ШЕРУДІҢ АРТЫНДА ШЕР МЕН ШЕН ЖАТЫР….
Қазақта «Қарнымның ашқынына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» деген аталы сөз бар. Сол бүгінгі қазақ билігіне қарата айтылғандай көрінеді маған. Себебі қазақ билігі сын сағатында тұр. Бейнелеп айтсақ, «Анда барса өгіз өледі, мында барса арба сынадының» кебі баяғы. «Неге олай деп ойлайсыз?» дегендерге айтарым, соңғы кездері халық арасынан шыққан шерушілер саны артып барады. Күйінген, күйзелген, бүгінгі тіршілігіне өкпелі адамдар қарасы да молая түсуде. (Арандатып, араға түсіп, жеке басының кегін биліктен алу үшін отқа май құйып жүргендер де байқалып қалады). Саясатқа, биліктегі белең алған жемқорлыққа, бір орыннан тапжылмайтын қарттарға, «ағын су шаймайтын көлшіктей борси бастаған» баз бір биліктің тармақтарына реніш айтып, көшеге шығып аттандап жүргендер қаншама? Шерудің «шебін бұзу үшін», көптің көкейіндегі ойды бипаздап жеткізіп, билікпен келісілген, ондағы технологтармен ым-жымы бір, бірақ ол істерін халықтан жасырып, жауып әуреге түскендерге не дерсің. Тышқан тірлік-ірілік болмайтынына осының өзі дәлел.
Мына жағдай бізді алаңдатады: Қосанов-тан кейін xалық Әблязовтан басқа ешкімге сенбейтін халге түскендей. Президент сайлауы тұсында оппозициядан шыққан Президенттікке Үміткер Қосанов туралы Әблязов өте көп жазды және болжамы айна қатесіз тура келді емес пе?! Ақыры халық сенген Қосанов тайқып шыға берді. Осыдан кейін Әблязовтың ел алдындағы абыройы аспандай түскені өтірік емес. Тіпті бүгін Халықтық көшбасшыға айналғандай кепте. Әрине сыртта жүріп, елді басқару мүмкін емес. Екіншіден, ол — саяси алаяқ.
Демек, бұл түйінді шешетін Лидер қажет. Ондай ешкімді маңайынан көре алмай халық шерменде. Негізі бар, бірақ олардың көбінің арты ластанған. Біразы екіжүзді алмастай қында жатып дат басқан. Келешекте xалықтың Әблязов туралы көзін ашқан тұлға ғана xалықтық көшбасшыға айналады. Қазақстанға оған жол жоқ. Бұл билік болсын, басқа билік болсын ешкім де оны елге кіргізбейді. Себебі оның өзінің арты былық….
Халық болғасын тыныштықты қалайтындар да бар. Оларға кінә арту әбестік. Осы күніне разы болса, тыныштыққа зәру болса, ол да — өз қалаулары! «Митингке шығу неге жиіленіп кетті?! Тыныштықты бұзғысы келетіндер, ниеті түзу еместер қарапайым адамдардың обалына қалуда. Украинадағы жағдай осындай митингтен басталып, ақыры жақсылыққа апармады. Қара су мен қара нан жесең де тыныштықта жегенге жетпейді ғой» деп жүргендерге кім құлақ түріпті? Олармен де санасу керек қой. Алайда дана қазақ «Көп түкірсе көл» депті. Яғни, көпшілік тегеуріні бәрібір өз дегенін жасайды дегенді меңзеп тұр-ау…
Иә, митинг мәдениетін білмегендіктен аузынан «ақ ит кіріп, көк ит шығып» Назарбаевтың жеке басына күйе жағып, президент Тоқаевтың тұлғалық келбетіне күмәнмен қарайтындарға не айтуға болады? Үйінде отырып, әлеуметтік желі арқылы күпініп, «диван батыр» атанып жүргендердің санын айту тіпті қиын. Мұның бәрі түптеп келгенде «бізде бәрі керемет» деген ұраншыл шенділердің халықты әбден ығыр еткенінің көрсеткіші.
Расын айтайық, бүгінгі билік те «сау сиырдың тезегі емес». Қате-кемшілігі таудай. Былықтырғаны – баудай. Шашқандары – шексіз, бәзбіреуі — бетсіз! Ұрысы – жалтақ, Айыптысы – бет бақтырмас – бетпақ! Шешені – биліктің қарасын емес ағын көреді, көсемі кемшілікті емес — дарасын көреді. Олармен күрес – жалғаса бермек, оларда билікке таласа бермек! Тек әділ президент қана оларды тәубесіне түсіреді, не кейін бәрін кеш түсінеді….
