“Талибан” «мойындалып» келеді…
АҚШ-тың Ауғанстандағы тұрақсыздықты бейбіт жолмен шешу кеңесінің арнайы елшісі Залмай Қалилзад 6 шілде күні өзінің твиттердегі парақшасында мәлімдеме жасап, АҚШ пен Талибан арасында өткен бір апталық келіссөздің аяқталғандығын айтты. Бұл туралы «Америка дауысы» хабарлады. Қалилзадтың айтуынша, бұл реткі келіссөз — қазірге дейінгі диалогтардың ішіндегі «ең нәтижелісі» болған.
Катардың астанасы Доха қаласында 29 маусым күні басталған екі жақты келіссөздер бір аптаға созылған. Бұл бір жылдың ішінде болған жетінші кездесу. Ақпарат құралдарында осыған дейін, Катар астанасында, АҚШ делегатциясы мен Талибан өкілдерінің арасында келіссөз өтетіндігі, сонымен қатар шілденің басында Дохада, Ауғанстан үкіметі мен Талибан арасында кездесулер болатындығы хабарланған.
Қалилзадтың айтуынша, екі жақтың өкілдері келіссөзді аяқтауға келісімге келген. Әрі жексенбі күнге жоспарланған Ауғанстанда бейбітшілік орнату туралы Талибан мен Ауған үкіметі уәкілдерінің жиналысы өтпек. Бұл жолы талқыға түскен бейбітшілік туралы келісімнің төрт түрлі тармағында да ілгерілеушілік болыпты. «Келіссөз барысында Талибандардың лаңкестерге қарсы тұруы туралы уәдесі, АҚШ-тың Ауғанстан жерінен әскер шегіндіру мерзімі, үкіметке қарсы қарулылардың Ауғанстандағы өзара келіссөздері мен соғысты тоқтату туралы мәселелер қарастырылды» —деп жазады Залмай Қалилзад.
Келіссөзге қатысып жатқан Талибан қозғалысының мәлімдемешісі Сухайл Шахин «Америка дауысы»-на берген сұқбатында, «6 маусым күні өткен АҚШ- тарапының өкілдерімен болған кеңестен кейін кезекті талқыны аяқтауға келіскендігін, сонымен қатар бұл реткі келіссөзде «аса зор ілгерілеушіліктер болғандығын» айтыпты. Шахинның сөзіне қарағанда, бір аптаға жалғасқан келіссөз барысында, «Талибандардың со-ғысты тоқтатуы және Ауғанстандағы тұрақтылық туралы Ауған үкіметінің өкілдерімен болатын келіссөздерге қатысуы төңірегіндегі мәселелер талқыланбаған» көрінеді. «Бұл екі мәселе, Ауғанстандағы болып жатқан соғыстардың «ішкі астарымен» байланысты. Талибан — АҚШ шетел әскерлерінің Ауғанстаннан шегінетін уақыт кестесін ашық жариялағаннан кейін ғана Ауғанстанда бейбітшілік орнату туралы келіссөздерге қатысады. Біз АҚШ делегациясымен екі тарап үшін аса маңызды түйіндерді ақылдастық. Олар үшін пайдалысы Ауғанстан жерінде, АҚШ-тықтарға және олардың одақтастарына қарсы тұрушыларға жол бермеу. Біз үшін пайдалысы, шетел әскерлерінің барлығы Ауғанстаннан кетуі болып отыр».
Осылайша Ауғанстандағы айқастардың бас кейіпкерлері саналатын Талибан қозғалысы мен ол жерде 18 жыл бойы ұрыс салып жатқан АҚШ-тықтар арасында нәтижелі келіссөз болып өтті. Бұл өз кезегінде тұтас Орталық Азия аймағының тыныштығына тікелей әсер ететін оқиға болмақ. 2001 жылғы «11 қыркүйек оқиғасынан» бері Ауғанстан жерінде Талибан, Хамас секілді ұшқарылармен атыс салып келе жатқан АҚШ әскерлері, бұл жерде жеңістен гөрі жеңілістің дәмін көбірек татқан сияқты. АҚШ қорғаныс министрлігі таратқан мәлімет бойынша, 18 жылдың ішінде бұл елдегі әскери қимылдары үшін 700 млрд доллардың төңірегінде қаражат шығындап, 2400 сарбазын жер қойнына тапсырыпты. Бұдан бөлек Ауған жерінде жалдап алған «амандық қорғаушылардан» да талай адам ажал құшқан.
