Мұсылман кісі өзгелерге тіл тигізіп сауап таппайды
Араб тіліненен алынған «Ислам» сөзі — «амандық, есендік, мойынсұну, бағыну, берілу» деген мағыналарды білдіреді. Яғни, ислам — амандық пен бейбітшілік діні деген сөз. Әлемді сүйіспеншілікпен жаратқан Ұлы Жаратушының ақырғы пайғамбары жер бетіне мейірімділікті жайып, бейбітшілік орнату үшін жіберілген.
Құранда бұл турасында: «Біз сені әлемдерге тек рақым етіп қана жібердік» (Әнбия сүресі, 107-аят) — делінген. Құранда бейбітшілік деген мағынаны білдіретін «сәлам» сөзі көптеген аяттарда кездеседі. Өйткені, Құран ең алдымен ынтымақ пен бейбітшілікті насихаттайды.
Ислам кез келген дін өкіліне құрметпен қарайды. Ешкімді дініне, ұлтына, нәсіліне және жынысына қарап бөлмейді. Адамға адами тұрғыдан баға беріп, Алла алдында ешкім ешкімнен жоғары емес, тек тақуалық пен діндарлықта ғана дәрежелері жоғары бола алады деген сеніммен әрекет етеді. Себебі, Алла Тағала Құранда: «Ей, адамзат! Сендерді Біз әуелде бір еркек, бір әйелден, бір ата, бір анадан өрбіттік. Өзара қарым-қатынас жасап, бір-бірлеріңді танысын деп түрлі ұлт пен ұлыстарға бөлдік. Алла Тағала алдындағы ең абыройлылырың тақуа болғандарың. Шын мәнінде Алла барлық нәрсені толық білуші, барлығынан толық хабардар» (Хужурат сүресі, 13-аят.), — деп бұйырса, Пайғамбарымыз(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) да былай дейді: «Ей, адамдар! Естеріңде болсын! Раббыларың біреу, ешбір араб араб еместен, араб емес арабтан, ақтың қарадан, қараның ақтан діндарлығынан басқа ешқандай артықшылығы жоқ. Күмәнсіз, Алланың алдында ең мәртебелілерің тақуа болғандарың».
Мұсылман кісі өзгелерге тіл тигізіп сауап таппайды, керісінше исламнан алшақтап күнә табады. Олай болса, мұсылманның міндеті — өзара ұрыс-керіс жасап өзгелерді діннен үркіту емес, керісінше, бірлік-ынтымақты дамыту арқылы өз дінін кемшіліксіз түрде жеткізе білу. Сонымен қатар исламда зорлық жоқ. Құран Кәрімде:«Дінде зорлық жоқ»(Бақара сүресі, 256-аят.), — деп Алла Тағала анық түрде баян етті, сондықтан әрбір мұсылман пенде өз дінін бойына сіңірген көркем мінез арқылы насихаттап, қоғамдағы бейбітшілікті орнатуға талпынуы керек.
Дайындаған: Амантай Тойшыбайұлы