Бірақ, құдайшылығын айту керек, жаңашылдығымен дараланған, демократиямен «жараланған», саясатқа әбден пісіп жетілген, сынға төзімді, халықтың алдына ұялмай шыға алатын, былық-шылықтан ада, халықтың мұңын ұға алатын, өзіне дейінгі әпербақандық пен алауыздықты көрген, кейбіріне үнсіз көнсе де, кейбірінен жеріген президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа мүмкіндік беретін кезең туып тұр. Айналдырған 3-4 айдың ішінде толағай табысқа иек арту мүмкін бе? Меніңше жоқ. Президент болып сайланғаны кеше ғана, сөйте тұра маңайына жастарды жинауға деген кемелдігі, атқарушы билікке бірыңғай жастарды тартуға деген құлшынысы құптарлық! Сондықтан момын халқымыз сабырын сарықпай, ерінбей-жалықпай Тоқаевтың сара жолына тілеулес болуы керек сияқты. Әйтпесе мысық тілеулес сыртқы күштердің аранына жұтылып, ұлттық мүддеде ұтылып қалуымыз бек мүмкін….
БЕЙБІТ ШЕРУДІҢ БЕЙБЕРЕКЕТІН
ШЫҒАРУ – БИЛІККЕ СЫН!
«Аңдасқан жау алмай қоймайды» демекші, әлеуметтік желінің күшін пайдаланып, қазақ билігінің түндігін «желпіп» қоймаса бойына ас дарымайтын Әблязовтың әрекеті анау. Оны қолдаушылар елімізде аз емес сияқты. Билікті қаралаған, елдің тұрмысын саралаған, саясатты жағалаған, өзі Францияны паналаған экс-банкирдің Назарбаев пен отбасына айтқан сөзі – оқтай, бүгінгі биліктегі кей дара тұлғаларға жасаған сараптамасы «шәугім қыздырған» шоқтай маздап тұр. Әдейілеп бір көз салғанымда тікелей эфирін тамашалаған адам қарасы орасан. 369 мың адам. Пікір жазғандар саны 5,5 мың. Алдыңғы видеолары бәлкім бұдан көп, бәлкім бұдан сәл-пәл аз. Бірақ қаралым мол. Бұл ақиқат…
Демек, осынша адам бүгінгі биліктің өзгергенін қалайды. Қаламаса да жіліктеп талданған экономикалық кері кетуге сеніп, солай болуы тиіс деп санайды. Егер жаңа саясат қанатын кермесе, бұқара президенттің соңынан ермесе, жаңа жүйе, тың бастама, еркін ой, табысты қоғамды — көксейтіндер саны бәлкім бұдан да көбейе түспек….
Саясаттан хабары бар, демократиядан сабағы бар адамға митингті құбыжық етіп көрсету, тіпті тозаққа тура апарар жол деп түсіндіру — жат ұғым. Митинг — халықтың мінбері. Оны «бейбіт шеру» деп әспеттеп, әдемілеп көрсету де ақылға сыймайды. Өйткені шерудің бәрінің көксегені – тыныштық. Алайда сол тыныштық арқылы билікке өр мінез көрсетуге талпыныс түрлі жағдайларға байланысты өрбіп жатады. Алдап – арбау, арандату соның ішіне кіреді. Шектеу шығу көп жағдайда оспадар биліктің менмендігі мен зымияндығынан өрбіп жататыны жасырын емес…
Жалпы «Митинг» дегеніміз белгілі бір жерде ашық аспан астында азаматтардың саяси, экономикалық немесе өзге де талаптар қоюы ғана.
