«КӨКМАЙСА» — көңілді көтерген күн. Ұлттық құндылық ұлықталған күн
Ұлт ұясы Ұлытауда биыл екінші рет Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауданның 80 жылдық мерейтойына орай дәстүрлі «Көкмайса» этнофестивалі өтті.
Ілкімді шара «Едіге тауы — ескі жұрт ескерткіші» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциядан бастау алды.
Биылғы этнофестиваль қонақтар мен қатысушылар үшін арнайы әзірленген ұлттық бағдарламалармен ерекшеленді.
«Көкмайса» этнофестиваліне қонақтар бүкіл Қазақстаннан жиналды. Шараның ашылу салтанатына жиналған қауым театрландырылған қойылымды тамашалады.
Аудан әкімі Әнуар Омар тізгінін ұстаған, облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының бастығы Еркебұлан Ағымбаев, тарих ғылымының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев, тарих ғылымының докторы, профессор Тілеген Садықов, тарих ғылымының кандидаты Өмірбай Бекмағанбетов, өлкетанушы Кәмел Жүнісов, Қазақстанның Құрметті журналисі, тарихшы-этногроф Төрехан Майбас қатысқан алқалы жиында Алтын Орда әмірі Ер Едіге жайлы аңыз бен ақиқат сөз болды.
Фестиваль бағдарламасында қолданбалы өнер бойынша байқаулар мен шеберлік сыныптар өтті. Қонақтар қымыз мен қазақ асүйінің тағамдарынан дәм татып көрді. Сондай-ақ садақ ату, қатын күрес, аударыспақ, теңге алу, асау үйрету, мешкейлер жарысы, қымыз ішуден жарыс, көкпар, аламан бәйге және қыз қуу ұлттық жарыстары ұйымдастырылды.
– Біз осы жылы садақ ату, көкпар және қыз қуу сияқты қазақтың ұлттық ойындарын қостық. Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциямыз да биылғы шараның жаңалығы болды. Сондай-ақ, Жастар жылы аясында «Алтыбақан әуендері» мерекесін ұйымдастырдық. Фестивальге барлығы 6000-нан астам адам қатысты, – деді Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Бағдат Байжантаев.
Конференциядан кейін қонақтар мінген автокөліктер Едіге тауын бетке алды.
Шаралар аясында тарихи Ұлытауды ұлықтау, көне дәуірден жеткен бай мұраны, бірегей ескерткішті ел игілігіне айналдыру, ұлттық салт-дәстүр мен әдет ғұрыптың қайталанбас бітім-болмысын, ұлттық спорт ойынының дара табиғатын таныстыру мен насихаттау көзделді. Өңірдің тұма табиғатының, ауасы мен суының дертке дәру, жанға шипа екенін әспеттеу мақсатын алға қойған шырайлы шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
— Этнофестиваль мақсатының бірі – шетелден келген туристерді Ұлытаудың тағылымды тарихымен таныстыру, құнды ескерткіш, жәдігеріне қызықтыру арқылы туризмді дамыту. Сондай-ақ, іскер азаматтарды осы саладағы кәсіппен шұғылдануға бағыттау. Өңірдің туристік әлеуетін арттыру, инфрақұрылымын жетілдіру бағытында жасалған жоспарға сай жүйелі жүргізіп жатқан басқа да жұмыс баршылық, — деді аудан әкімі Әнуар Омар.
Сол күні Ұлытаудағы Қазан таудың баурайында отыз киіз үйді сән-салтанатымен тігіп тастаған этноауыл жан-жақтан ағылған жамағатқа естен кетпес әсерлі сәт сыйлады. Аудан өнерпаздары көпшіліктің қошеметіне бөленіп, жастар жағы қазақтың ұлттық ойыны ақсүйек ойнап, алтыбақан теуіп, мәре-сәре болды. Көпшілік жиылған қауым тауға шығып, атпен серуендеді. Екі күн бойы дәстүрлі әншілер мен бард әндері орындаушылардың байқауы өтті. Дәстүрлі әншілер байқауында Ардақ Мұқышев жеңімпаз атанды. Ал бард әндері байқауында Еркін Жабағанов жеңіске жетті.
Этнофестивальде Мейірімхан Ералиев бастаған жезқазғандық жігіттер ұйымдастырған садақ ату бәсекесінде бақ сынады. Мешкейлер сайысында алты жігіт алты табақ ет жеп, көрермендер қошеметіне бөленді. Он жігіт қымыз ішіп жарысты.
Этнофестивальдің жеңімпаздары қаржылай жүлдемен марапатталды. Бард байқауының жеңімпаздары, дәстүрлі ән салғандар, садақ атқандар, “мешкейі” мен қымыз қотарған, аударыспаққа қатысқандар да жүлде иеленді. Теңге алған, қыз қууға қатысқан жастар да марапатталды.
Айта кеткен жөн, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты еңбегінде: «Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты.
Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды…
Автокөлік қозғалтқыштарының қуаты әлі күнге дейін аттың күшімен өлшенеді. Бұл дәстүр — жер жүзінде салт аттылар үстемдік құрған ұлы дәуірге деген құрметтің белгісі» деп атап өтеді.
Жылқы демекші, «Бәйгетөбедегі» аламан бәйге көпшіліктің назарын аудартты. Бәйгеде 18 ат әрқайсысы 24 шақырымдық төрт айналымға жіберіліп, Шет ауданының «Ақой» ауылынан ат әкелген Әлкен Жылтыркөзов 500 000 теңгені жеңіп алды. Ұлытаулық Сұлтан Баймағанбетов меценат жерлесі Ыбырахым Байболовқа екінші орынға тіккен арғымағы бұйырды. Қалған үш орынды да ұлытаулықтар Қанат Әбсейітов (“Қаракеңгір”, 200 000 теңге), Кеңгірбай Қазыбаев (“Егінді”, 100 000 теңге), Ыбырахым Байболов (“Ұлытау”, 50 000 теңге) иеленді.
Аударыспақ, асау үйрету, теңге алу, қыз қуу ойындары көпшілікті қызыққа кенелтті. Көкпардағы алғашқы екі орынды жаңарқалық Ерден Жаманов баптаған “Ақжол” (жүлдесі 300 000 теңге) мен “Ақтүбек” (200 000 теңге) иеленді. Кейінгі екі орын жергілікті “Ұлытау” (100 000 теңге) мен “Алғабасқа” (50 000 теңге) бұйырды.
Фестивальде қонақтар Ұлытау тауларына экскурсия жасап, тарихшы-этнографтардың әңгімесіне құлақ түрді.
«Алдағы уақытта «Көкмайса» этнографиялық фестивалі жалғасын табады. Фестиваль аясы кеңейген сайын, Қазақстанның ұлттық мәдениетімен танысқысы келетін көптеген туристердің елге келуіне мүмкіндік береді», – дейді ұйымдастырушылар.
Аяулым СОВЕТ,
Суреттерді түсірген —
Жасұлан АЯШЕВ