Енді шулықтар медицина мамандарын дайындайды
Бүгінде оқимын дегенде мамандық көп. Алайда соның ішінде салауатты өмір салтын ұстануға шақырып, адам жанына араша болатын ақ халатты абзал жандардың орны ерек. Жалпы алғанда, дәрігер болу, медициналық мамандықты таңдау – жауапты шешімдердің бірі екені сөзсіз. Сондықтан болар, мұндай мамандық тек үлкен қалаларда оқытылады және оқу ақысы да қалтаға әжептеуір салмақ салады. Жасыратыны жоқ, медицина мамандығын таңдауды жөн санаған оңтүстіктің түлектері көбіне-көп солтүстік өңірлерге бет түзейді.
Міне, күні кеше ғана облыс орталығынан шалғай орналасқан Шу ауданында медициналық колледж ашылып, жоғарыда аталған олқылықтың орны толғандай болды. Алматы инновациялық колледжінің ұйытқы болуымен ашылған Жамбыл облыстық медициналық колледжін осы өңірдің тумасы Сәбит Мейірханұлы басқармақ. Ол бұған дейін стоматолог маманы ретінде ұзақ жыл бойы тәжірибе жинақтап, кейіннен бірнеше компанияда басшылық қызметтерді атқарған екен. С.Мейірханұлының сөзіне сенсек, Шу ауданынан медициналық колледж ашу идеясы осы жылдың басында-ақ ойластырылған көрінеді. Бізбен әңгіме барысында колледж директоры дәл осы медицина мамандығын оқыту Шу ауданына аса қажет екендігін тілге тиек етті. Расымен де, бұған дейін аудандағы аурухана мен емханада маман тапшылығы туралы айтылып, ол туралы баспасөз беттерінде де бірнеше мәрте жазылған болатын. Тіпті, соның салдарынан бір қызметкердің бірнеше қызметті қатар алып жүргенін де құлағымыз шалған. Ал адамның алғашқы байлығы — денсаулық үшін күресетін ақ халаттылардың жұмысы үлкен жауапкершілікті талап ететінін ескерсек, маман тапшылығының адам өміріне қаншалықы кері әсер ететінін айтпаса да түсінікті.
Колледж директоры мұнда әзірге үш мамандық оқытылатындығын айтады. Олардың қатарында фармацевт, фельдшер және мейірбике ісі мамандықтары бар. Ал келер жылдан бастап стоматология, ветеринария мамандықтары оқытылмақшы. Осылайша, жыл өткен сайын өзге де медициналық мамандықтар қосылып, колледжің ауқымы кеңейе түспек. Жуырдаға ғана ашылған колледж ағымдағы айдың 10-нан бастап тамыз айына дейін оқуға қабылдау жүргізеді. Сонымен бірге, колледж биылғы оқу жылында 200 студентті қабылдауға қауқаурлы. Әзірге оқу корпусын жалға алып отырған мекеме алдағы уақытта жеке ғимаратқа көшуді жоспарлап отыр. Оқытуға қажетті құрылғыларды орналастырылып, білікті мамандар жинау ісі де бірті-бірте шешілуде. Айта кету керек, қазіргі уақытта мемлекеттік оқу орындарының көпшілігі жекенің иелігіне ауысып жатқандықтан, аталмыш оқу ордасы да бірден жекеменшік колледж ретінде ашылған.
Медициналық колледж директорынан әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасынан шыққан студенттерге қандай да бір жеңілдіктің бар-жоғын сұрағанымызда, барлық студенттерге жеңілдік қарастырылғанын жеткізді. Мәселен, мұндағы оқу ақысы өзге де медициналық колледждерге қарағанда әлдеқайда төмен көрінеді. Дәлірек айтсақ, тоғызыншы сыныптан кейін түскен студенттер үшін оқу ақысы 125 мың теңге. Оған қоса, бір жылдың оқу ақысын үшке бөліп төлеуді қарастырып, ауылдықтар үшін үлкен жеңілдік жасап отыр. Яғни, бастапқыда отыз пайыз, екінші бөлігі 10-шы желтоқсансанға дейін қырық пайыз, кейінгісі 10-шы сәуірде қалған отыз пайызы төленеді. Осылайша, студент үш жыл, он айдың ішінде медицина маманы екенін растайтын дипломның иесі болып шыға келеді. Ал 11-ші сыныптан кейін түскен немесе колледж бітіріп, екінші мамандық аламыз деген ниеттенушілер үшін оқу ақысы 140 мың теңге болмақ. Олардың оқу мерзімі – екі жыл, он ай. Егер оқуға түскен студент оқу ақысын бірден төлейтін болса, колледж тарапынан он пайыздық жеңілдік қарастырылған. Сондай-ақ, күндізгі уақытта жұмыс істейтін азаматтар үшін кешкі оқу да қарастырылыпты.
Тағы бір айта кетерлігі, студенттерді маман ретінде дайындайтын оқытушылар Шу ауданынан да табылып жатқан көрінеді. Нақтырақ айтсақ, аудандағы аурухана мен емханада қызмет атқаратын білікті мамандар ара-тұра өз тәжірибелерімен бөлісіп, студенттерге теориялық және практикалық тұрғыда дәріс оқымақ. Ал, студенттердің тәжірибеден өтуі үшін аудандық, қалалық ауруханамен және емханамен алдын ала келісімшарт жасалған. Биылғы оқу жылы басталып, колледж толыққанды жұмыс істегенде 30 адам жұмыспен қамтылмақ. Тұтастай алғанда, жаңа ашылған медициналық колледждің аяқ алысы қазірдің өзінде жаман емес екенін байқадық. Жоспар да, жұмыс та жүйелі. Тек, аталмыш колледж алдағы уақытта медицина маманы болуды көздеп, ауыл-аймақтан ағылып келетін жастарға сапалы білім беріп, білікті маман даярлап шықса болғаны.