ҮЛКЕНДЕРДЕН ӨСИЕТ (тойда жасы үлкендер жастарға осындай сөздерді айтқаны абзал)

Міне, бүгін қоғамымызға тағы бір жас отбасы келіп қосылды. Отан отбасынан басталса, қоғам — екі жастың жараса көтерген шаңырағынан құрылатыны мәлім.
Қарақтарым, үйленіп, үйлі болдыңдар. Қиналсаң жасып кетпеуіңе себепкер болып, дем беретін – жалғыз жан жарың. Қандай жағдайда да әйел күйеуіне, күйеуі әйеліне сүйенеді. Енді қуанышты да, қайғыны да бөлісіп, ортақтасып, өмірлік жарларыңның әр уақытта қасынан табылуды мақсат тұтыңдар.
Өмірлік серігім деп бас қосқан жарыңды сыйлап, күте білу, оның артық-кем мінезін түсініп, кешіру – кішірейгендік емес, әдептілік, білімділік, кісілік. Себебі, ерлі-зайыптылар – бүтіннің жартысы. Жан-жарыңды сыйлағаның — өзіңді сыйлағаның. Тату отбасының жолдас-жораларының арасында беделі жоғары, басы сыйлы болады. Ендеше, жақсы жардың жанын жаралап, көңілін қалдыратын мінезден аулақ болыңдар. Ұшқан ұяларыңды, аялап өсірген ата-аналарыңды ұмытып кетпеңдер. Сендер де ертең солардай үлкен қара шаңырақтың иесі болып, түтін түтететіндеріңді есте сақтаңдар.
«Бұтағы көп ағашқа құс қонады» — дейді. Ендеше, дос-жарандарыңның, ағайын-туыстарыңның алдында қадірлерің төмендемесін. Бақ-дәулеттерің, құт-берекелерің жайылған дастархандарыңнан, тіккен отауларыңнан қашпасын!
Бір ғұлама: «Үйлену дегеніміз – екі адамның бір-біріне қарап отыруы емес, екеуінің бір бағытқа қарауы» депті. Демек, бұл – екі адамның мақсат- мүддесі мен өмірлік ұстанымдарының бірігуі деген сөз. Олай болса, кешірімді болыңдар, әр кез бірігіп іс атқарыңдар. Ата-аналарыңды жерге қаратпай, олардың сенімін ақтаңдар! Ұрпақтарың үбірлі-шүбірлі, отауларың дүбірлі болсын, айналайындар!