Павлодарда елорда күніне орай дуатлон жарысы өтті  

Дуатлонға өңірдің үш жүзден астам тұрғыны қатысты. Олардың қатарында Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов та болды.

— Бұл жарыс бәріміздің сүйікті астанамыз – Нұр-Сұлтан қаласының күніне арналады, — деді аймақ басшысы. – Жастардың бастамасы бойынша елорданың 21 жылдығына орай 21 шақырым қашықтық белгіленді. Оның ішінде 5 км-ді жаяу жүгіріп, 16 км-ді велосипедпен жүріп өттік. Барлық қатысушылар дуатлонды толық жүгіріп өтті. Ауа-райы да өте қолайлы болды. Баршаңызды елорда күнімен шын жүректен құттықтаймын.

Жарыс маршруты жақында ғана жөндеуден өткен Нұрсұлтан Назарбаев даңғылының бойымен өтті. Дуатлонға ардагер спортшылардан КСРО спорт шебері, марафон мен дуатлон жарыстарының бірнеше дүркін жеңімпазы 70-жасар Владимир Кривушкин мен атақты қазақстандық жеңіл атлет Александр Кузнецов қатысты. Алесандр Кузнецов бұған дейін 10 км қашықтықты 28 минут 12 секундта жүгіріп өтіп, рекорд орнатқан еді. Оның рекордын әлі ешкім жаңарта алған жоқ.

Барлық қатысушылардың ішінде бірінші болып мәре сызығын 17 жасар Қиса Түсіпбаев кесті. Ол Павлодарға облыс орталығынан 30 шақырым қашықтықта орналасқан Мичурин ауылынан велосипедпен келді. Қиса күн сайын 1,5-2 сағат уақытын спортпен шұғылдануға жұмсайды екен.

— Жеңіл атлетикамен айналысқанды жақсы көремін, — дейді жеңімпаз. – Маған 1,5 және 3 км қашықтыққа жүгірген ұнайды. Жаттықтырушымның дуатлонға қатысу туралы ұсынысын қабыл алдым. Жарыстың ұйымдастырылуы өте керемет болды.

Дуатлон жеңімпаздарын Павлодар облысының әкімі марапаттады. Абсолюттік категорияда әйелдер арасында бірінші болып Ирина Быкова келді, екінші және үшінші орындарды Татьяна Миргородская мен Қадиша Цечоева өзара бөлісті. Ерлердің арасындағы ең жылдам болған Қиса Түсіпбаевтан кейін мәреге Забияка Денис екінші, ал, Шақатов Руслан үшінші болып келді.

 

 

Әлихан Рахметоллаұлы