Митингіде қойылған талаптардың барлығын мемлекеттік билік органдары мүлтіксіз орындауға міндетті емес. Есті билік ескереді. Ессіз биліктің ақылы кеш кіреді. Ал демократиялық мемлекеттер үшін митинг қалыпты жағдай… Одан шошу, қорғанысқа көшу күлкілі нәрсе…
Ал 6 шілде күні өздерінше бейбіт шеруге шыққан халықты желкелеп, қолдарын қайырып, автозаққа апарып тоғыту – көрер көзге оғаш қылық! Ол аз десеңіз, бейбіт шерудегі қара киімділер кім? Арнаулы ұйымдар өкілдері ме болмаса билік халыққа қарсы тағы да бір секталар немесе асыра діншілдерді айдап салып отыр ма? «Құқық қорғау ұйымдары, жауап беріңдер, бұлар кімдер? Малыбаев мырза, операторлар сіздерден қайта-қайта көмек сұрағанда, неге жауап қайтармадыңыз? Қара киімді қолшатырмен әрлі-берлі операторға кедергі жасағанын көре тұра, қасында тұрып, ескерту де жасамадыңыз! Сіз заң бұзушыларды қорғадыңыз Малыбаев мырза, бейнетаспадан барлығы анық көрінді, не айтасыз, мырзам?» деген жазбалар әлеуметтік желіде өріп жүр. Бұған ресми жауап берген кім бар? Демократиялы елдерде мұндай заңға қайшы әрекеттер жасалмауы тиіс еді ғой….
Әлемнің алдыңғы қатарлы елдері Нью-Йорк немесе Париж секілді қалаларда күніне бірнеше жерде митингтер өтіп жатады. Біреулері мемлекетке саяси-экономикалық талаптар қойып жатса, екінші біреулері экология сақталуына, үшінші біреулері приматтардың жойылып кетпеуіне назар аударып жатады.
Мұндағы басты шарт — митинг өтетін орын мен уақытты алдын ала жергілікті билік органдарына ескертеді. Ары қарай митингшілердің қауіпсіздігіне мемлекет кепіл болады.
Жақында Нұр-Отан партиясы митинг өткізді. Дұрыс. Өткізе берсін.. Ол — партия мүшелерінің саяси құқығы.. Ондай құқықты бәрімізге Конституция берген. Тек Қазақстан секілді кейбір елдер ғана митинг өткізуге рұқсат беруді қиындатып қойғаны болмаса…
Содан кейін түрлі қитұрқылық істер басым. Шеру десе, бейне бір билікті төңкеріп тастауға дайындалып жатқандай күйді бастан кешу не масқара!? Оған қарсы әскер дайындау, қарадай үрейі ұшып қорқу — тек қылмысы көп, айыбы ушыққан, кінәсі шаш етектен асқан билікке ғана тән құбылыс! Өзін еркін, демократияшыл, заң жолынан адаспаған билікке митингтен келер қауіп жоқ. Керісінше, ашынған халықтан, айтылған уытты талаптан — осал тұсын, ағаттығын, жіберген қателігін түзуге жол ашылады.
Мысалы 30 маусым күні бейбіт шеруге рұқсат берілді. Халықтың талап-тілегін билікке жеткізу үшін белсенділер Алматы мен Астанада бой көрсетті. Сол –ақ екен биліктің сөзін сөйлеген шенді-шекпенді, сый-сияпаттан дәмелі қоғам қайраткерлері де мінберге көтерілді. Мүмкін жоғарыдан тапсырма, бәлкім өз ойлары. Осылайша бейбіт шеруге шыққан халықтың талап –тілегі билікке жете ме дегенде, екінші тараптан биліктің қызметкерлері халыққа басу айтып шыға келді. Ақырында шерудің шері тарқатылмай мақсаты мен мүддесі айқындалмай қала берді. (Осыны тиімді пайдаланған Әблязов 6 шілдені «билікті құлату күні» болады деп бұқараны шеруге шығуға шақырды). Халықтың сөзін сөйлейді, күйін шертеді деген мырзалар мен ханымдар, 180 градусқа жалт бұрылып, биліктің жырын жырлап, мұңын мұңдап, бүгінгі қоғамды «сүттен – ақ, судан таза» етуге барын салды. Осылайша халық екіге жарылды. Екіге жарылуға «Нұр Отандықтардың» себепкер болуы көптің қытығына тиді. Қайта халықпен бірге болып, қоғамдағы келелі мәселелерді бірге талқылап, халықты толғандырған мәселелерге бірге күйзелгенде, партияның беделі биіктей түсер ме еді. «Өзі болған қыз төркінін танымастың» кебіне түсіп, шеруге шыққан халықтың арасында жүрсе, «қызынған сөздер» суынып, асыра айтылған ұрандар «жуылып» қалар ма еді, шіркін! Жоқ. Олай болмады. Абай данышпан айтпақшы, «бас басына би болғандар» бір –бірінен жау іздеп әбігерге түсті. Халықтың сөзін сөйлейді, ашынғанға басу айтады деген партия сарбаздары керісінше, ағынан жарылып ашылғанды – ашындырды, сабырлыны – сабылдырды… үй ішінен үй тіккендей әсерге қалдырды… Ақырында аңыраған халық «Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңді ұрайын» демесе де, көңіл түкпірінде «көңілжықпастық сырқатына шалдыққан» пенделерге деген салқын сыз қалды.
