Әжелер институтының ғасырлар бойғы қалыптасқан жүйесіне қайран қаламы
Егер жанның сұлулығын көзбен көруге мүмкіндік алатын болсақ, тұрған жерімізде тілімізді жұтып қояр ма едік, кім білсін? Расымен сол сұлулық көзге көрінбейтін болған соң, біз оны онша бағалай бермейміз. Розаның жаны сұлу. Бар құпия- осында ғана. Жаны сұлу болғандықтан, ол жаны көркем адамдарға жақын жүреді. Шығармашылық адамдармен тез тіл табысып, еркін сөйлесе алады. Кейде оның болмысына қарайсың да, құдіреті күшті Құдайдың шеберліне қайран қаласың. Мөлдіреп тұрған лирикалық ақынды, нәзік иірімі бар әншіні, жылдам аналитика жасайтын журналисті, жүрегі нотаға толы сазгерді бір ғана адамның ішіне қалай ғана сыйғызып қоюға болады. Бірнеше адамның болмысы бір өзіне сыйып кеткендіктен ол сондай күрделі һәм қарапайым. Қарапайым болатыны- ол қазақтың жанын түсіне алады. Мәселен, «Мен сыйға тартқан орамал» неге халыққа жақын? Себебі орамал- қыз сезімін аманат еткен символ. Кезінде орамалға кестелеп хат жазған аналарымздың сезімдер қабаты үлкен энергетикаға айналған. Ал сол энергетикалық қабат барлығымызға бір жылылық сыйлайды. Орамал деген сөзді ести қалсақ, онда елжіреген жүрек пен мол мейірімнің кілкіп тұрған энергиясын сезінеміз. Барлығы сол сезіну деген ұлы ұғымда жатыр. Өмірді ақын, сазгер, әнші ретінде сезіну оңай емес. Жоғарыда оның болмысын күрделі деуімнің себебі сонда жатыр. Күрделі болғандықтан ол-жалғыз. Жо, жоқ! Ол ибалы келін, ұлағатты ана һәм аяулы жар. Бірақ жалғыздықты сезінуге ұлағат пен иба және аяулы бола білу кедергісін келтіреді деп кім айтты? Жалғыздықты сезінген адам ғана жаратушының Жалғыз екенін мойындайтын сияқты. Жалғыздықты сезінген талант иесі ғана саф өнер туғыза алады. Құдай ақы, сізге, маған, оған жалғыз ғана Жаратушы жан бітірді емес пе? Ендеше қандай да бір шығармада жалғыздық мотиві мен сарыны орын алса, ол тұнық өнер бола алады. Көптің көңілінен жалғыздықты сезініп қана орын алуға болады. Себебі көп- сол көптің арасынан өзін іздеп жүрген жалғыздардан тұрады. Бір әнші туралы жазу үшін пәлсафа қуып кеткеніміз кейбір оқырманға ұнамайтын да шығар. Бірақ онсыз Розаның болмысын ашу мүмкін болмайды екен. Себебі ол әнші ғана емес қой. Бес балаға ана болу, өнер сахнасынан табылу, достардың сырын тыңдап, мұңын мұңдау, өмірлік серігінің көңілінен шығу, енді міне жақында отандық өнім шығаратын кәсіпкер ханым атанды. Осының барлығына қалай үлгереді? Әлде оның барлығын басқа біреу жасап, атақты Роза иеленіп жүр ме? Олай емес, оның қасында жүрсеңіз, кәсібінің есеп-қисабын өзі жүргізіп, келісімсөзді де өзі жасап жүргенін көрер едіңіз. Бұл сонда қалай болды? Барлық құпия- оның аз ұйықтап, көп еңбектенетінде. Тәуліктің төрт сағатын ғана ұйқыға, қалғанын еңбекке арнайтын адам көрсет десе, қазақтың осы қызының атын атауға болады.
- Роза, «Мен сыйға тартқан орамал» әнімен сізді таныдық. Әншілердің ішінде қазақ әйелінің образын алып жүрген өнер иесі деп білеміз. Шынайы өмірде біздің осы танымға лайықсыз ба? Қазақтың салтын қаншалық ты ұстанасыз?
