Павлодар облысының әкімі қол астындағыларға қатаң талап қойды

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов қарамағындағыларға орындаушылық тәртіпке атүсті қарамауын айтып, кінәлілерді қатаң жазаға тартатынын ескертті.

Облыс әкімдігінде өткен аппарат кеңесінде аймақ басшысы өзінің тапсырмаларының бәрі бірдей уақтылы әрі сапалы орындалмайтынын айтып қынжылды.

— Жақында ғана Ертіс ауданына жасаған жұмыс сапарымның барысында бұған дейін берген тапсырмалардың көпшілігі қағаз жүзінде қалғанын көрдім, — деді облыс әкімі. — Үш жылдың ішінде аудан өзінің көрсеткіштерін жақсартудың орнына төмендетіп алған. Ауданның дамуы мешелденіп отыр. Инвестициялар тартылмайды. Менің аудан басшысына берген «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша аудандағы бос тұрған үйлерге жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы тапсырмам орындалмаған. Ауданда 10 көп балалы отбасы үйсіз-күйсіз жүрсе, оларға қажетті үйлер қаңырап бос тұр.

Анықталғандай, осы жұмыс сапарының нәтижесінде аудан әкімі Серік Батырғожинов жұмыстан өз еркімен кету туралы өтініш жазған. Болат Бақауов оның өтінішін қабылдап, қол қойып үлгерді. Қазіргі кезде бұл құжат Президент Әкімшілігінде қаралып жатыр.

Сондай-ақ, аппарат кеңесінде аймақ басшысы Павлодар қаласының әкім Әнуар Күмпекеевтің жұмысын сынға алды. Ол облыс орталығының басшысы біраз уақыт бұрын қымбат үй сатып алуға бюджеттік қаражатты жұмсау фактісімен аты шыққанын ескерместен тағы да мемлекеттік қызметшіге жараспайтын әрекетпен танылғанын айтты. Әнуар Күмпекеев басқарған қала әкімінің аппараты соңғы уақытта мемлекеттік сатып алулар сайтында қымбат жиһаз сатып алу туралы лот жариялап дауға қалған еді.

— Өткенде мен оған қатаң сөгіс жарияладым, — деді облыс әкімі. – Әнуар Күмпекеев саяси мемлекеттік қызметші ретінде оған жүктелген сенім мен үмітті ақтамады. Президент Әкімшілігіне тапсыру үшін тиісті құжаттар әзірленді.

Әлихан Рахметоллаұлы