ХАЛЫҚТЫҢ
ТАЛАБЫ БИЛІККЕ ҚАНШАЛЫҚТЫ ӘСЕР ЕТУДЕ
Дақпырты мен дабырасы көп Әблязов, өзіне табынатындарға қазақ билігін «қалай құлатудың» картасын жасап берді. Қарап отырсаң кәдімгі қарулы төңкерістен бір кем емес. Бұл жайлы Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсының төрағасы Азаматхан Әміртай: 6 шілде күні Ақ орда құлап, халық билікті қолға алуы тиіс еді. Иә, Әблязовтың жоспарынша бойынша 6 шілде билік үшін соңғы күн болуы тиіс-тұғын. Бірақ оның жымысқы ойы жүзеге аспады. Неге? Өйткені халық түсінді. Әблязовтің айтқаны ешқайда бастамайтын тұйық жол. Сондай-ақ халық ақымақ емес екенін көрсетті. Әблязовтың билікке деген жеке өшпенділігі үшін, тектен тек құрбан болғысы келмеді. Содан болар 6 күні бірен-саран ұсақ топтар болмаса, алаңдарға жаппай халық шықпады. Осының өзі-ақ, жұрт Әбілязовтың соңынан ермейтінін аңғартып тұр. Рас, елге өзгеріс керек. Сілкініс керек. Бірақ қан төгіс, көтеріліс арқылы емес. Бейбіт келісімдер арқылы. Онсыз да жыл басынан бері елде болып жатқан әр түрлі оқиғалар билікке жан бітірді. Жоғарыда отырғандар азда болса халыққа бет бұрып, азды-көпті талаптарды орындай бастады. Мұның өзі — жетістік, мұның өзі — жеңіс» деп жазды ол.
Жоғарыда айтқанымдай, Президент Тоқаев халықтың ыңғайына қарай ойысып, көптің көкейінде талайдан бері сартап болып қалған өзекті мәселелерді шешу үшін пәрмендер беріп, жарлықтар шығара бастады. Оны бұл жерде санамалап жатудың қажеті аз. Көрер көз көріп, естір құлақ естіп жатыр. Әрине халықтың күткені бұдан да көп. Еліміздегі, жеріміздегі ырғын байлықтың қызығын көру. Бақуатты өмір сүру. Міне осы. Оған жету үшін қоғамда сілкініс қажет, билік саяси реформаға баруы тиіс. Сонда ғана қоғамда әділдік орнап, халықтың аузы ағарғанға тиер еді. Ол үшін не істеу керек? Ол — бейбіт митинглер, ол – бейбіт шерулер.
Сол жерде халық көкейіндегісін айтады. Ол хатталып билікке жөнелтілуі керек. Халықтың талабына билік мойынсұнуы тиіс. Егерде елең етпей өз дегенімен жүре беретін болса, бейбіт шерулердің арты үлкен дүрбелеңге, дүрбелеңнің арты төңкеріске алып келері хақ. Мұны билік білмейді емес, біледі. Сондықтан сөз бостандығы, xалықты мемлекеттік басқаруға қатыстыру қажет. Бізге керегі елдің бірлігі, берекесі, тұтастығы, жерінің бүтіндігі.