Былтырдан бері Вашингтон тарапы, бұл өңірдегі әскери және саяси бағытын өзгертуді жоспарлағаны байқалды. Жыл сайын мемлекет қазынасынан жұмсалып жатқан миллиардтаған доллар қаражатын үнемдегісі келді ме, әлде саяси ойынның басқа түріне көшуді жоспарлады ма, әйтеуір, Талибандармен бір үстелдің басына отыруды жиілетіп жіберді. Ақыры жеті мәрте жүздескеннен соң «нәтижелі келіссөз» болды деген хабарды да жаһанға жариялап жіберді. Дегенмен, Талибан жағы шетел әскерлері Ауған жерінен түгел шегініп кетпей, бел шешпейтіндіктерін айтыпты. Ендігі үміт АҚШ әскерилерінің Ауғанстаннан шегініп шығуды ресми жариялауына қарап тұрғандай…
Осыған дейін де, АҚШ-тан өзге, Талибанмен келіссөздер жүргізуді жоспарлаған елдер, күрмеуі қиын мәселелерді саяси диалогтар арқылы шешіп, Ауған жерінде тыныштық орнатуды көздейтіндіктерін айтып келе жатыр. Бұл майданда, АҚШ бастаған Англия қостаған батыс елдері мен қоса, Ресей және Қытай бар.
Шыңжаң автономиялық өлкесінің шағын бөлігі арқылы Ауғанстанмен шектесетін Қытай, аймақтағы тұрақсыздықтың өздеріне ықпал етуінен қатты алаңдайды. Әрі «Ауғанстанда бейбітшілік орнап, ауған халқы өз билігін өздері қолға алуын қалайтындықтарын, ауған халқының тұрақты даму жолына түсетін күнді көргісі келетіндіктерін» үзбей айтып келеді. Соның бір дәлелі маусымның 20 күні Қытайдың СІМ-нің мәлімдемешісі Лу Каң тілшілерге берген сұқбатында, «Талибанның Дохадағы саяси кеңсесінің жауаптысы Баладар мырза мен оның көмекшілері таяуда, Қытайға сапарлай келіп, қатысты басшылармен Ауғанстанда бейбітшілік орнату, терроризмге қарсы тұру секілді мәселелерде өзара пікір алмасып қайтты» деді. Алайда, Талибан өкілдерінің Бейжіңге келген уақыты және талқыға түскен мәселелер туралы егжей-тегжейлі айтылмады.
Ауғанстанда соғыс өрті тұтанғалы бері, бұл өңірдегі Талибан және Хамас секілді ұшқары ұйымдардың өздеріне қажетті қару-жарақ және қаражатты қайдан алып жатқандығы туралы түрлі болжамдар айтылып келгені белгілі. Сонау 2007 жылдары, Англия мен АҚШ әскерилері «Талибандардың қолынан Қытайда жасалған қарулар байқалды» деген мәлімдеме жасап, Бейжіңді жазғырғаны есімізде. Бұл істі Қытайлар жоққа шығарды. Олардың айтуынша, «шетелдерге саудаланып жатқан қару-жарақтардың келісім шарты мұқият қадағаланып отыр. Әрі бұл қарулардың қандай мақсатқа және қайда пайдаланатындығы нақтыланғаннан кейін барып қару сатуға келісімге отырады» екен.