- Мен үйден ұзатылып бара жатқанда анам : «Мен сен бара жатқан елдің қандай екенін білмеймін. Мүмкін олар саған орамал тағып, сәлем салмай-ақ қой деп айтатын болар, бірақ барған жеріңе көргендігіңмен тектілігіңді көрсет. Сәлем салғаннан кеміп қалған келін жоқ. Қайта үлкендердің батасын аласың. Ал батамен дүйім ел көгереді. Сосын кеудең кең болсын. Алладан он бала тіле. Жаратқан қайсысының тағдырын қалай өрбітеді, өзі біледі. Сондықтан тілек тілегенде тартынбау керек»,-деді. Айтса, айтқандай-ақ, келген жерімде ұлдың арасында жалғыз тал шынар ағашындай қайын сіңілім бар екен. Енем мені қызындай көретінін, орамал тақпай-ақ қойсам да болатынын жеткізді. Он тоғыз жасымда келін болып түстім. Анамның сөзін құп алдым. Бойжетсем, бір үйдің келіні болсам, орамал тақсам деген бала күнгі арманым бар емес пе? Ендеше арманыммен бетпе-бет жүздескенде одан жалтарып кеткім келмеді. Екі қайын ата мен екі енеге келін болдым. Алғаш сәлем салған тұста тосырқап, не айтарларын білмей қалып жатты. Кейін әр сәлем салған сайын «бақытты бол», ұл тап, көп жаса» деп айтты. Осы тілекке риза болып сәлем салуды жалғастыра бердім. Кейін журналист қайын ағам: «Сен халықтың адамысың. Біздің алдымызда сәлеміңді сал, орамалыңды тарт, бірақ елдің алдында өзіңнің сәнің мен әніңмен жүре ғой»,-деп маған жеңілдік берді. Қазір ойлап қарасам, менің келіндік әдебім үлкен кісілерге қатты ұнаған екен. Сәлем салғаннан менің еш жерім кеміп қалмапты. Ұзын көйлегімді киіп, қызметімді жасап жүрдім. Үлкендердің батасының арқасында ұлды да, қызды да болдым. Өнерім мен өмірімді ұштастыра алдым. Анығында келін сәлем салған кезде ғана бата алу мүмкіндігене ие бола алады. Сәлем салу-ара қашықтықты сақтау әдебі. Он метр қашықтықтан атама иіліп сәлем салып тұрсам, ол менің жүзіме де қарамайды. Сіз сенесіз бе, мен қайын ағамның көзінің көк екенін білмеппін. Бір балам көзі көк болып туылғанда таңғалдым. Сонда жолдасым ағама тартқан екен дегенде барып, ол кісінің жүзіне тіке қарамағанымды ойладым. Одан кейін келіннің ат тергеу дәстүрі-өте тамаша тағлым. Жеңгелерім мені «Ерке қыз» деп атайтын. Сол ат маған қатты ұнайтын. Бір әннің сөзінде сол тіркес бола қалса елең етуші едім. Жеңгелерім әлі күнге дейін Ерке қыз десе, жасарып, мәз болып қаламын. Қайнның қайны екенін, келіннің жеңге екенін сезінуге ат тергеу дәстүрі тамаша мүмкіндік қой. Би аға, Жақсы аға, Сері аға деген қайын ағаларым бар. Үлкен кісінің атын бадырайтып айтып тұру- ыңғайсыз. Келінді келген жерге сүйкімді етіп көрсететін үш нәрсе бар: сәлем салу, ат тергеу, сосын басындағы орамалы.
- Сонда, қазақ қоғамындағы әйелдің орны қандай?
- Сәлем салғаннан, орамал тартқаннан, ат тергеп әдеп сақтағаннан ешкім кішірейіп қалмайды. Қайта мерейің өсіп, бата алып көгересің емес пе? Сондықтан қазақ қоғамында әйелдің орны ерекше. Әйел- ұлттың ұйытқысы. Келін өзінің жөні мен жолын біліп тұрса, қайнылары, қайын сіңілілері, қала берді ұрпағы оған қарап бой түзейді. Мен ұлтымыздың әжелер институтының жүйесіне қайран қаламын. Әжелер-нағыз елді ел етуге, ұлттық болмысты сақтап қалуға мұрындық болған. Мысалы, қазақта тұңғыш бала ата мен әженің тәрбиесінде болады. Балаңды бағып, тұмсықтыға шоқтырмай, қанаттыға қақтырмай отырған енеге деген келіннің сыйы мен ілтипаты ерекше болатыны сөзсіз емес пе? Оның үстіне жас ананың баланы бесікке бөлеу, баптап-күту деген сыңайлы жөн-жоралғыларды біле бермейтіні тағы бар. Осы кезде енелер тұңғышты баптауға барын салады. Бірақ ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық жүйенің өзгеруіне саясаттың салқыны тиіп, өзегіне құрт түскені жасырын емес. Есесіне, сәлем салу беташар салтында ғана орындалатын мезеттік жоралғыға айналды. Ат тергеуге үрке қарайтын ұрпақ пайда болды. Анығында күрделі кезеңдерден қазақтығымызды сақтап келген осы мықты жүйе екенін ескеретін кез жетті. Біз бірлік туралы үнемі айтамыз. Бірлік- әйелдің әдебі бар жерге қонақтайды.
- Ормалды сіздің тұмарыңыз деп айтуға бола ма?
- Әлбетте. Орамал таққанда (тұрмыс құрғанда деген АТ) ел алдына шығып ән салдым. Орамалға қатысы бар ән арқылы тыңдаушыларым қалыптасты. Сондықтан дүкенімнің атын да «Мен сыйға тартқан орамал» деп атауды құп көрдім. Орамал- жаны нәзіктердің басындағы байрақ қой. Байрақсыз ел болушы ма еді? Келін- келген әулеттің байрағын аманаттап алушы екенін түсіну керек. От-анасы атану-жауапты іс. Осы жауапкершілікті сезіне білген әйел ұлтымызға қызмет ете алады. Әр адамның өмірге келгендегі өз функциясы бар ғой. Әйел нәзіктігімен, ана атанып, ұрпақ тәрбиелеуімен сүйкімді. Сондықтан табиғи болмысқа қарсы шықпай, жаратылғандағы өз орнымызды сақтай білсек, біз шынымен де өз қоғамымыздың дамуына айтарлықтай үлес қосар едік. Сондықтан орамал шынымен де менің өмірлік бағытымның- жолбағдары, картасы деуге болады. Тек мен ғана емес, орамалдың мәнін ұығынған әрбір қазақ әйелі осы жолбағдарды ұстанса адаспайтын болады.
- Сізге шабыттансаңыз замандастарыңыз ән бесігінде тербеледі. Сондықтан шабытты шақтарыңыз мол болсын!
- Рахмет, айтқаныңыз келсін.
Cұхбаттасқан: Айнұр Төлеу
aqoramal.kz