Бүгінгі қоғам бөлек. Адам — басқа. Заң — қасқа. Алайда қазақтың тілі — талайға керексіз. Сондықтан да көбінің тілі – «байлаулы». Бұл дегеніңіз – билік басында отырғандардың көпшілігі ана тілінен алыс, алайда Ресейдің мемлекеттік тілімен таныс деген сөз. Олай болса, тілден ада шенеуніктер – орманға қарап ұлитын қасқырдан несі артық! Осыдан жарты ғасырға жуық уақыт бұрын қазақтың көрнекті жазушысы, алыптардың соңғы тұяғы Ғабит Мүсірепов: «Біздегі ең үлкен трагедия – басшыларымыз әдебиетімізді ана тілінде оқи алмайды. Орысша оқиды, орысшасы арқылы бағалайды» деп айтқан екен. Сұмдық қой бұл, классик жазушымыз тура бүгінгі күнді айтып отырған сияқты. Түк өзгермеген билікті, жаңа президент Тоқаев жаңа жолға салмаса, олардың осы отырғаны отырған. Олардан халыққа пайда, отанға қайран болмасы анық! Тілді неге сөз етіп жатырмыз. Себебі тіл халықтың рухани байлығы. Сол арқылы түсініседі, ұғысады. Ал тілдік қатынасы үзілген, таным-түсінігі бұзылған халықтардың арасы алыстай бастайды. Шерулеткен жұртының жан сырын ұғынбаған, тілін түсінбеген биліктен не үміт, не қайыр? Елді дүрліктіріп жүрген Әбләзов орыс тілді. Ұлттық еш қасиеті жоқ. Қасындағы жақындары космополиттер. Оның дінге, тілге, дәстүрге еш жақындығы байқалмайды. Өзі атеист. Сөйте тұра бүгінгі биліктің өткені мен жеткенін, кемшілігі мен кемістігін, парақорлығы мен тойымсыздығын әшкерелеу арқылы Әблязов ашынған жұрттың қан тамырын дөп басып тұр…
Әбіләзов өзгеріс жасайтын болса, бүгінгі күнді аңсап қаламыз ба деген қауіп бар бізде. Қорқытып отырған жоқпыз. Ия. Олар бір-бірімен шайқаса берсін…Осындай да мүмкіндікті пайдаланып, халық өз арасынан көшбасшы шығарса құба-құп. Ол күрескер адам болуы міндетті. Ұлтжанды, әділ, ақшамен ластанбаған тұлға керек!!!
Осы жерде айта кету керек шеруге шығып, шатылып жатқандардың дені – қазақтар. Көп ұлтты мемлекетпіз дегенде өңеші жыртылуға аз қалатын ағайын – осы сәтте ойланғаны дұрыс — ау. Ел мен жер егіз десек, ауыртпалық пен қиыншылық та ұлт таңдамасы белгілі. Демек, өзгелердің жағдайы жақсы. Кем-кетігі жоқ. Билікке разы. Ендеше дүрбелеңге толы дүниенің «ақырған аязы» жергілікті жердің тұрғындарын ғана жүрегін қарып жатыр деген байлам шындыққа айналмақ …. Сонымен 2019-дың жарты жылын да өткердік. Осы жарты жыл қазақ үшін, Қазақстан үшін саяси процесстерге толы болды. Қазақстанды үзбей 30 жыл басқарған Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кетті. Кезектен тыс президент сайлауын өткіздік. Қазақстан Тәуелсіздік тарихындағы екінші президентін сайлады. Қарап отырсақ Парламентте баяғыдай «жалын» жоқ. Қоламтада жатқан шоқтай жел үрлегенде ғана бықси бастайды. Қалған уақытта тып-тыныш. Шіркін, бір кездегі Шерхан Мұртазадай президентке қасқайып тұрып жөн айтатын адам қалмады-ау… Қайран Шерағаң, «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» демекші, біздің жас мемлекетіміздің қақпағы ашылған көрінеді. Сондықтан ұяты кеткендер мемлекет қаржысын талан-таражға салып жатыр. Осындай күдік бәріміздің көңілімізде бұрыннан жүрген. Қайда кетіп жатыр қазақтың байлығы деген. Көмірден, мыстан, мұнайдан, алтын мен күмістен түсетін кірістің ұшпағы да жоқ бүгінгі заңымызда. Шет мемлекеттерден несие дегенді алып жатырмыз, алып жатырмыз, оның бас аяғы қанша, қайда жұмсалып жатқандығы да белгісіз. Осыны анықтап халықтың қазынасын өзіне қайтарайық» деген еді-ау… Өкінішті жері, бұл мәселе әлі маңызын жоғалтпағандығында болып тұр ғой. Астанадағы шетін оқиға мен Арыстағы апат ел-халықтың санасын сілкіп оятты. Өкінішке орай, жыл басы қазамен басталды. Қаңтарда Қарағандыдағы жанжалдан басталған толқулардың соңы кешегі Теңіздегі шеруге дейін ұласты. Қарап отырсақ, жыл басынан бері 100-ге жуық митинг өтіпті. Мыңдаған адамды полиция тұтқындаған. Жүздеген адамға әкімшілік жаза кесілген. Ондаған адам қамалған….