Бұл күдік сол күйі басылғанымен, Қытай әскерлерінің Ауғанстан жеріне кіру мүмкіндігі және «кіргендігі» туралы алып-қашпа сөздер де айтылып келе жатыр. Осыдан екі жыл бұрын «Қытай әскері Ауғанстанның ішкі аумағына 60 шақырым еніп, құпия әскери операциялар өткізуде. Сарапшылардың айтуынша әскери операцияның басты мақсаты сол аймақтағы ұйғыр лаңкестері мен «Ислам мемлекеті» содырларына қарсы бағытталған» — деген ақпарат таралды. Бейжің мұны растаған жоқ. Алайда, «ұйғыр сепаратистерінің Ауғанстанда күшейіп жатқандығы туралы», — сан рет мәлімдеме жасады. Сол тұста, Ауғанстанмен шекарадағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бөлінетін әскери қаражаттың еселеніп жатқандығы да айтылып еді…
Қытай үкіметі соңғы кездері әлемдік деңгейде көтеріліп жатқан «Шыңжаңдағы қайта тәрбиелеу орталықтарын» ашудың бір себебін Ауғанстандағы тұрақсыздық пен байланыстыратын. Бұл көзіқарақты оқырманға бейтаныс ақпарат емес. Осы тұста, Ауғанға «атой салып кіріп», титықтап қалған АҚШ, ендігі жерде, аймақтағы әскери операцияларын тоқтататын болса, бұл жерге «аппас көшсе, жаппас қонады» дегендей, Ресей мен Қытайдың кірісетінін болжау қиын емес сияқты. Ресей өздерінің «әлі де қуатты екендігін» дәлелдесе, Қытай тарапы да қатардан қала қоймасы белгілі. Дегенмен, Қытай әскерлері соңғы 40 жылдың көлемінде ешкіммен бетпе-бет ұрысқа шығып көрген жоқ. Олардың алдағы уақытта да ашық соғысқа қатысуы екіталай. Мұның себептерін бірнеше жақтардан қарастыруға болады. Алайда, Орталық Азия аймағының тұрақталығы мен осы өңірдегі саяси ықпалының артуына мүдделі болып отырған Қытай елі, Ауған жерінде абырой жинау үшін Талибанмен әлі де «достаса» түседі. Ал, «Ауғанстанда әрекет етіп жатқан сепаратистерден келетін қатерді азайту үшін» ішкі жақтағы сақтық шаралары онан ары күшейтіле түсетін болады. Бұл дегеніңіз, Шыңжаңда 2009 жылдан басталған қатаң режим әлі де жалғаса береді деген сөз.
Осыдан 18 жыл бұрын «лаңкестік ұйым» ретінде басты дұшпан болып танылған Талибан қозғалысы, АҚШ-тың неше жылға созылған соққысының нәтижесінде биліктен айырылғанымен, ауған жерінде басты ойыншылардың бірі болып қалды. Ал, сол «террорлық ұйымды» ендігі жерде «Ауғанстандағы бейбітшілікті қалпына келтіруге жұмылдыру және Ауғанстанның шығыс бөлігінде әрекет етіп жатқан «Ислам мемлекеті» содырларымен күресуге шақыру үшін келіссөздер жасау», әрине саяси ойын екені белгілі. АҚШ-тың бұл әрекеттеріне қарай отырып, «18 жылға созылған Ауған соғысынан жеңіліс тапты» деп тұрақтандыруға әлі де ерте екендігі белгілі. Дегенмен, Трамп үкіметінің өздеріне салмақ болып бара жатқан «қара шығынды» ендігі жерде Қытайлықтарға «жылыстатып» жібергісі келуі де ғажап емес. Ал, өздерінің әскери қуатын сынап көруге Қытайлар тәуекел ете ала ма, әлде Талибанды «юаньмен шырғалай ма» ол алдағы күннің еншісінде. Бір қызығы, 40 жылдың көлемінде Кеңес одағы мен АҚШ сынды алпауыттардың қақпақылына кезек түсіп келе жатқан Талибандардың ендігі жерде тағы бір күштілерге «көзір» болатындығы анық сияқты.
Ерқазы Сейтқали