Облыс әкімі Шалқар ауданына іс- сапармен барды
12-шілде, жұма күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Шалқар ауданындағы бірнеше жаңа нысандардың ашылу салтанатына қатысып, аудандағы ауылшаруашылық саласындағы атқарылып жатқан бірқатар жұмыстармен танысты.
Аймақ басшысы алдымен «Тоғыз» ауылдық округіндегі 120 орынға арналған №7 жалпы орта білім беретін мектебінің ашылу шарасына қатысты. Құрылыс жұмысы 2018 жылдың мамыр айында басталған болатын. Облыс әкімі мектеп ішін аралап, балаларға жасалған жағдаймен танысты.
Сонымен қатар, Шалқар қаласындағы М.Шыманұлы ауылында 60 орындық Сарықамыс негізгі орта мектебі де ел игілігіне берілді. Құрылысы 2017 жылы басталған білім ошағы жаңа оқу жылына сақадай сай.заман талабына сай,соңғы үлгіде салынған мектепте спорт залы, асхана, кітапханасы бар. Облыс әкімі аталған екі мектептің ашылуына орай, қажетті құралдар алуға қомақты қаржылай сыйлық табыс етті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің әрбір тапсырмасында білім саласына ерекше көңіл бөлуде. Жастардың білім алу мүмкіндігін әлемдік озық деңгейге теңестіру үшін бар мүмкіндікті жасаймыз»,-деп атап өтті Оңдасын Оразалин.
Айшуақ ауылдық округі, Бегімбет ауылынан жаңадан ауылдық мәдениет үйі ашылды.120 орынға арналған нысанның құрылысы өткен жылы басталған болатын. Мәдени ошақ жергілікті тұрғындардың ұлттық өнермен сусындауына, талантты жастардың талабын шыңдауға мүмкіндік бермек.
«Халқымыздың қайталанбас озық мәдениетін заманауи үлгіде қайта түлету үшін біз мәдениетімізді, мәдениет ошақтарын дамыту жұмыстарын қолға алуымыз керек, болашақта әлемді аузына қаратар нағыз хас таланттар осындай орталардан шығарына сенімім мол»,-деді өңір басшысы.
Облыс әкімінің жұмыс сапары «Нұралы» шаруа қожалығының жұмысын көрумен жалғасты. Шаруа қожалық қазірде 460 бас ірі қара, 820 бас қой өсірумен айналысып отыр.
Биыл мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы аясында 60,0 млн.теңге несие алып, РФ-нан 105 бас абердин-ангус тұқымды аналық бас алып келген. Сондай-ақ, мұнда 5000 басқа дейінгі мал бордақылауға арналған кешен салынып жатыр. Инвестиция көлемі – 300,0 млн. теңгені құрайтын кешеннің құрылысы биыл аяталмақ.Өткен жылы мал сою және ет өңдеу цехы іске қосылған. Инвестиция көлемі – 147,0 млн. теңге болатын кәсіпорын жылына 1000 тонна сиыр етін, 400 тонна қой етін өндіреді.
Жұмыс сапары соңында аймақ басшысы, аудан әкімі Бауыржан Қаниевке ауданның әлеуметтік- экономикалық жағдайын дамытуды, қосымша жұмыс көздерін ашып, мемлекеттік бағдарламалар арқылы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытып, инвестиция тартуды тапсырды.