Бұлай жалғаса берсе, шерулету сәнге айналып, көшпенді қазақтың ұрпағы көшенің шаңын шығаратын жалаң аяқ баланың күйін кеше бермек пе?
ҰЛТТЫҢ ҰЛЫЛЫҒЫН МОЙЫНДАМАҒАН БИЛІКТІҢ ӨРІСТЕУІ ҚИЫН
ТҮЙІН: Бұл мақаланы жазудағы мақсат шеруді қолдау емес, шеруге шығуға әуес жұрттың әуселесін байқау еді. Айналдырған 6 айда үлкенді-кішілі 100-ге тарта митинг өтуі, шындықтың көзіне тура қарасақ жақсылық нышаны емес. Атам қазақ «Бір күн ұрыс болған үйде қырық күн береке болмайды» деп бекер айтпаса керек-ті. Тап соның күйін кешіп жатқандаймыз қазір…
Нұргелді балам жазғандай, былтырғы жолдауында экс-президент Назарбаев 2019 жылды – «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынған еді. Жастарға көңіл бөлінді. Біраз мүмкіндіктер жасалатын болды деп қуандық. Үкімет жыртығымызды жамамаса да, әйтеуір көңілде бармыз дедік. Ал биыл осы бір атаулы жыл сол жыл басынан бері үздіксіз өтіп жатқан саяси процесстердің тасасында қалды.Әсілі биыл, «Жастар жылы» емес, «митингтер жылына» айналып бара жатқандай.
Жоғарыда атап көрсеткен жүзге жуық толқулардан не өзгерді? Бұл наразылық шаралары қашанға дейін жалғасады? Елде қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман тууы үшін Тоқаев билігі қандай қадамдар жасағаны дұрыс?
Халықтың арасында жүргесін түрлі пікірлерге де құлағымыз түрік, соның бірі 6 шілде күнгі шеруге қатысты. Біреудің арандатуымен заңсыз шеруге шығуды қолдаудан аулақпыз. Әйтсе де қарға тамырлы қазақтың бірін — бірі желкелеуі, бірін – бірі қудалауы жүрекке ауыр тиетін көрініс. Халық айтады: «полиция да, солдаттар да өзіміздің ұл-қыздарымыз. Биліктің өз ұл-қыздарымызды халыққа қарсы қоюы адамдыққа жатпайды.Таңертеңгі митингте болғандар неге диалогқа шықпады. Депутаттар неге халықтан қорқады? Неге шығып басу айтпайды? Тоқаевтың өзі де халық алдына шығуына болатын еді ғой. Егер де бәрін бір Әблязов ұйымдастырып көшеге шығарып отырған болса, біздің билік басындағылардың құны көк тиын болғаны емес пе? Олай болса бір Әблязов тұтас биліктің жұмысын жалғыз атқарып отырғандай болып шығады емес пе? Бұл өлім ғой. Демек, бәрі отставкаға кетуі керек қой» дегендерге не дерсің? Шерудің жауабы қарсылық танытқандарды шеттеу емес, керісінше, жанайқайына құлақ түру. Ашынған халыққа – жұмсақ мінез танытып, билік басындағылар да, оларды қорғаушылар да өз бауырлары екенін тұспалмен ұғындыру еді ғой. Біз ол межеден шыға алып жатырмыз ба? Әлде, ашулы жұртты өгей баладай шетқақпай етіп, өзімізден бездіріп жатырмыз ба? Осыны билік ойлануы керек? Егер өркөкіректікке салынып, бәрін белден басып жаншып тастаймын деу – әңгүдік шешім екенін ескерсе, бұқарамен диалог орнатып, шерленген шерушілердің де талап-тілегіне құлақ салуы тиіс!….
