АРЫСТЫҚ 4010 БАЛА ЖАЗ БОЙЫ ЛАГЕРЬДЕ ДЕМАЛМАҚ  

Биыл жазда Арыстық 4010 баланы жазғы лагерьге жіберу жоспарланған. Бұл туралы бүгін Арыс қаласында өткен брифингте қалалық білім бөлімінің басшысы Мұсаев Әбдіхан мәлімдеді.

27 маусым-9 шілде аралығында барлығы 1395 бала өзге өңірлерге демалуға кеткен. Атап айтқанда, Павлодар облысына – 300, Ақмола облысына – 145, Жамбыл облысы – 223, Алматы – 150, Батыс Қазақстан облысына – 47, Шығыс Қазақстан облысына – 150, Нұр-Сұлтан  қаласына – 200, «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына – 150 бала демалса, Алматы қаласына 30 әскери қызметкердің балалары барып, тынығуда.

Сондай-ақ арыстық балаларды демалуға еліміздегі 13 облыс пен қала, екі ЖОО, республикалық екі сауықтыру орталықтарымен қатар, Қырғызстан мемлекеті де өздеріне шақырып отыр.

Жалпы Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанша балалардың демалу мерзімі 1 айға созылмақ.

Шілде айының 10-18 күндері тағы да 1572 баланы жазғы лагерьге жіберу көзделіп отыр.

Түркістан облысының аудандары 462 баланы жазғы сауықтырумен қамтуда. Қалған 1214 бала 18 шілде мен 1 тамыз аралығында демалыс орындарына жіберіледі.

 

 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі