Павлодар мемлекеттік университетінде тазы иттердің көрмесі өтті
С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Ertis-Arbat алаңында тазы иттердің көрмесі өтті. Бұл туралы жоғарғы оқу орнының баспасөз қызметі хабарлады.
Іс-шараны университеттің агротехнологиялық факультетінің ғалымдары ұйымдастырды. Халқымыз жеті қазынаның біріне балаған тазы иттердің ерекшеліктері, тарихы мен күтімі жайында осы ит түрін өсірумен айналысатын жандар айтып берді. Өз кезегінде көрмеге келушілер өздерін қызықтырған сұрақтардың жауабын тыңдап, тазылармен суретке түсуге мүмкіндік алды.
Сарапшылардың айтуы бойынша тазылар көшпелі өмір салтына лайықталған аңшы иттердің түрі. Олар өте мейірімді, шыдамды әрі тегеурінді. Көп жағдайда тазы иттер түз тағысы – қасқырға да қарсы тұрып, оны жеңіп кетеді.
Қазіргі кезде елімізде таза қанды тазылардың саны үш жүзге толар-толмас.
Іс-шара барысында облыстық көркем сурет мұражайы «Қазақ халқының аңшылық өнері» суреттер көрмесін ұйымдастырды. Қонақтар өңіріміздің танымал суретшілерінің аңшылық өнер тақырыбында салған суреттерін тамашалады.
Әлихан Рахметоллаұлы