Сондай-ақ көптің көкейіндегі «халыққа не жетпейді. Неге шерулетуге дайын тұрады?» деген сауалға тоқталғым келеді. Бұл жерде бірінші орында әлеуметтік жағдай, күнкөріс деңгейі, жердің асты мен үстіндегі байлықты бақылау, жергілікті жұрттың мәртебесінің айқындалуы т.б жатыр. Бұлар әбден қордаланған проблемалар. Ол ушыға берсе, арты жақсылықпен бітпейді. Жер, Қытаймен арадағы байланыс, экономикалық тоқырауда сыздаған шиқан секілді өзегі шықпай әуре етуде. Одан кейін тіл мен діл мәселесі назарда болуы тиіс. Ұлттық құндылықтар әспеттеліп, елдің рухы көтерілуі — ұлы міндет. Осыларды шешу бүгінгі билікке, екінші президент Тоқаевқа үлкен сын болғалы тұр! Егер ұлттық проблеманың түйіні шешілмесе, халықтың талап-тілегі ескерілмесе, келешекте бәрі гүлденіп кетеді деуге аузымыз бармайды.
Сосын бізде өзімшіл, өркөкірек басшылар көп. Халықтың ашуын туғызатын солар. Шеруге де халықты «қол бұлғап шақыратын» олардың ақылға қонымсыз іс – әрекеттері. Содан барып билікке теріс пікір қалыптасып кете барады. Өткенді қозғасақ, пәле қуғандай алысқа кетіп қаламыз — ау. Сондықтан беріден қайырып көрейік. Мысалы Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев «Арыстағы апат үшін Қорғаныс министрлігінің кешірім сұрауына негіз жоқ. Бұл қару-жарақтардың жарылуы табиғи құбылыс»-деп соқты. Үш адамның өмірін қиған, жүздеген адам жараланған, ал Арыс қаласының үйлері қирап, адамдары түгел көшірілген алапат апатқа кешірім сұрамаған Қорғаныс министрі кімге керек? Өзге, өзін-өзі сыйлайтын дамыған елдерде мұндай оқиғаның жүзден бірі болғанның өзінде қорғаныс министрі өз еркімен отставкаға кетеді.
Жапонияның алдыңғы императоры Акихито өз халқынан Фукусимодағы АЭС тегі жарылысқа қатысты тізерлеп отырып кешірім сұрағанын әлемдік БАҚ жарыса жазды. Міне, ұлтқа адалдық, халқына құрмет! Одан императордың абыройы төгіліп, беделі түскен жоқ. Қайта атағы аспандады. Мерейі көтерілді. Мұндай мысалды жүздеп келтіруге болады. Халықты біріктіруге емес, ірітуге жұмыс жасап жатқандар көп. Осының кесірінен билікке ызалы, сынағыштар көбеюде.
Қазір қоғам патриот шенеунікке зәру. Баяғы алаш көсемі Әлихан, Ахметтер секілді тұлғаларға. Өкінішке қарай, бүгіндері шенеунік десе, бетін тілсе қан шықпайтын, алаяқ жемқор елестейтін халге жеттік. Сол стереотипті бұзатын тау тұлға табылмай зәруліктің зардабын тарта береміз – ау деген қорқыныш басым.
Жиырмасыншы ғасырдың ұлы саясаткерлерінің бірі, Сингапурдың премьер министрі Ли Куан Ю – дың мына сөзі бүгінгі билікке сабақ болса игі. «Если вы хотите победить коррупцию, вы должны быть готовы отправить в тюрьму своих друзей и семью». Мұндай ерлікке бүгінгі ел басындағы тұлғалар бара ала ма? Расында да Ли мемлекет үшін ешкімді аямапты. Жемқорлық әрекеті белгілі болған бірнеше министрді түрмеге қаматыпты. Жемқорлық ауыздалып, билік халықпен санаса бастағанда ел дамуға бет алыпты.
Сөз соңын былай түйіндегім келіп отыр. Қазақтың қамын о бастан ойлаған ойшыл ұл Жүсіпбек Аймауытов былай деген екен: «Қазақты тура жолға бастайтын да, адастыратын да – оқығандар. Оқығанын қазақ сыйлайды,соңынан ереді, қадірлейді, сенеді. Білімді, ақылды, жақсылықты, үлгіні, тәртіпті, ақиқатты, әділдікті оқығанынан күтеді. Оқыған адам қара халықтың идеалы (шырағы), бұқарасы сонша қадірлегенін оқығаны түсінуі керек. Халыққа қызмет қыла білмеген, үлгі, шырақ болуға жарамаған оқыған халықтың ықыласын қайырады, көңілін қайтарады. Халықты өзінен алыстатады, өсек арқалайды, пайдасы артық тимейді…. Естеріңізде болсын, қазақ баласына осы бастан ұлт рухын, сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбие қылу керек. Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды». Содан бері не өзгерді, айтыңыздаршы?