетті қаржыны алу үшін қазан құлағын ұстаушыларға оның үстінен «шәпкесін» береді дейді-міс. Әлгі «шәпке» ең жоғарғы билік сатысына жеткенше бірнеше есе өседі.
Бөлінген қаржы кері бағытта жүргенде, әлгі ақшаны әр сатыдағы «үлеске қатысушылар» жырымдап алып қалып, құрылысшылардың қолына там-тұмдаған аз ғана қаражат келіп тиеді. Олар амалсыздан құрылыс материалдарының ең арзанын сатып алып, шамасы келгенше «үнемдеуге» тырысады. Нәтижесінде қағаз картоннан салғандай қит етсе құлап қалуға бейім тұратын аса «нәзік» тұрғын үй кешендері пайда болады. Бұл жерде сапа жайлы ойлайтындар болмайды. Бұл дәстүр әрі қарай жалғаса бермеуі үшін оған кінәлілерді қатаң жазалап, тіпті соттауға дейін шара қолданбаса, «ғұмыры» қысқа үйлердің салына берері кәміл. Билік ең алдымен өзінің емес, халықтың қауіпсіздігі мен тұрмыс ахуалын ойлауы керек. Бұған сіздер не дейсіздер, оқырман қауым?
Ермек Сахариев